» » » ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗ ӨССЕ, ҰЛТТЫҢ РУХЫ ӨРЛЕЙДІ

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗ ӨССЕ, ҰЛТТЫҢ РУХЫ ӨРЛЕЙДІ

Тарихқа көз жүгіртсек Жалағаш топырағынан елге белгілі өнер иелері мен мәдениет майталмандары көптеп шыққан. Бұл өңір – діни қайраткерлердің, әулие-ишандар мен баһадүр батырдың да табаны тиген киелі жер. Олардың өміржолын зерттеп, атадан балаға ауыз әдебиеті арқыры жеткен аңыз әңгімелерді халық арасына насихаттап, қағаз бетіне түсіріп жүргендердің бірі – белгілі тарихшы, жерлесіміз Марат Шөмекей. Мәдениет саласында қызмет атқарып келе жатқан тарихшымен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

– Марат Ақмырзаұлы, он бес жылдай Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып қызмет атқарып келесіз. Жалпы, ондағы құнды экспонаттар сізге таңсық емес. Осылардың көбісі музей қорына қалай келді?
– Алдымен, баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын!
Музей іргетасының негізін қалаушылардың бірі Орынбай Сарманов деген кісі болған екен. Ең алғашқы директоры Ахмет Тілеулиев. Сол кісілердің бастауымен елден құнды экспонаттар жинақталған. Осыған орай ауданымызда арнайы экспедициялар жасақталып, алдыңғы буын ағаларымыз өлке тарихы үшін қыруар еңбек атқарды. Сол кісілермен бірге Ж.Алданазаров пен М.Қарақұлов, тағы да көптеген ағаларымыз маңдай терлерін төккенін білеміз. Музей 1999 жылдың 10 қарашасында сол кездегі аудан әкімі Қожахмет Баймахановтың №144 шешімімен жұмысын бастап кеткен болатын. Содан бері музей қызметкерлері жыл сайын жергілікті тұрғындардан, археологиялық-этнографиялық экспедициялардан жи­нақ­талған жәдігерлерді музей қорына қабылдап отырады. Қазіргі таңда музейімізде 6500-ден астам экспонат жинақталған.
– Бұл экспонаттарды қалай анықтайсыздар?
– Әрбір жұмыстың өз қызығы мен шыжығы болатынындай музей ісінің де жұмыс жасауында өз қыр-сырлары бар. Бір экспонаттың ғылыми төлқұжатын жазу үшін бірталай ізденіс керек. Мәселен, бір экспонатты толтыру үшін оның құрылымы, құрамы, материалы, жасалуы, жасаушысы, аннотациясы, өлшемі, салмағы, суреті, шыққан тегі мен жылы, тарихы, пайдаланған уақыты мен жері, осы экспонатқа қатысты тұлға жайлы мәлімет, т.т. дегендей. Бұл тек қана ғылыми төлқұжат толтыруға қатысты атқарылатын жұмыс түрі.
– Аудан төңірегінде киелі орындар мен асар төбелер көптеп кездеседі. Осылардың ішінде әлі күнге дейін зерттелмеген жер-су атаулары бар ма?
– Бабаларымыз, әрбір төбешікте тарих жатыр, деп бекер айтпаған. Әлбетте, білетінімізден білмейтініміз көп. Зерттелмей жатқан киелі орындар, жер-су атаулары өте көп. Мысалға, кентіміздің солтүстік жазығындағы Бәйбіше көлінің арғы бетін Сарыбасатты деп атайды. Бұлай аталуының сыры, ертеректе сары басты бәйге аттың Бәйбіше көлінің солтүстік тұсына суға батып кеткендігінен шыққан. Сол, бәйге тұлпар кімдікі, қай кезде болған оқиға? Осы жағы зерттеуді қажет етеді. Жалағаш, Көктонды, Қаракеткен, Мақпалкөл, Жандай, Шотан, Бөріойнақ, Айбас, Шөгірлікөл, Тобыр, басқа да топонимикалық атаулар өз зерттеуін күтуде. Міне, айта берсек бұндай мысалдар жетерлік. Кез-келген жер-су атауларының өз тарихы мен мән-мағынасы бар. Ата-бабаларымыз жер-су атауларын бекерден-бекер қоя бермеген. Сол маңның географиялық құрылымы немесе тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты дәл әрі нақты да, мағыналы етіп қойып отырған.
– Соңғы жылдары аудан төңірегінен шыққан діни-қайраткерлер, тарихи тұлғаларды және жер-су атауларын зерттеп жүр екенсіз. Нәтижесі бар ма?
– Діни-қайраткерлер мен тарихы тұлғалар туралы зерттеулер жылдық жоспар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар. Нәтижесі жергілікті және республикалық БАҚ-ында жарияланып жүр және бұл іс одан әрмен қарай да жалғасын таба бермек. Жер-су атаулары да зерттелуде.
– Өнер саласының алдыңғы буын өкілдерінен кім­дерді үлгі тұтасыз?
– Тек ауданымызда еңбек етіп жүрген азаматтарды айтар болсақ ҚР Мәдениет қайраткерлері Тынымбай Мәдиев ағамыз, Баян Төлегенова, Роза Боранбаевалар мен Рәш Отызбаева, Сафура Әбсаттарова, Роза Ерәлі, Рахым Досманов, апалы-сіңілі Қалжекеноваларды атап өтуге болады. Басқа салада жұмыс жасап жүргенімен өнер мен мәдениетімізде өз орны бар Айкүміс Орынбаева апай мен Мақсат Қарақұлов ағайдың орны мен үшін ерекше, өйткені бұл кісілердің руханияты мен өмір жолы үлгі боларлықтай-ақ.
– Жалпы, әріптестеріңіздің арасында өз ісінің майталмандарын атап өте аласыз ба?
– Өнер адамдарының жаны нәзік келетіндіктен аты-жөндерін атамай-ақ қоялық, себебі бірінің аты аталса екіншісінің кеуіліне дық түсіп жүрер. Халықтың көз алдында жүретіндіктен аудан өнері мен мәдениетіне өз үлестерін қосып жүрген әріптестерімнің еңбектерін аудан жұртшылығы жақсы біледі, әрі құрметтейді.
– Ендігі әңгімені жеке шығармашылығыңызға қарай бағыттасақ.
Драматургияға екінің бірі қалам тарта бермейді. Ал сіз көп жылдан бері осы жанр бойынша да шығарма жазып жүрсіз. Еңбектеріңіз сахналанды ма және олар қалай дүниеге келгенін айтып берсеңіз?
– Негізі, драмалық және басқа да әдеби шығармалар жазу хоббиім десем де болады. Бірақ, бұл шимайларымды жұмыстан тыс уақытта, сіздердің тілмен айтқанда, шабыт келгенде ғана айналысамын. Драмалық шығармаларды тек түннің тып-тыныш уағында болмаса басқа кездері жазу қиынға соғады.
Сахналанғандары «Қарақұм көтерілісі» мен «Партизан Тұрғанбике».
Әдепкісін жазып шығуыма түрткі болған Тынымбай ағай және сахналаған да сол кісі болатын. Бұл пьеса Ахмет Тілеулиевтің шығармасы желісінде жазылды.
Келесісі, Ұлы Отан соғысына қатысқан Тұрғанбике әжеміз жөніндегі әңгімені өз анамнан естіп өскен болатынмын. Кейін бұл кісі туралы мақала қолыма түсті. Біраз жылғы ізденістерден соң 2014 жылдың соңғы айында бұл шығарма да аяқталды. Батыр апамыздың тағдырын көпшілік қауымға паш ету мақсатында аудандық мәдениет бөлімінің келер жылғы жұмыс жоспарына қосып Жеңістің 70 жылдығында сахналанса деген ой туды. Бірақ, келер жылдың 9 мамырында бұрыннан сахналанып жүрген Дулат Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» атты пьесасы қойылмақ екен. Осы мақсатта сол кездің сала басшысы Райхан Әзбергеноваға кірген болатынмын. Кең кабинет бума-бума папкілердің ортасында қағаз жазып отырған ол кісіні көріп көңілім түсіңкіреп кетті. Себебі, жылдық есеппен миы қатып отырған басшының берекесін бұзғандай болдым. Кабинетке кіргеннен, «Отырыңыз!» – деген ишара білдіргенімен басын жұмыстан алар емес. Бес-алты минуттай үнсіз отырған соң көзілдірігінің үстінен қарап: – Қол тимей жатқанын көріп отырған шығарсыз, сол себептен нақты шаруаңызды қысқаша ғана айтыңыз?! – деді де жазуын одан әрмен жалғастыра түсті. Мына пьесаны келер жылғы жоспарға енгізіп, сахналап көрсек дегеніме, қолымдағы материалды стол үстіне қоюымды сұрады да, қолы тиген кезде оқып шығатынын айтты. Келер жыл жоспарының бекітілуіне бірер күн ғана қалған болатын, сол себептен мәселені осы жерде шешпесе кеш еді. Қатар-қатар тізіліп тұрған қыруар папкілер мен қағаздардың арасында қалған қолжазбам жоғалып немесе ұмытылып кетер деп, – Егер мүмкін болса бұл шығарманың мазмұнын ғана айтып берейін,-дегеніме. -Оныңыз да жөн, бір құлағым сізде. Тек, қысқаша ғана айтып беріңіз! –деді де қайта жаза бастады. Сонымен не керек, қысқа әңгімеміз бір сағатқа жуық уақытқа созылып, ақыр соңында бұл материал сала басшысының көңілінен шыққаны соншалықты, ол кісінің көзі жасаурап, - Әлия мен Мәншүк секілді бұндай кісі біздің ауданымыздан шыққан болса келер жылдың Жеңіс күніне міндетті түрде сахналайтын боламыз және актерлердің костюм мәселесін (неміс формасы) өзім шешіп беремін, – деген уәдесін беріп және сол сөзінде тұрған болатын. Жалпы, Райхан Қадірханқызы мәдениет саласына білім саласынан келген болатын. Қарамағындағы қызметкерлерге деген жұмыс талабы қатал болғанымен өз ісін тиянақты атқарып, саланы әділетті басқарды. Мінекей, мәдениетке, өнерге деген жанашырлық, қызмет, құрмет осындай болғанда ғана өнеріміз ешқашан сөнбек емес.
– Жалпы, шығармашылық байқауға қатысып тұрасыз ба?
– Бір мәрте республикалық және екі рет халықаралық конкурстарға қатысып, соның біреуінде ІІІ жүлделі орын бұйырды.
– Кітап оқуды да ұнатады екенсіз. Рас па?
– Әлбетте! Рамазан айында Құран-Кәрімді екі-үш қайтара оқып шығатын әдетім бар және Абайдың қара сөздерін жиі оқимын. Бұрын отандық және әлем классиктерін оқитын едік, кейін кәсіпке қатысты тақырыптар басым бола бастады. Негізінен, барша елдің әлем мойындаған жазушыларын оқып шыққан жөн деп санаймын. Өйткені, әрбір елдің әйгілі жазушысы арқылы сол елдің өнері мен мәдениетінен, әдебиеті мен тарихынан, өркениетінен, руханиятынан, жалпы тыныс-тіршілігінен хабардар болып, дүниеге деген көзқарасың мен ой-түйсігің кеңейе түседі. Жастарға, ең әуелі өз ұлтыңның қаймағынан нәр татып барып әлем классиктеріне тіс батыруды ұсынар ем.
Кей кездері қызық кітапты бір демде немесе бір күнде оқып шығасың, ал кейбір кітаптың бес-алты парағын оқымай жатып-ақ жалығып кетесің де қоя саласың. Әрбір адам өз шамасына қарай өзіне керекті, қорыта алатын дүниесін оқығаны жөн. Кейбір адамдар болады мың кітап оқығанымен рухани дүниесінде еш өзгеріс болмайтын. Себебі, оқығанын сіңдіре алмайды. Кітап оқыған дұрыс, бірақ өз сана сыйымдылығына қарай таңдай, талдай білу керек. Кейбіреулерін оқып шығып санаңа іліп аларлық дүние таппайсың. Соңғы кездері кітап жазу және сол кітаптарды мекемелерге мәжбүрлеп тарату белең алып кетті. Мұндай жинақтар кітаптың киесін қашырып, қасиетін төмендетіп жіберді. Керек кітапты, қызық кітапты адамдар сатып алып, іздеп жүріп оқиды және сол кітаптар ешқашан өз құнын жоғалтпайды. Кітаптан кәсіби, өмір тәжірибеңді толықтырумен қоса рухани дүниеңді де байыта түскенге не жетсін.
– Мына заман – бәсекенің заманы дейді. Жалпы бәсекелестікке қалай қарайсыз?
– Заман қай кезде де өзгеріссіз. Өзгеретін біз – адамдар! Себебі, заманның тыныс-тіршілігі сол заманда өмір сүріп жатқан адамдарға байланысты. Былайынша айтқанда, заман машина болса, соны басқару құралы адам қолында. Оны қалай бұрам десе де сол рульді ұстап отырған адамға байланысты бәрі. Өзі басқарып отырған көлікті кебірге әкеп батырады ма, әлде сара жолға шығарады ма, барлығы руль иесінен. Сол себепті, кінәні заманға ысырмауымыз керек.
Пікір-талассыз ғылым баянсыз демекші, бәсекелестіктің болғаны дұрыс. Бәсекелестік жоқ жерде дегредация болады. Сонымен қатар, бәсекелестік, көбінесе көреалмаушылыққа, аяқтан шалушылыққа, іштарлыққа әкеп тіреп, оның арты екі тарапты да адами құндылықтардан ада қылатыны тағы бар. Осындай қылықтардан бойды таза ұстаған абзал.
Бәсекелестік болғанын қолдаймын, өйткені, бәсе­келес­тік істі алға жетелейді.

– Кәсіби мереке құтты болсын! Сау болыңыз.

Әңгімелескен,
Н.ҚАЗБЕКОВ.
22 мамыр 2018 ж. 948 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930