БЕСІКТІҢ құты ҚАШТЫ МА? Қазірде ғылым мен техниканың күннен-күнге қарыштап дамыған кезі. Мұның арқасында адам өмірін жеңілдететін заттар мен тұрмыстық құрал-жабдықтар саны артты. Біз де сырттан келген тауарды жатсынбай, бірден қабылдап тұрмыста қолдануға шеберміз. Оның пайдалы жағын ғана көріп, «зиянды жағы бар ма, қалай?» дегенге аса мән бермейміз. Біздің айтпағымыз – баланы бесіктен бездіріп, бір реттік жаялыққа таңып қойғанымыз. Яғни, «памперстер» жайында. Бүгінде бірте-бірте қолданысқа еніп, түрлі компаниялардан түрліше жарнамамен шығатын памперстерге бәрі үйренген. Оған деген сұраныс күн санап, тіптен сәт санап артпаса, кемімей тұр. Бұған дәлел, баланы күндіз-түні бір реттік жаялыққа таңып қойып, күтімнің оңай жолын тапқан аналар қатарының көптігі. Олар мұның зиянын күнделікті естіп, біліп отырса да тәуелділіктен арылуға ынтасы да, шамасы да жоқ секілді. Баланың денесінің үштен бірін қымтап тұратын аталған өнімнің зияндылығын анықтауда ғалымдар біраз зерттеу жасаған. Олардың мәліметіне сүйенсек, памперстің құрамынан сәбиді болашақта белсіздік пен бедеулікке апаратын улы зат бар екені анықталған. Мұндай зерттеудің нәтижесіне қарамастан, «памперстің» тұтынушылары азаяр емес. Әрине, жолға шыққанда, қонаққа барғанда тиімді екенін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, күтушінің жағдайына емес, баланың денсаулығына мән берген жөн.Шыны керек, бүгінгі күннің осындай келеңсіздіктерін көргенде еріксіз ата дәстүріміз, тұрмыстық әдептеріміз еске түседі. Бұрындары қазақ әйелдері таза мақтадан жасалған матаны жаялық етіп, оны бүлінген мезетте жуып, ауыстырса, жаңа туылған нәресте өз аяқ-қолының қозғалғанынан шошынып, ұйқысы қанық болмай оянып кетпес үшін құндақтаған. Содан соң бала қырық күнді толтырғанда қырқынан шығарып, бесікке бөлеген. Бесікке бөленген сәби таза, жылы әрі құрғақ жатады. Шүмек пен түбек баланың дәретін жайылдырмайды және тыныш әрі ұзағырақ ұйықтап, анасының да шаруасына кедергі болмайды. Нәрестесін бесікке бөлеп, балапанына деген ерекше мейірімімен еміренген ана «Бесік жырын» айтып отыр. Көз алдыңызға елестетіп көрсеңіз, мұнан асқан тәрбие, мұнан артық тектілік жоқ. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда қазақтың киелі затына айналып келген бесікті зиян деп, баласын жай құндақтап жерге бос жатқыза салу әдетке айналды. Ең өкініштісі, бесікке салған осы екен деп таңып тастап, «ананың әлдиінің» орнына даңғырлатып әуен қосып, болмаса қолдағы ұялы телефоннан шыға алмай дүйім қазақ кие санаған бесікті аяғымен тербететіндерді көргенде жағаңды ұстайсың. Осындайда Бауыржан Момышұлының: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам», – деген сөзі еске оралады. Шынымен, бесігі жоқ елге айналмасақ түбінде... Себебі, киелі бесікті қолдануды азайтып келеміз. Жаңа туылған баланы құндақтаудың орнына, бірден киім кигізіп, аяқ-қолын ербеңдетіп еркіне қоя беретін болдық. Жалпы, бесікке жатып, ананың «әлдиімен» өскен баланың тұла бойы таза болады. Халқымызда бесік балаға сырттан келетін теріс қуаттан, тіл-көзден сақтайды деген сенім де бар. Тұтастай бір ұлтты тәрбиелеген киелі бесік бүгінде пайдасынан зияны көп затқа айналуы мүмкін емес. Мұндай дәйексіз сөзге сеніп, салт-дәстүрден бірте-бірте қол үзе бастасақ, ата-баба дәстүрін жалғаудың орнына оның жойылуына жол беретініміз анық. Нұр АЛМАС Жаңалықтар / Руханият 10 ақпан 2018 ж. 1 390 0