» » » КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛҒАН ТЕАТР

КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛҒАН ТЕАТР


Адамдарға теңіздің түпсіз тұңғиығындай мүлдем өзгеше әлемге шығуына мүмкіндік беретін асыл қасиет ол – өнер. Өнер арқылы уақыт пен кеңістіктен қара үзіп, қалаған бағытына құстай ұшып, арман биігінде еркін самғай алады. Адамның сезімдерін шынайы болмыспен ұштастыра оты­­рып, ұлы мақсаттардың шыңдарын, тереңнің тереңін нұсқайтын да – өнер. Жер бетінде өнер деген құндылық болмағанда біз адам қолынан туып жатқан таңғажайып туындылардың біріне де куә болмас едік. Мәдениеттің, өнердің парқын білетін қазақ халқы өнер десе ішкен асын жерге қоятын болған. «Өнерліге өріс кең» дейді халық. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Халық» театры да өмір бейнесін өнермен ұштастырып, көрермен көзайымына айналып отыр. Сонау 1971 жылы драма үйірмесі негізінде құрылып, сол кезден бастап-ақ түрлі тақырыптағы спектакльдерді, қойылымдарды сахналап, байқауларға да қатысып топ жарып үлгерді. Алғаш рет Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», Қ.Ысқақовтың «Арыстанбайдың Мұқышы», «Дайрабай», «Құрымбай және басқалар» атты спектакльдерін сахналап, үнемі ізденіс үстінде болды. 1997 жылы театр ұжымы Қазалы ауданында өткен халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық байқауында С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» спектаклін сахналап, бас жүлдені жеңіп алып «Халықтық» атаққа ие болды. «Халық» ­театрына 2017 жылға дейін режиссерлік еткен Әсет Шілдебаевтың да еңбегін айтпай кету мүмкін емес.

Қазіргі таңда мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі қызметін атқаратын Әсет Тыныштықұлының айтуынша, өнер жолын таңдауына нағашы әжесінің бойындағы қасиеттің даруы болса керек. Кешегі атақты Кенен Әзірбаев, Манап Көкенов сынды шайырлармен сөз қағыстырған, Сыр бойына белгілі ақын-жырау Әбілда Жүргенбаевтың туған қарындасы Зәру әжесінің өнерге деген сүйіспеншілігі өте жоғары болған екен. Иә, бойдағы талант, киелі өнерге деген сүйіспеншілік адам баласын қараңғыда қалып қоймай, жарық жұлдыздай жануы­­на, халықтың қалаулы азаматы болуына жетелейді. Жылдар бойы театрдың өнерсүйер қауымға мәнді де мағыналы қойылымдардың, рөлдерді сомдайтын әртістердің жоғары деңгейде өнер көрсетуіне бар күш-жігерін салған. Ал, бүгінде сол кездегі драма үйірмесі, бұл күнде «Халық» театрының көзі қарақты көрерменнің ыстық ықыласына бөленуіне бірден-бір себепкер болып жүрген театрдың режиссері Қуантқан Мысатаев та мәдениет саласында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген азамат. Кез келген драматургтің шығармасы не мықты, не әлсіз болуы мүмкін. Мықты дүниенің мүмкіндігі төмен болып, ал, әлсіз шығарманың шырайланып шыға келуі режиссерге тікелей байланысты. Өйткені, ол автордың шығармасына қан жүгіртіп, жан бітіреді. Ең бастысы, мықты режиссер көрермендерді разы қылып, өнерге, өмірге деген құлшынысын оятады. Осындай мықты режиссердің, әртістердің кәсібилігінің арқасында әлі күнге дейін бұл өнер ұжымы аудан жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, түрлі жанрдағы спектакльдерді сахналауда, мерекелік шаралардың жоғары деңгейде өтуіне жұмыс жасап келеді. Театр әртістерінің сомдауымен әр жылдары Қ.Мұхамеджановтың «Осылай да кездесу болады» қойылымын, Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясын, Қызылорда облысының құрылғанына 70 жыл, Қызылорда қаласының 190 жылдық мерейтойы қарсаңында С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» екі актілі драмасын, бертін келе Т.Ахметжанның «Бозторғай», «Аман бол, Ақжайлау» трагедиясын, С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», Ә.Тәжібаевтың «Майра», М.Шөмекейдің «Партизан Тұрғанбике», Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасын, өткен жылы Ә.Тәжібаевтың «Той боларда» атты 2 актілі комедиясының премьерасы, режиссер Б.Ұзақовтың «Жан дауа» психологиялық драмасы, драматург, аудармашы Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» комедия­­сы секілді көптеген спектакльдерді көрермен назарына ұсынып жүр. Өмір мен өнерді бір арнада тоғыстыра білген халықтық театр ұжымының жетістіктері де аз емес. Сонау 1999 жылы «Театр көктемі» фестивалінде С.Шаймерденовтің «Дөкей келе жатыр» спектаклін қойып, театр өнерпаздары Н.Шыналиев «Ең үздік ер адам», Қ.Бегімсалов «Ең үздік көркемсурет» номинацияларымен марапатталған. 2001-2005 жылдары Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Қ.Ысқақовтың «Охран бастығы» комедиясын, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» драмасын, Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» қойылымдарын сахналаған Т.Мәдиев ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрмет грамотасының иегері атанған. Мұнан бөлек, 2006 жылы «Өнер жылы» аясында ауқымды жұмыстар атқарған театр ұжымы «Ең үздік режиссер-қоюшы», «Ең үздік суретші-декоратор» номинацияларына ие болған. Сондай-ақ, «халық» театры 2016 жылы «Театр көктемі» атты халық театрларының облыстық байқауына қатысып, осы ұжымның жас әртісі Д.Ахметов «Үздік ер» номинациясымен марапатталған.
Қарап отырсақ, қырық бес жылдан аса тарихы бар, өзіндік жүріп өткен жолы бар өнер ұжымының қазақтың киелі сахнасында алатын орны ерекше. Театрды бір адам жасамайды, театр өнері – ұжымдық өнер. Өнер – халықтың ең үлкен рухани азығы екенін ұғынған театрдың әрбір мүшесі ауданның мәдениет саласының дамуына үлес қосып келеді. Бүгінгі күні Қ.Мысатаев жетекшілік ететін ұжым өте талантты, кәсіби шеберлігі мол жаңа толқын жас буынмен толығып келеді. «Халық» театрының әртістері автордың айтар ойын, шығарманың көздеген мақсатын дөп басып, түйінін тарқата біледі десем де болады. Өйткені, аудан жұртшылығы әртістердің өнерін көруге асығып тұрады. Театр өнерпаздары сахналаған бірнеше спектакльге қатысып, талантын өнермен ұштастырған әртістердің актерлік шеберлігіне де, сахна мәдениетін сақтаудағы біліктіліктеріне де, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына да куә болғанбыз. Өздеріне берілген кейіпкердің портретін аша білетін әр өнерпаз көрерменнің өнерге деген қызығушылығы мен құрметін арттыра түскенін анық аңғаруға болады.
Жалпы, қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Бұл салаға кез келген жан келе бермейді, халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген адам болуы тиіс. Жеңіл ойлы адамға жұмысы оңай көрінетін бұл салаға қызығып келушілердің ұзақ уақыт тұрақтап қалуы сирек құбылыс. Осы саланың ыстық-суығына шыдауға әзір адамдар ғана мәдениет пен өнерді көркейтуге өз үлестерін қоса алады» деген сөзі нағыз сахнаның майталмандарына арналған тәрізді. Өнер атты өлкеге қадам басқан жас мамандар киелі сахнаны қадір тұтып, өнер адамы деген атқа лайық болса мәдениет саласында ойып тұрып орын алары сөзсіз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
30 наурыз 2019 ж. 1 110 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930