» » » ЗАҢ АЛДЫНДА АЛТЫН БАСЫҢ ИІЛСІН

ЗАҢ АЛДЫНДА АЛТЫН БАСЫҢ ИІЛСІН

Тарих қатпарларындағы жаңғырыққа құлақ түрсең, ежелден-ақ қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін реттеуші өз заңы болған, өмір сүру қағидасы қалыптасқан. Одан беріде Әз Тәукенің "Жеті жарғысы", "Қасымханның қасқа жолы", "Есімханның ескі жолы" секілді байырқалы байтақта татаусыз тіршілік кешкен бабаларымыз негізін қалаған Дала Заңы бүгінгі Ата Заңымыздың алтын бастауы болатын. Сол кезеңдердің өзінде өздерінің өмір сүру қағидаларына қарай қабылдаған Дала Заңы көшпенді халықтың ішкі саяси, әлеуметтік ахуалының тұрақтылығы жолында қалтқысыз қызмет қылды. Тиісінше, жалпы халықтың қай өкілінің де Заңға деген құрметі жоғары болды. Өйткені, қарқарадай хандар мен "туғаны жоқ тура билер" қабылдаған Дала Заңы қашанда халықтың қорғаны болды. Тентек пен теліні тезге салып түзетті, елбұзар бұзақылардың әділ жазасын беріп, ел ішіндегі өзара татулықты, тыныштықты, бірлікті сақтады. Сол бабалар жолы, халқымыздың ұстанған қағидасы бізді бүгінгі тәуелсіздікке жеткізді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң 1993 жылы 28 қаңтарда ең алғашқы Конституциясын қабылдады. Одан екі жыл өткен соң, 1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді.
Контитуция дегеніміз – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң. Конституция бүтін мемлекетіміздегі халықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата Заң аясында алтын дала Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, әр түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуы жөнінен үлгі болып отыр. Ата Заңымыз – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуының, тәуелсіз еліміздің өркендеуінің кепілі, әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің айшықты құжаты. Сондықтан Қазақстан Республикасының қай азаматының да Ата Заңымызға деген құрметі ерекше болуы тиіс.


Гүлзия БАЙКЕНЖЕЕВА,
Жалағаш аудандық сотының бас маманы.
30 тамыз 2018 ж. 876 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930