Қазақстанның тұңғыш омбудсмені Болат Байқадамов өмірден озды
20 қыркүйекте түнде Қазақстанның тұңғыш омбудсмені Болат Байқадамов дүние салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Азаптауларды болдырмаудың ұлттық алдын алу тетігінің хатшысы Сәуле Мектепбаева Facebook желісінде мәлімдеді.«Түнде қазақстандық тұңғыш омбудсмен, менің алғашқы бастығым, ұстазым және жай ғана тамаша адам Болат Кенжекешұлы мезгілсіз дүниеден озды», – деп жазды Мектепбаева.
Болат Байқадамов 1946 жылы 3 ақпанда Талдықорған облысы Қоғалы аулында дүниеге келген. Ол ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына «Бірлік» саяси партиясының атынан үміткер болған. 2013 жылдан бері «Бірлік» партиясының төрағасының орынбасары болды. 2009-2013 жылдар аралығында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Парламентаризм институтының директоры қызметін атқарды. Сонымен қатар ол ҚР президенті әкімшілігінде қызмет еткен, ҚР президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі (2007-2009) болған.
Байқадамов 2002-2007 жылдар аралығында ҚР адам құқықтары бойынша уәкіл болды. Оған дейін ол 2 жарым жыл көлемінде ҚР президенті әкімшілігінің ішкі саясат, қоғамдық-саясат бөлімдерінің басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Stan.kz