«Қансонар-2018»: Қазақстандағы ең алғыр қыран анықталды
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында ересек құсбегілер арасындағы ХІІ чемпионат өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қыран құстардың бағы мен бабы сынға түскен жарысқа еліміздің 10 облысынан 39 бүркітші қатысты. Жартылай финалға 13 бүркітші шығып, финалда төртеуі өзара бақ сынасты. Чемпионаттың ережелеріне сәйкес құсбегілерге бірнеше талаптар қойылды. Алдымен сайысқа қатысушылардың киген киімі, құрал-жабдықтары мен құстарының бабы сыналып, төрешілер тарапынан сәйкес ұпайларын алды. Бүгін қатысушылар қоян, түлкі аулау бойынша сынға түсті. Жарыстың көрігі қоянға құс салғанда қыза түсті. Төрт қыран да бұл сыннан сүрінбей өтті. Осыдан соң төрешілердің шешімімен «қолға шақырудан» қайта сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.