» » » Алаш арысы ардақталды

Алаш арысы ардақталды

Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің бағамдауынша, қазақ театрының атасы атанған Темірбек Жүргеновке арналған халықаралық театр фестивалін өткізуге қол жеткізу «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қорының негізгі мақсаттарының бірі болатын.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Театрлар Ассосациясының ұйымдастыруымен, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 2018 жылдың 30 қазаны мен 6 қарашасы аралығында Талдықорған қаласында Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалі өтті.
Фестивальдің алғашқы күні Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа ғимаратының лентасы қиылып, театр өз шымылдығын М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымымен ашты. Спектакльде Талдықорған театрының барлық труппасы бой көрсетті.
Көрнекті қоғам қайраткері Темірбек Жүр­геновтің 120 жылдығына арналған фес­тиваль заманауи жаңа технологиямен жаб­дық­­талған театр ғимаратында ашылды. Ха­­лық­аралық фестивальге Түркия, Баш­құрт­стан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғыз­стан­ның және Қазақстанның алты театр ұжым­дары қатысты. Қазылар алқасына КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Сонымен бірге, қазылар алқасында театр және кино режиссері, профессор, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, Тәжікстан өнер академиясының және «Жаңа дәуір» әлемдік өнер академиясының академигі Абдугаффор Абдужабборов, Әзір­байжан Мемлекеттік университетінің про­фес­соры Исрафил Исрафилов, Қырғыз Рес­­­пуб­­ликасының еңбек сіңірген өнер қай­рат­­кері Нұрлан Абдықадыров, өнертану ғы­лым­дарының докторы, Замануи грузин театрын зерттеу орталығының бас директоры Лаша Чкхартишвили және Халықаралық театр­ сыншылары ассоциациясының мүшесі, М.О.Әуезов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Анар Еркебай болды.
Аталған фестивальге Алп Арслан атын­­дағы Түркімен Ұлттық жастар театры Н.Реджеповтың «Кероғлы және Агаюнус» спектаклімен, М.Гафури атындағы Баш­құрт мемлекеттік академиялық драма ­театры­ Т.Миннулиннің «Я, сотворил тебя...» қойы­лымымен, Хасан Ажар өндірістік театры (Түркия) Н.Хикметтің «Пирайе» спектаклімен, Б.Қыдыкеев атындағы Қырғыз Мемлекеттік жасөспірімдер театры С.Досанов, М.Ааматов­тың «Қасқыр ұлыған түн» спектаклімен, Сырдария облыстық музыкалық театры (Өзбекстан) Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымымен және Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» комедиясымен, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» спектаклімен, Н.Бекежанов атындағы Қызыл­орда облыстық қазақ музыкалық драма театры Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасымен, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры М.Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясымен, «Театр – 28» ұжымы Г.Бюхнердің «Войцек» спектаклімен және Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» қойылымдарымен қатысты.
Фестивальге қатысқан әрбір қойылымның айтар ойы, спектакльдердің тұтастығы, актерлік ансамблі қазылар алқасы тарапынан жоғарғы бағаға ие болып, толымды пікірлер айтылды. Өнер додасының қорытындысы бойынша «Өнер мен мәдениетті қолдау қорының» арнайы сыйлығымен Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, үздік актерлік ансамбль номинациясымен М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының актерлері Гүлмира Исмагилова мен Фиргат Гарипов марапатталса, Халықаралық фестивальдің Гран-При «Ең үздік спектакль» номинациясын «Театр 28» ұжымы «Войцек» спектаклі үшін Мәдениет және спорт министрлігінің 1500.000 теңге жүлдесін иеленді.
Ал, халықаралық театр фестивалінің тақырыптық айнасын ашқан Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасын сахналаған Қызылорда облыстық музыкалық драма театры (көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір Темір) үш бірдей номинацияға қол жеткізді. Театр ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясын иеленіп Алматы облысы әкімінің 1000.000 теңге, Жүргеновтің әкесі Қара ролін сомдаған Бақытбек Алпысбаев «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясы бойынша 250.000 теңге және негізгі кейіпкер Темірбек Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін Сырым Әбдразақов 300.000 теңге сыйақымен марапатталды. Спектакль қойылымын көруге келушілер саны театр сыйымдылығынан артып кетті. Театр залында бос орын қалмай көрермендер қойылымды залдың екі қабырға бойында тікесінен тік тұрып көрді. Екі жылдан бері қойылып келе жатқан осы спектакль толық жетілгендігін дәлелдеді. Спектакль аяқталған сәтте танымал режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханов бүкіл көрермендерге естірте: «Темірбек тірілді, өлгенің тіріліп, өшкенің жанды деген осы!», – деп тебіреніп, Темірбекті сомдаған актердің иығына шапан жапқызды. Осы қойылым алдында мені және Темірбек Жүргеновтің туған-туыстарын сахна төріне шақырып қысқа ғана тілек айтуға мүмкіндік жасады. «Бұл символикалық сәйкестік», – деп бастады сөзін Жетісу елінің қызы, Т.Жүргенов елінің келіні Салтанат Тұрғанбаева-Көпбаева. Оның әкесі Қыдырма Көпбаев пен анасы Қазақстанға еңбегін сіңірген әртіс Кашифа Көпбаевалар Жетісудың тумалары. Олар 1947 жылдан Талдықорған театрында қызмет еткен, анасы Кәшифа театрдың директоры әрі режиссері болған. Осы шарада Салтанат сіңілісі Маралмен сахнаға шығып, ата-анасының өздерінде сақтап жүрген құжаттарын Бикен Римова театрына мұрағат есебінде табыстады.
6 қараша күнгі фестивальдің жабылу салтанатына аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың арнайы құттықтауын Жалағаш ауданының әкімі Қ.Сәрсенбаев жеткізіп, 1 000 000 теңгелік сертификатты Башқұртстан театрына, Темірбек Жүргеновтің бейнесі салынған портретті Бикен Римова атындағы театрдың жаңа ғимаратына тарту етті. Ал, осы жолдардың авторы Т.Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы 500 000 теңгенің сертификатын Түрікменстан театрына табыстады.
Репрессия құрбаны Темірбек Жүргеновтің рухына құран бағыштап, қоғамдық қордың атынан дұға дастарханын жайылды. Бұл діни рәсімге Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының мүшелері, фестивальге қатысушы Орталық Азия елдерінен келген өнер ұжымдарының өкілдері түгел қатысты. Дұға дастарханында, басқа да фестивальдің ашылу, жабылу салтанаттарында Асанәлі Әшімов Темірбек Жүргеновтің өнер мен білім саласын жүйелеудегі, әсіресе, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Мәскеудегі 1956 жылғы алғашқы онкүндігіндегі ерен ұйымдастырушылық еңбегін ерекше ілтипатпен еске алып, үнемі айтумен болды. Абыз ағамыз, осы кезге дейін біз біле бермейтін мынадай дерек айтты: Манарбек Ержановтың «Тәңірберген Молдабай, малға жарлы болғанмен, айтар сөзге, тілге бай», – деп келетін «Паровоз» әні мәтінінің алғашқы нұсқасында «Қазақ өнерінің паровозы – Темірбегім», – деп келетін қос тіркес болғанын елдің есіне салып елжіреп, көпшіліктің көңілін толқытты.
Театр фестивалінің жабылу салтанатында А.Әшімов: «Бір аптаға созылған фес­тиваль – еліміздің театр өнеріне ерекше серпін беріп, мемлекетіміздің мәдени кеңістігінің тарих беттеріне жазылып қалды. Фестиваль Қазақстан, Орталық Азия елдері және түркітілдес мемлекеттері кәсіби театр ұжымдарының ең үздік қойылымдарын көпшілікке ұсынып қана қоймай, шетелдің озық мәдениетімен танысуға және ұлттық өнерді әлемдік аренада танытуға зор мүмкіндік берді, - деп атап көрсетті.
Орталық Азия елдеріне ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтің Жетісу төрінде ұлықталуы қайраткердің 120 жылдығын атап өтудегі ең бір ауқымды, оның халықаралық деңгейде насихатталуына, танылуына себепкер болған игі шара болды. Ендігі мақсат Темірбек Жүргеновке арналған көркем фильм жасату. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен «Қолыңызда дайын сценарий болса «Қазақфильмнің» жоспарына енгізейік», – деген жауап алдым. Алайда, сценарий жазатын кинодраматургтермен байланысып, қаражаттың болмауынан ретін келтіре алмай жүрген едім. Осы жылы мамыр айында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында қоғамдық қордың аталған оқу орынымен бірлесіп өткізген жазба ақындар мүшәйрасы мен көркем әңгімелер байқауында «Темірше» деген әңгіме жазып, бас жүлдені иеленген жазушы, әдебиет сыншысы Айгүл Кемелбаевамен жолығысып, ол кісінің қайраткерге арнап көркем фильмнің сценарийін жазу ниеті бар екенін құп алдым. Осы мақсатта материалдар жинақтап, зерттеу, зерделеу жүріп жатқанын Т.Жүргеновті ардақ тұтар ағайынды хабардар еткелі отырмын.
Фестиваль аясында 1-2 қараша күн­дері Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мем­лекеттік университетінде (Талдықорған) және Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Халықаралық ғылыми конференцияда «Ұлттық өнер мен әдебиеттің қалыптасуы мен дамуындағы Темірбек Жүргеновтің бірегей тәжірибесі», «Қазақстан мен Орта Азиядағы білім беруді, мәдениетті және өнерді ұлттық сананың кемелденуіндегі бірегей тәжірибе ретінде жаңғырту» және «Қазақстан мен Орта Азиядағы тарихи-мәдени және білім беру моделінің реформашысы ретіндегі Т.Жүргенов қызметінің мәні» атты тақырыптық мәселелер қамтылды. Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры міндетін атқарушы, профессор Шәріпбек Әмірбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инститиуты директорының орынбасары, профессор Сайын Борбасов, М.Ұлуғбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Замира Ишанходжаева, Ресей-Тәжік славян университетінің кафедра меңгерушісі, доцент А.Артықов, Темірбек Жүргеновтің туысқандары, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының доценті Б.Иманғалиев қатысты. Осындай үлкен ғылыми басқосуда Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында кеңінен сөз болды.
Конференцияда алғашқы баяндамашы болып сөз алдым.
Темірбек Жүргенов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ақталғанына 60 жылдан асса да, қазіргі ғылым мен технология дамыған заманда әрқайсысының сүйектері жеке дара сарапталып, жер қойнына ислам шартымен әлі тапсырылған жоқ. Алаш арыстарының ресми бейітінің болмауы біздің мемлекеттігімізге, қала берді тәуелсіздігімізге өзге мемлекеттер мен ұлттар алдында үлкен сын.
Екінші дүнижүзілік соғыста опат болған миллиондаған жауынгерлердің ормандарда, батпақтарда немесе окоптарда қалған сүйектері жер қойнына табысталып мәрмәр тастарға есімдері жазылып жатқаны белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп атап көрсетті. Осы міндет тұр­ғысынан қарағанда, Алматы қаласының маңындағы «Қандысайда», «Жаңалықта» жатқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ақ кебінге оралмай, жаназасы оқылмай алғашқы көмілген (жерленген емес) жерінде жата беруі, яғни белгіленген зираты болмауы ұлт мойнындағы қарыз. Бұл бағыттағы жұмыстардың атқарылуы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі немесе облыс әкімдеріне жүктелуі тиіс деп ойлаймын.
Сол зұлмат жылдары қазақтың қаймағы саналған арыстардың бауырлары мен ұрпақтары жария түрде аза тұтып, аналары мен жарлары қара жамылып жоқтау айтып, кеудесіндегі шерін де ақтара алмады. Арымызға әруақтардың аманаты іспетті артылған қастерлі парыз атқарылса, атылып кеткен арыстарымыздың рухына тағзым жасағысы келген туған-туыстары мен ұрпақтары үшін, жады мен зердесінен өшіре алмай жүрген зиялы қауым үшін, жалпы халық үшін сауапты іс болар еді.
Аталған қордың тарапынан Конференция тұжырымдамасына: Келесі 2019 жыл – Қазақстанның Өзбекстандағы жылы. Осыған байланысты Т.Жүргеновтің Қазақстанның Түркістан республикасындағы тұрақты, өкілетті өкілі, Ташкентегі Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1930-1933 жылдарғы Өзбекстанның халық ағарту комиссары қызметтері барысындағы еңбектерін жинақтап өзбек және қазақ тілінде кітап етіп шығарып, Өзбекстанда тұсаукесерін өткізу, ғылыми конференция және Қызылорда театрының «Нарком Жүргенов» спектаклінің қойылымын ұйымдастыру жайлы және басқа да ұсыныстар енгізілді.
Асанәлі Әшімовтің бекзат болмысына, тектілігіне, қажыр-қайратына таңғалдым. Қазылар алқасының төрағасы ретінде ол кісі ешбір демалыссыз он күн бойы тәулігіне 8-10 сағаттан жұмыс істеп отырды. Т.Жүргенов қоғамдық қорына деп, қолтаңбасымен үш кітабын сыйға тарты.
Аталған шаралардың әсерінен болуы керек, Алматыдағы Ұлттық кітапханадан, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан, телеарналардан сұқбат жүргізуге, дөңгелек үстел өткізуге, еске алу шараларына қатысуға ниет білдерген ұсыныстар толастар емес. 7 қараша күні Ұлттық кітапханада болған еске алу шарасына Т.Жүргеновтің туысқандарымен бірге қатыстық. Еске алу шарасының әсерін арттырған Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Сахна тілі» кафедрасының профессоры, режиссер Дариха Тұранқұлқызының жетекшілігімен студенттер тобының «Жазба ақындар мүшәйрасындағы» жыр шумақ­тарынан жасалған композициядан үзінділер болды. «Темірбек Жүргенов» деректі фильмнің авторы Еркін Рақышев фильмді жасау барысында Мәскеу мен Алматы қауіпсіздік органдарының мұрағат құжаттарынан алынған қарапайым жанның қолы жете бермейтін құнды деректер сырын ашты. Әрбір шара өткен сайын Темірбектің санқырлы қайраткерлік болмысы айшықтала түсті. Т.Жүргеновке арналып Жалағаш ауданы әкімдігінің демеушілігімен шығарылған Мардан Байділдаевтың жеке архивінен алынған «Зерттеулер, мақалалар, естеліктер» жинақталған кітаптарды табыс еттік.
Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың жұмыс істегеніне биыл бес жыл болды. Осы жылдар ішінде Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында болып, қайраткерді ұлықтау шараларына қатысудың ретін келтіре алмай жүретінмін. Оның да реті келейін деп тұр. Ырғыз ауданының әкімі Мәди Қанатбайұлы Елеусізовпен Абзал Мұхимов бауырым байланыстырып Темірбек Жүргеновке арналатын шараның қандай нұсқада ұйымдастырылуы қажеттігін пысықталуда.
Темірбек Қараұлы Жүргеновті ұлықтауды Түркі елдерінің мәдени байланыстыры жөніндегі халықаралық ұйым «Турксой» аясында аталып өтілуіне қол жеткізсек деген жоспарымыз бар. Алла сәтін салғай.

Сәпен Аңсатов,
«Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы.
04 қаңтар 2019 ж. 849 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930