» » » Сұрасаң руымды Қаракесек очерк

Сұрасаң руымды Қаракесек очерк

I

Бір сәт тарих қойнауына еніп, қазақтың атақты әншісі Мәди Бәтиұлының «Қаракесек» әнін еске түсіріп көрейікші.
«Сұрасаң руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.
Үстінде шәйі мамықтың толықсушы ем,
Жатқаным қу қара жер болып төсек,
Міндім де қара көкпен жылыстадым.
Бардым да қараөткелге жыл қыстадым,
Науқасым жанға батып жатқан кезде.
Болмады жаны ашитын туысқаным»... Иә, бұл өлең жолдарын неге еске түсіріп отыр екен деуі ғажап емес оқырман қауымның.
Оның да реті бар. Менің өз басым 43 жыл еңбек өтілімнің 21 жылында кеңестік дәуір кезінде таза партия қызметінде болған едім. Сол жылдар ішінде төрт басшымен қызметтес болдым. Олар – Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Тәкей Есетов, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сұлтан Шаханұлы Аманов, Тереңөзек және Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Қонысбек Төрешұлы Қазантаев және Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Оңалбек Сәпиев.
Бұл төртеуі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын азаматтар еді. Төртеуінің бір-біріне түрі де, жүрген жүрістері де, киген киімдері де, мінез-құлықтары да, сөйлеген сөздері де, айтқан әңгімелері де ұқсамайтын.
Солардың ішінен бұл жолғы айтпағым Сұлтан Шаханұлы Аманов жәйлі болмақ.
Сұлтекеңнің жүрегі ізгі адамгершілік пен сүйіспеншілік сезімге толы болатын. Ол халықтан шығып, барлық өмірін еліне қызмет етуге бағыштаған, жан-тәнімен адал еңбек еткен азамат, Сыр елінің сырбаз да, санаулы азаматтарының бірі еді.
Ол қашан да бітірген ісіне көңілі көнши қоймайтын. Ол өзінің қызмет атқарған кезінде көп нәрсені тындырды және де көп нәрсені тындырмақшы еді.
Оның қандай бір мәселені талқылау кезіндегі сол сала бо­йынша жан-жақты терең білімдарлығы онымен қызметтес болған барлығымызды тәнті етуші еді. Тосыннан қараған адамға оның ойлы да өткір, мөлдір қара көзі көзәйнектің астынан біртүрлі от шашатындай, кейде кейігенде қаһарлы, зәрлі ұшқын, көбіне жылы жұмсақ мейірім назар аңғартатын.
Жұмсақ қоңыр дауысы бір түрлі даналықтан, мейірбандықтан хабар беретіндей әсер қалдыратын. Отырыстарда өзін еркін ұстайтын және басқаларды да еркін отыруға шақыратын.
Қолына домбыра алып, шертіп-шертіп жіберіп «Қаракесек» атты әнді айтқанда кім-кімді болса да тамсандыратын-ды.
Сонда Сұлтекең:
– Мен Мәдидің «Қаракесек» әнін айтқанымда бойыма бір күш пайда болғандай сезінем. Мінекей, ән жолдарының өзінен-ақ оның адамды елдікке, ерлікке шақырып тұрғанын аңғаруға болады, – дейтін.
Сұлтекең осы әнді айтқан кезде тыңдаушысы әнмен бірге толқып, әнмен бірге балқып, әнмен бірге көңіл-күйін көтеріп, әнмен бірге рахатқа кенелгендерінің талай рет куәсі болғаным бар. «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын» деген нақыл сөз осындай тұлғаларға айтылса керек-ті. Өйткені, ол бірінші хатшымын деп бәлсінбей осындай отырыстарда әнді-әнге қосатын және де онысын:
«Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі
Жақсының жүрген жері ойын-күлкі», – деп аяқтайтын.

II

Мен Сұлтан Шаханұлы Амановты бұрын сырттай білгеніммен, онымен 1973-1975 жылдары бір мекемеде қойын-қолтық бірге қызмет істеуім, оның талай-талай тамаша қасиеттерін аңғаруыма мүмкіндік берген еді. Содан бері отыз жылдан астам уақыт артта қалыпты. Осы уақыт ішінде жеке адам өмірінде де, қоғам өмірінде де айтулы өзгерістер болды. Жалпақ тілмен айтқанда өмір дегенің пойызша зырғиды екен. Сол пойызбен келе жатқанда қаншама жолдар, қаншама тау мен тастар, қаншама өзен мен көлдер, қаншама ауылдар мен қалалар артта қалып жатады десеңші?! Бірақ оның бәрі есте қала ма? Әрине, жоқ. Тек өз өміріңе қатысы барлары мәңгі сақталады екен. Бұл әркімнің-ақ өмірінде кездесетін жәйт.
Сондай есте сақталған тарихи тұлғалардың бірі – Сұлтан Шаханұлы Аманов болатын. Енді сол жәйлі өмір деректерін сөйлетсек...
Бұл жерде оның кластас досы және туысы Құлмұрза Тілеуұлының да айтқандарын пайдаланудың орайы келіп тұрғаны.
Сұлтан Шаханұлы 1933 жылдың сәуір айында бұрынғы Арықбалық, қазіргі Жанқожа батыр атындағы елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Шахан, шешесі Үрім аштықты да, жалаңаштықты да бастарынан өткерген, бір үзім нанға зар болып жүргенінде көрген жалғыз жарығы Сұлтан болды. Араға төрт жыл салып, қызы Алуаны дүниеге келтірді.
Әкесі Шахан Сұлтанды жалғыз ер балам еді деп маңдайынан қақпай, еркелетіп еркіне жіберген жоқ, ертерек еңбекке баулыды. Сұлтан жастайынан өгіздің басын жетектеп, соқамен жер жыртты, масақ терді, шығыр айдады, торғай қорып, жеке меншік малдарды бақты.
1941 жылы сұрапыл соғыс басталған жылы сол кездегі «Жаңалық» колхозында бастауыш мектепке оқуға түсті. Бірінші класты бітірмей жатып, тіршіліктің тауқыметімен Қазалы қаласына көшіп келіп, оқуын әуелі №67 қазақ орта мектебінде, кейін №17 қазақ орта мектебінде жалғастырды. 1949 жылы Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумына түсіп, оны бітірместен, қайтадан мектепке ауысты, оны 1951 жылы күміс медальмен бітірді.
Жоғары оқуға баруға мүмкіндігі болмай, Сұлтан бір жылдай Тәжікстан Республикасының «Қорған төбе» деген селосындағы туыстарының қолында болып, жұмыс істеп, 1952 жылы барып Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсті. Бұл оқуды үздік бітіріп, 1957 жылы өзінің туған ауылы – Қазалы қаласына оралды.
С.Ш.Аманов 1957 жылы тамыз айынан бастап 1959 жылы мамыр айына дейін, Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумында әрі мұғалім, әрі сырттан оқыту бөлімінің меңгерушісі болып орналасты.
Ол 1959 жылы екі айдай Қызылорда облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінде қызмет істеп жүріп, 1959-1963 жылдары облыстық комсомол комитетінің екінші секретарлығына көтерілді. Артынан көп кешікпей бірінші секретары болды.
1963 жылдың желтоқсан айының 10 жұлдызынан бас­тап 1965 жылғы қаңтар айының аралығында Шиелі аудандық өндірістік партия комитетінің секретары және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды.
1965 жылы қаңтар айынан бастап 1966 жылы қараша айына дейін Жалағаш ауданында аудандық Советтің төрағасы қызметін атқарды.
1966 жылы қараша айынан бастап 1972 жылы маусым айы аралығында Қызылорда облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс жасады.
1972 жылы маусым айынан бастап 1975 жылдың ақпан айының аралығында Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші секретары болды.
1975 жылы ақпан айынан бастап 1978 жылдың қыркүйек айының аралығында облыстық партия комитетінің секретарлығына жоғарылатылды.
Осы қызметтен «білім жетілдіру үшін» деген «қамқорлықтың» арқасында Москваға, Орталық партия комитетінің жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясына оқуға жіберілді.
Оқуды үздік бітіріп, ауылға оралды. Бұрында білімінің тайыз емес екенін білген облыс басшылары «мұның терең білімінің бір жеріне түсіп кетерміз» деген мақсатпен, жоғарғы жаққа, үлкендеу қызметке жіберуге әрекет жасады.
«Біліммен жүріп зор болмайсың, беріп жүріп зор боласың» деген саясатты қаперіне алмаған Сұлтекең, аяғында терең білімінің арқасында, таяз білімділерден таяқ жеп, өзінің бұрынғы орнына да орналаса алмады.
Сол кездегі билік тізгінін ұстаған жоғары лауазымды адамдар қарамағында өзімен күш таластыратын, ашық, әділ пікірін айтатын, сауатты, білімді, іскер, талапшыл, кемшілікті бетке айтатын, қайсар, жігерлі, табанды қызметкер болса, содан ертерек құтылу үшін, қамқорлықтың да бір түрі деп, жоғарғы жаққа білімін жетілдіруге жіберетін. Ал, өздері жетілмеген білімімен ел басқарып отыра беретін-ді.
Міне, осындай солақай саясаттың құрбаны болған азаматтың біреуі осы Сұлтан Аманов болды.
Баласын оқуға аттандырып тұрып бір қария айтқан екен: «Шырағым көп оқы: не ғалым боларсың, не залым боларсың, бірақ кейін мәлім боларсың», – деп. Соған ұқсап Сұлтекең не ғалым, не залым болған жоқ. Істеген қызметімен, оның есімі облыс көлемінен әрі асып, республика жұртшылығына мәлім болды. Онымен қызметтес, дос, жолдас болған адамдар Сұлтекеңнің жолдастарына, достарына деген бауырмалдығын, жанының тазалығын, қызмет бабында принципшіл, жоғары лауазым иелеріне жағымпазданып – жалтақтауды білмейтін, қандай мәселе болса да ымырашылдыққа, туыстыққа бармай, турашыл азамат екенін баса айтады.
Сұлтан Шаханұлы осы турашыл, кемшілікті бетке айтатын мінезімен кейде басшыларға жақпай да жүрді.
Дегенмен, Сұлтекең өмірден өз орнын таба білді. «Терең» білімін арқалап Алматыға барды. Ол жердегі азаматтар түсінді. Кешіктірмей «терең білімге лайықты жер» деп республикалық мемлекеттік кәсіптік-техникалық училищеге комитет төрағасының орынбасары етіп жіберді. Кейін екі комитеттің бірігуіне байланысты республикалық халықты еңбекке тарту, орналастыру жөніндегі комитеттің бірінші орынбасарлығына ауысты.

III

Еткен еңбек, төккен тер кезінде мемлекет тарапынан өз бағасын алды да.
Соның куәсі ретінде оның кеудесіне 1966 жылы «Құрмет белгісі ордені», ал 1971 жылы екінші рет тағы да «Құрмет белгісі» ордені, ал 1973 жылдың желтоқсан айының 10 жұлдызында Кеңестік дәуірдің ең жоғарғы наградасының бірі «Ленин ордені» тағылды. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрметті экономисі» деген атаққа ие болды.
Әсіресе оның «Ленин» орденін Жалағаш ауданында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенде алғанын айрықша атауға тура келеді. Себебі, аудан 1973 жылы облыс бойынша мемлекетке күріш тапсыру міндеттемесін артығымен орындап, күріштің өнімділігінен бірінші орынға шыққан-ды. Әрине, қандай табысты да жалғыз адамның еңбегі деуден аулақпыз. Көпшіліктің қажыр қайраты дей отырып, жеке адамдардың ұйымдастырушылық рөлі мен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ауданның бірінші хатшысы ретінде Сұлтан Амановтың осындай дәрежеге көтерілуіне, құрметке бөленуіне, мемлекет тарапынан жоғары наградаға ие болуына, қазіргі заманның тілімен айтқанда оның командасындағы азаматтардың ауызбіршілікпен ұйымдасқан түрде еңбек еткенін көрсетеді. Ендеше олардың да аттарын атаудың артықшылығы бола қоймас. Олар аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы Сейтнәби Мұқашев, орынбасарлары – Темірхан Бекжанов, Мәди Әбдіраманов, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы – Қаһарман Табынбаев, хатшысы Нәзтай Сермаханова, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Ойшы Ысқақов, «Мәдениет» совхозының директоры Ұзақ Еспанов, «Жаңаталап» совхозының директоры Шатбек Ержанов, Қазақстанның «Ленин» комсомолы атындағы совхозының директоры Молдағали Сариев, «Коммунизм» совхозының директоры Мөрәлі Шәменов, «Аққұм» совхозының директоры Нағымар Назмаханов, «Калинин» атындағы совхоздың директоры Төлеген Сүлеев, «Таң» совхозының директоры Молдаш Мусаев, «Жаңадария» совхозының директоры Асанбек Оспанов, «Аққыр» совхозының директоры Қаппар Ысқақов, «Жалағаш» совхозының директоры Өмірзақ Тұңғышбаев, аудандық ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Телжан Есниязов және басқалар болатын.
Бұлардың әрқайсысы бір-бір тұлға еді. Бұлар ынтымақтастығы және халықтың қамын ойлайтын басшылар іріктелген жерде алынбайтынды алатын, еңбектің жемісін көрсете білетін күштің пайда болатындығын дәлелдеп бергендер.
Мен қызметтес болған бұл адамдардың іскерлігін, олардың аттарын атау арқылы толық аша алмайтынымды жақсы түсінемін. Алайда, ондай дәрежеге жету мүмкін де емес шығар. Бірақ, өздерінің барлық күш-қайраттарын еліне, Отанына сарқып бергендерін жоққа шығаруға болмас. Мұны айтып отырған себебім – қазіргі ұрпақ жаңарудың тетігі істеген ісіміз де, сөйлеген сөзіміз де, жүрген жүрісіміз де, берік топтасқанымыз да екендігін аздап та болса білсін деп жеткізу.

IV

Ол кезде хатшының сөйлейтін қандай да бір сөзін болмасын тиісті бөлімдер дайындайтын да, ең соңында менің редакциялауымнан өтіп барып, хатшыға жететін. Мұндай да қажет дегендердің бір данасын алып қалып отыратынмын. Осы материалды дайындау барысында жеке архивімді қарап отырғанда Сұлтекеңнің 1974 жылы мұғалімдердің август (қыркүйек) Кеңесінде сөйлеген сөзі қолыма түсті. Енді содан үзінді келтірейін:
– Ауылдағы алдыңғы қатарлы интеллигенция – мұғалімдер. Село тұрғындары мұғалімдерге қарап бой түзейді, мұғалімдерден үлгі алады, мұғалімге қарап өзінің білім, мәдениет дәрежесін өлшейді. Ендеше, ауыл мұғалімдеріне, ауыл интеллигенциясына қойылатын талаптар зор. Амал не кейде мұғалімдер арасында кір-қожалақ киінетін, сақал-мұртын алып жүрмейтін, ішімдік десе соның соңына түсіп кететін адамдар әлі де бар. Ондайлар халықты озық үлгіге тәрбиелей алмайды. Күнделікті жаңалықты біліп отырмайды, газет, журнал, кітап оқуды ұмытады. Сөйтіп өмірден артта қалады, болашақ ұрпаққа тәрбие беруде орны толмас олқылықтарға жол береді. Қазіргі кезде толғандыратын жәйлардың бірі – осылар! – деген еді.
Ол кезде басшылардың көпшілігі сөзді жазып алып сөйлейтін. Ондағы негізгі мақсаты – айтайын дегенін әрі қысқа, әрі нұсқа етіп сөйлеп, алтын уақытты босқа жібермеу еді. Сұлтекең де сондай басшылардың бірі емес, бірегейі тұғын.

V

Сұлтан Аманов жайындағы мақалада оның кісілік келбетін, адамгершілік қасиетін айтпай өту мүмкін емес. Ол туралы ләм-лим демеу тіптен күпірлік сияқтанады. Бұл адамның бауырмалдығы мен мейірмандылығында шек жоқ десе болғандай. Турасын айтқанда, ол кең пейілді, қайырымды, досқа бүкпесіз, ашық та адал, дұшпанына ымырасыз, қатал да әділ, әлсіздерге басынып кеуде көтермейтін, күштілерге бағынып бас имейтін, өзін көзінше мақтағанды, өзгені сырттан даттағанды ұнатпайтын, айқайлап дауыс көтермейтін, үні майда сөзі маңызды, сөйлескен адамын еріксіз өзіне баурап алатын дарын иесі еді.
Қолында билік тұрған кезінде жолдас та көп, дос та көп болады. Жасы үлкен аға болсын, жасы кіші іні болсын, бәрі-бәрі айналаңа топтаса түседі. Олардың бәрі де қымбат, бәрі де қадірменді болып көрінеді. Елпілдегенде етек-жеңіңді көтеріп жүреді, қабағыңның қимылына қарап қозғалатын болады. Бертін келе, қиын-қыстау, тар кезеңдерде олардың да қатары азайып, сиреп достық көңілдерін суытпағандар ғана аракідік кездеседі. Бұл өмірдің жазылмаған заңдылығы. Сондықтан да оған өкінуге болмас.
Осы орайда бір кездері қолында үлкен билік тұрған кезде, Сұлтан Амановтың аялы алақанынан талай азаматтардың үлкен өмірге жолдама алғанын айта отырып, оның қарымын қайтарған кадрлардың да бар екенін айтсам, оның әруағы риза болар деген ойдамыз.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деген. Иә, енді оның түйін жағына келейік. Біз айтқан «өткен-кеткен» әңгімелерге қызығатындар да, қызықпайтындар да болуы мүмкін. Ой деген бірін-бірі қозғайтын энергия көзі сияқты ғой. Асылы өмірдің өзі адамдардың ой жарысы, өсу жарысы сияқты.
Ауданды басқарып тұрған кезінде Сұлтан Аманов өзінің тікелей қолдауымен бір топ жас мамандарды өсу жарысына қосқан-ды. Мәселен, Өмірзақ Тұңғышбаевты – Жалағаш совхозына директор, Садық Әлиевты – аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігіне бастық, Зордан Салықбаевты «Жаңадария» газетіне редактор, Көптілеу Тоқсановты – «Аққыр» совхозына партком секретары, Балғабай Имашевты – аудандық ауылшаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына, Ғазиз Ержановты – жол жөндеу мекемесіне бастық етіп жоғарылатқан-ды.
Әрине, бұл тізімді одан әрі тізбектей берудің қажеті бола қоярма екен деген тоқтамға келдік. Уақыт бірінші хатшының кадр таңдауда қателеспегендігінің жоғарыда аты аталынған азаматтардың өмір жолдары дәлел бола алады. Бір сөзбен айтқанда, Сұлтекеңнің тәрбиелеген кадрлары сол дәуірдің белді азаматтары, білікті басшылары болып өсті. Шаруашылық, аудан, облыс, тіпті республика деңгейіндегі жауапты қызметтерге көтерілді.
Мәңгілік өмір жоқ. Адамның ғұмыры қанша болса, соншалықты тіршілік ағымындағы сан түрлі оқиғалардың куәсі боларың даусыз. Өмір болған соң жақсыны да, жаманды да көресің. Сұлтекеңнің сенім артқан інілерінің бірі Балғабай Имашев кезінде оған былай деп өлең жолдарын арнаған-ды:
«Өмір-өзен тулаған, орынды ағын,
Тағдырдың мен көрмедім бағынғанын.
Сұлтеке, елден шалғай кеттің бе алыс!?
Туған жер, өскен елден табылмадың...
Сұлтеке, жан едіңіз сырың бөлек,
Жастарға сенім арттың елден ерек.
Рухыңмен жатсың ба, Асыл аға?
Сыр мінез Сырдың елін желеп-жебеп».

VI

Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды, жақсылықтың бәрі үлкен, өйткені, ол ұлы істің ұшқыны, адам жүрегіндегі асыл адамгершіліктің көрінісі.
Сұлтекең жастайынан қызметке араласып, жақсымен де, жаманмен де, көкірегі соқыр қорқаумен де жолдас болды.
Кейбір бастықтардың, шалқасынан туған ай сияқты өзіне жайлы болғанымен, өзгеге жайсыз болғанын да көріп жүрді. Осындайларды көріп жүріп, шындықты шыжғырып бетке басып айтқан ол талай рет таяқ та жеді. Бірақ, онан еш беделі түскен жоқ.
«Өмір деген тәтті у, тойғаныңша ішесің, талай жанмен тартысып, шалқаңнан бір түсесің, өмір күрес жұлқынып андысумен өтесің, қанша тойдым десең де, арманда боп кетесің» деп бұрынғылардың айтқаны айна қатесіз сенің басында болды.
Әңгіме өзегі болып отырған Сұлтан Шаханұлы біреудің ығына жығылмайтын, адамды бірінші рет кездестіріп тұрса да шындықты бет жүзіне қарамай айтатын. Еңбекқорлығы мен жұмысқа жауапкершілігі жағынан өзгелерден оқшауланып тұратын, бастаған ауқымды істердің тезірек бітуіне асығатын. Жастарды тәрбиелеуге аса мән беретін. Қазақ елінің тектілігін мақтан ететін.
Көңілі даладай дархан, пейілі дариядай шалқыған Азамат еді. Әңгіме арасында Сұлтекең әкеден жалғыз екенін айтып отыратын еді. «Артыңда інің, алдыңда арқа сүйер ағаң болғанға не жетсін» дейтін-ді. Құдайға шүкір, жұбайы Лиза екеуі 36 жыл бірге өмір сүріп, үш қыз, бір ер бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Мұраты – Алматыда техникалық училищенің директоры, қызы Алма – Қарағанды қаласында мектеп директоры, Айнасы – Алматы қаласының әкімшілігінде сектор меңгерушісі, Анары республикалық кітапханада бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
Туған ауыл, кіндік қан тамған жер кімге болса да ыстық, жаныңа жақын тұрады. Соның белгісі ретінде туған жері оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 1998 жылы Қазалы қаласындағы өзі тұрған, балалық шағын өткізген үйдің көшесіне Сұлтан Аманов аты беріліп, ескерткіш орнатылды.
Менің өмірімнің тұтас бір үлкен кезеңі аудандық партия комитетінде, оның қабырғасында өтіпті. Сұлтан Аманов жайлы толғаныс мақала жазуымның өзі соның бір дәлелі іспеттес. Ал аудандық партия комитеті дегеніміз сол тұстағы билікті ешкіммен бөліспейтін, бүгінгі әкімшіліктің атасы мен анасы деуге болады. Әрине, қоғамның бір орында тұрып қалмайтын жансыз дүние еместігіне тарих куә. Ол әрдайым өзгеруімен, дамумен даралану сияқты кезеңдерді бастан кешіреді. Бүгінде біздің еліміз көршілес елдерге қарағанда даралану сатысына түсіп, әлемдегі бәсекесі жоғары, өркениетті 50 елдің қатарына қосылу бағытында тіршілік кезеңін бастан кешіруде. Оған біздер – алдыңғы буын ағалар куә болғанымызға мақтаныш сезіммен шүкіршілік етеміз.
Жаңа дәуірдің, жаңа заманның, өркендеуіміздің, елдігіміз бен егемендігіміздің бүгінгі ұрпақтың пешенесіне жазылғандығына олар мақтаныш сезіммен қарауға тиіс.
Бүгінде алдыңғы буын ағалар – біздер болып қалдық. Олардың әрқайсысының өмірі өзгеше бір ғажайып құпия. Оның ар жағында он тоғызыншы ғасырда туып, елдің тұлғалы азаматтары атанып, өздерінің өмірлерімен тарихты жасауға үлестерін қосқан біздің тұрғыластарымыздың бірсыпырасы бүгінде арамызда жоқ. Олар жайлы айту, айту емес, жазба түрде дерек қалдыру біздің үлесімізде. Сол борышты, сол аманатты атқару мақсатында Сыр топырағының түлегі Сұлтан Аманов жайлы және осы сияқты тұлғалар туралы сыр шерту, олардың азаматтылығының әр қырынан сынаптай болса да бүгінгі ұрпаққа айтып беру қиынның қиыны екеніне дүйім жұрт мән бере бермеуі ықтимал. Бірақ, мұны қалай болғанда да біреу атқаруы тиіс. Өмірдің осындай сәтінің азды-көпті менің үлесіме тиюі, олар жайлы білген деректерімді айтуым, олармен үзеңілес еңбек етуден ғой деймін. Ендеше, әр нәрсе өз дәуіріне қарай сипатталады деген тұжырым осындай негізден туса керек.
Алайда, менің осы айтқандарымның ішінде қалдырып кеткен жерлерім болса, оны қызметтес болған азаматтар айта жатар. Әзірге осы, ағайын!

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

28 мамыр 2018 ж. 1 745 0