сахна сыртындағы саңлақ
Адамдарға теңіздің түпсіз тұңғиығындай, аспанның зау биігіндей мүлдем өзгеше әлемге шығуына мүмкіндік беретін асыл қасиет ол – өнер. Адам өнер арқылы уақыт пен кеңістіктен қара үзіп, қалаған бағытына құстай ұшып, арман биігінде еркін самғай алады. Адамның сезімдерін шынайы болмыспен ұштастыра отырып, ұлы мақсаттардың шыңдарын, тереңнің тереңін нұсқайтын да – өнер. Жер бетінде өнер деген құндылық болмағанда біз адам қолынан туып жатқан таңғажайып туындылардың біріне де куә болмас едік. Мәдениеттің, өнердің парқын білетін қазақ халқы өнер десе ішкен асын жерге қоятын болған. «Өнерліге өріс кең» дейді халық.
Аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, өңір тумасы Әсет Шілдебаев та осы салада елеулі еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі. Ол 1971 жылы 17 тамызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылында дүние есігін ашқан. 1988 жылы Ақсу ауылындағы №116 орта мектепті бітірген соң, 1989-1991 жылдары аралығында Венгрияда Кеңес қарулы күштері қатарында Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Сол жылдары Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай педагогикалық колледжінде «Мәдени ұйымдастырушы» мамандығы бойынша, ал Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент университетін «Музыкалық білім» бакалавры бойынша тәмамдап, еңбекке араласа бастаған. Ең алғашқы қызметін 1997-1999 жылдары аралығында Ақсу ауылдық клубының меңгерушісі, 2000-2002 жылдары аралығында аудандық мәдениет үйінде әдіскер, нұсқаушы, жылжымалы мәдени-демалыс кешені қызметкері жұмыстарын атқарған. Мұнан кейін, 2002-2015 жылдары аралығында мәдениет үйі жанындағы «Халық» театрының режиссері қызметін атқарып келген ол, 2015 жылдан бастап аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі.
– Жалпы менің бойыма өнердің даруы нағашы әжем Зәру жағынан болса керек. Зәру Жүргенбайқызы кешегі атақты Кенен Әзірбаев, Манап Көкенов сынды шайырлармен сөз қағыстырған, Сыр бойына белгілі ақын- жырау Әбілда Жүргенбаевтың туған қарындасы. Бала кезімде Әбілда көкеміздің талай рет үйге келіп таңды-таңға ұрып, небір қисса жыр-дастандарды жырлағаны есімде. Ол кезде мұндай кісілерді ел іші кезек-кезек қонақ қылып, құрмет көрсететін. Соларды тыңдап өскендіктен пе, әйтеуір өнерге деген құлшынысым өте жоғары еді. Мектепте өтетін мәдени шараларды ұйымдастыру, оны жүргізу, сценарий жазуды өсе келе ұстаздарым «Сенің сөз саптауың бөлек» деп маған тапсыратын болды. Қазіргідей ғаламтор жоқ болғандықтан, кітапханада кітап ақтарып отырып, үлкен ізденіс үстінде сценарий жазатынмын. Қарап отырсам, кітапхана менің рухани дамуыма көп септігін тигізді, – дейді Ә.Тыныштықұлы.
Иә, бойдағы талант, киелі өнерге деген сүйіспеншілік адам баласын қараңғыда қалып қоймай, жарық жұлдыздай жануына, халықтың қалаулы азаматы болуына жетелейді.
Он жылдық мектепті бітірген ол 1 жыл шаруашылықта жүріп, ауыл фермасына жұмысқа орналасқан. Десе де, өнерден қол үзбеген Әсет ағамыз сол кездегі ауыл көркемөнерпаздарының концертіне қатысып жүр еді. Ақыры бойындағы ерекше дарыны өнерге жетелеп, Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының дайындық курсына қатысады. Онда жүріп белгілі профессор, сахна тілінің маманы Д.Тұранкулова, А.Ықсанов, Р.Чахкиев сынды мықты ұстаздардан дәріс алады. Содан кейін, Қызылорда қаласындағы агроөнеркәсіп инженерлерін дайындайтын оқу орнында білім алады. Бір қызығы, бала жастан қанына сіңген, санасында сайрап тұрған өнер құдіреті жалынды жасты ауылдық клуб меңгерушісі қызметіне әкеледі. Сол кездегі драма үйірмесі, бұл күнде «Халық» театрының қойған спектаклдерінде түрлі рөлдерді сомдап, көзі қарақты көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Ол сомдаған туындылардың қатарында С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал» трагедиясы, Қ.Ысқақовтың «Охран бастығында», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы, Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» драмасы және тағы басқа да спектаклдер бар.
Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы екенін ұғынған Әсет Шілдебаев саналы ғұмырында көптеген жетістіктерге жетіп, марапат төрінен көрініп те үлгерді. Мәселен, 2006 жылы Қызылорда қаласында өткен Халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық «Театр көктемі» фестиваліне ұсынған қойылымында үздік режиссерлік шешім мен шеберлік үлгісін көрсеткені үшін «Ең үздік режиссер-қоюшы» номинациясының иегері, 2009 жылы өткен Халық театрлары мен драма ұжымдары фестивалінің бас жүлдегері, 2009 жылдың қорытындысымен аудан әкімінің «Өнер тарланы» номинациясының иегері, 2011 жылдың қорытындысымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальінің иегері атанды. Сондай-ақ, 2015 жылы өткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Елге мұра, ұрпаққа ұран» атты клуб қызметкерлерінің арасында облыстық жабық сценарийлер байқауының ІІІ дәрежелі дипломының, сондай-ақ 2016 жылы ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өткізілген облыстық жабық сценарийлер байқауының үшінші орын иегері, 2016 жылы аудандағы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығының қортындысымен «Мәдениет үздігі» номинациясының және Нұржан ата ишан қоғамдық қорының «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Жалпы, Әсет Тыныштықұлының атқарған адал қызметі, өнерге деген ерекше ықыласы кейінгі буынға үлгі-өнеге. Ауданның мәдениет саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген азамат бүгінде аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі. Ол жаңа толқын жас буынға бағыт-бағдар беріп, өнердегі өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырады. Өнер атты өлкеге қадам басқан жас мамандар белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Бұл салаға кез келген жан келе бермейді, халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген адам болуы тиіс. Жеңіл ойлы адамға жұмысы оңай көрінетін бұл салаға қызығып келушілердің ұзақ уақыт тұрақтап қалуы сирек құбылыс. Осы саланың ыстық-суығына шыдауға әзір адамдар ғана мәдениет пен өнерді көркейтуге өз үлестерін қоса алады» деген сөзін үнемі естен шығармаса екен, – дейді өнер тарланы.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.