» » » «БІЗ АБАЙ АЙТҚАН «ТОЛЫҚ АДАМ» БОЛУҒА ТАЛПЫНУЫМЫЗ КЕРЕК»

«БІЗ АБАЙ АЙТҚАН «ТОЛЫҚ АДАМ» БОЛУҒА ТАЛПЫНУЫМЫЗ КЕРЕК»

Кенжеғара Сүлейменов,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы:
«БІЗ АБАЙ АЙТҚАН «ТОЛЫҚ АДАМ» БОЛУҒА ТАЛПЫНУЫМЫЗ КЕРЕК»

Ел егемендікке қол жеткізген тұста материалдық тұрғыдан қиын күндерді бастан өткерсе де, руханиятқа еш шөліркеген емес. Бұл – Қазақ деген халықтың бойындағы ата-бабадан дарыған ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің жемісі. Одан бері келе көшіміз жүре түзелгенімен қоғамда тәлім-тәрбиеге, астамшылдыққа қатысты олқылықтарымыз біліне бастады. «Бұл кемшілікті бір түзесе, аға буын өкілдері түзейді» деп үміт артқан алдыңғы лектің бірқатарынан асыра сілтеудің лебі есті. Мұны өзінің бағдарламалық мақаласында Елбасы да айтып өткен. Расында, Тұңғыш Президент айтқандай, қиын күндерде бойындағы рухани дүниесін жоғалтпаған жұрт тоқшылықта оған теріс қарамағаны абзал. Жалпы бір туынды не бір кісінің көзқарасына қатысты дүние жарыққа шықса, қоғамның пікірі екіге жарылатыны заңдылық. Ал бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға қатысты дүйім жұрттың пікірі ортақ. Себебі нақты дәйекпен, тұшымды оймен жазылған туынды барша қазақтың көкейіндегі сауалға нақты жауап болды. Ал оны жүзеге асыру – сіз бен бізге артылған міндет. Осы ретте «Елбасы туындысында жүктелген міндеттер біз өмір сүріп жатқан қоғам үшін маңызды ма? қазіргі отбасылық тәрбие шаңырақта өз деңгейінде жүріп жатыр ма? астамшылық қазаққа керек дүние ме?» деген бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, мәслихат депутаты Кенжеғара Сүлейменовті әңгімеге тартқан едік...
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мазмұндылығы мен шынайылығы бізге дейін де айтылды, мұнан кейін де айтыла береді. Біз тек туындыға арқау болған мәселелер жайына тоқталсақ. Бағдарламалық мақалада көтерілген астамшылдыққа қатысты не айтасыз?
– Астамшылдық бізді алысқа алып бармайды, осыны түсінуіміз керек. Кейде мен жалпы қоғамды жинап алып, «Неге ысырапшылдыққа құмарсыңдар?» деп сұрақ қойғым келеді. Қазақ «Арзан дүниенің жарнамасы жағымды келеді» дейді. Бұл да соның кері, бірі ас та төк дастарханмен той өткізсе, «Жұрттан қаламын ба?» деген жалған намыспен ұқсап баққысы келетіндердің қатары қалың қазір. Бабаларымыз «Көрпеңе қарап көсіл» деген тәмсілді неге айтты? Оған зер салып жатқан ешкім жоқ. Соған қарағанда, «Тапқаның тойға шашылсын» деген нақылды жұрт тура мағынасында ұғынса керек. Шындығына келсек, бұл әрдайым қуаныш, береке сенің қасыңда болсын деген тілек. Өткенде оңтүстіктегі ағайындар бір той өткізіпті. Әлгі жиында дастарханға 60 млн теңгеден астам қаржыға сатып алынған торт қойылды. БАҚ өкілдері бұл шараны жарыса жазып, күллі қазақ жұрты құлағдар болды. Осыдан 3-4 ай бұрын мәдениет үйінің алдынан өтіп бара жатсам, қос қарындасымыз осы жайтты әңгіме қылып бара жатыр екен. Бағаға бас қатырмайды, бар ынтасы әлгі торттың әдемілігінде. Мен «Сонша қаржыны далаға шашыпты» деген оймен келемін. Бір ғана астамшылықтан біздің бақытты басқадан іздейтініміз көрініп қалды. Болмаса қанша үлкен етіп дастархан жай, оның бәрі бір күндік қуаныш. Біз бақытты келешектен іздеуіміз керек. Ал оған астамшылдықпен аяқ басқан жанның адымы қысқа болады.
– Жаңа қазіргі тойларда ысырапшылдыққа жол берілетінін айттыңыз. Ойымыз ортақ, әрине. Мені бұл жиындардағы дастарханнан бөлек, тойдың өту мәнері алаңдатады. Осы орайда асабалардың арзан дүниемен жұрттың көңілін аулауына қалай қарайсыз?
– Жазу-сызу болмаған күндері де қазақ руханиятқа шөліркеген емес. Сен қалай ойлайсың, қазір қоғамда кез келген бір кісі жайлы пікір білдірерде «Қазақылықтың исі аңқып тұр» деген сөз жиі айтылмайды. Неге? Бұл сөзді рухани дүниеге бай, салиқалы адамды айтқан. Ал қазір мұндай қасиеттер жұрттың бойынан алшақтап бара жатқандай болады да тұрады мен үшін. Жаңағы мен айтып отырған жазу-сызу болмаған кезеңде мұндай беделді шенге ақсақалдан кейін сал-серілер, сөз ұстайтын ділмарлар ие болған. Жұрт «әу демейтін қазақ жоқ» деп неге айтқан. Бір кездері отбасына түскен келіннің бетін қазақ жолай кетіп бара жатқан кез келген жолаушыға аштырған. Демек, бұрын қара өлеңнен бейхабар жұрт болмаған. Қазір де кез келген адам той басқарып жүр. Бірақ бұрынғы мәнер мен қазіргі арзан дүниенің арасы жер мен көктей. Осыған қарап ылдилағанымызды яки құлдырағанымызды түсінбей дал болам кейде. Өткенде бір тойға бардым. Әлгі жиында асаба жұртты күлдіру үшін анайы сөздерге де барып жатыр. Қазір қонақтармен ойын өткізу деген бар екен ғой. Онысын көріп адам шошиды. Киімдері қысқа, жыртық-жыртық бірдеңелерді үстіне іліп алған қарындастарымыз да қымсынуды білмейді. Секектеп ортада билесін келіп. Әлсін-әлсін шылым тартатын адам құсап, қысылғаннан сыртқа шығып кетем. Той ортасынан ауа бергенде асаба інімді шақырып алдым, кеңесімді айтып бұл өзі үшін бір күндік қуаныш шығар, бірақ осындайлардың кесірі мына қоғамға тиіп жатқанын жеткіздім. Жеткіздім дегенім қате болар, айттым. Себебі мен сөзімді аяқтар-аяқтамастан бетіме безірейіп, той иесінің көңілінен шығу үшін көңілді өткізу керектігін айтты. Сонда ол үшін жұрттың көңілі неде? Онысымен қоймай тағы осы жүйесін жалғастыра берді. Меніңше, асабалар қазір күлдіру мен күлкі болудың арасын ажырата алмайды. Рас, сен бір тойға жиналған қауымның көңілінен шыққан да шығарсың, бірақ салт-дәстүрі мен ұлттық спортын, әдеп-ғұрпын тойда жаңғыртқан бабалар алдында күлкі болғаныңды ұмытпауың керек.
– Бұл жиын-тойлардағы осындай арзан дүние­лердің отбасындағы тәлім-тәрбиеге де әсері болатын сияқты...
– Әрине солай. Себебі той белгілі бір жастағыларға ғана арналмаған, біреу баласын, біреу қызын ертіп барады. Әлден олардың санасына осындай арзан дүниелерді сіңіре берсек, ертеңіміз не болмақ? Тәлім-тәрбие былай тұрсын, мұндай пәлсапасыз тойлардың кейде ажырасуға да салдары тиіп жатады. Қазір мен соңғы 10-15 жылдың ішінде барған тойларымды есіме алсам, ешқайсысында ұлттық спорттан не ұлттық аспаптарымызды дәріптеуге бағытталған күй тартыстан қонақтар арасында сайыс ұйымдастырылмапты. Бұрын «Әу демейтін қазақ жоқ» десек те, қазір шерту былай тұрсын, домбыраның құлағын келтіре алмайтын жастар бар. Шын іздесең, олар біздің буыннан да табылып қалады.
– Сөз арасында ажырасу жайлы айттыңыз. Қазір бұл қоғамның басты проблемаларының бірі. Осы орайда бүгінгі буынның отбасын құруға қатысты түсінігіне қалай қарайсыз?
– Біздің кезімізде отбасын құрған замандастарымның көбі өмірлік жарын алып қашқандар. Ол шақ өзі қыз алып қашудың өршіп тұрған кезі еді ғой (ағам жүзіне күлкі үйіртті). Бірақ сол қатарларымның барлығының да шаңырағы шайқалған емес. Бәрі де өз алдына отау тігіп, үй болып кетті. Мен бұл жерде ажырасудың салдары қыз алып қашу болмағандықтан деп отырғаным жоқ. Қос кезеңге салыстырмалы баға беру үшін артқа сәл шегініс жасағаным ғой. Қазір жастар танысады, біліседі, осылайша отау құрады. Бірақ көбінің некесі ажырасумен шектеледі. Расында, қазір біздің қоғамда бұл кесел дендеп кетті. Кеше бір мақаланы оқып отырсам, елде әрбір үшінші жас отбасы ажырасады екен. Мақаладағы мәліметке сенгің келмесе де, мына қоғам саған «қарасай» деп тұр. Өзім қоғамдық кеңестің төрағасымын. Кейде біздің алдымызға мұндай мәселелермен де жас жұбайлар не олардың шаңырағының шайқалмауын қалайтын ата-аналар келіп жатады. Сондағы ажырасуға себеп етіп алған сөздерін тыңдасаң, болмайтын ұсақ-түйек нәрселер. Ата-бабамыз «Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөзді кімге айтты? Қазір сөз көтере алмайтын, бір-біріне түсіністікпен қарай алмайтын буын өсіп келе жатыр. Мен осылар үшін алаңдаймын. Бұрын бабаларымыз ажырасу былай тұрсын, жесірін жылатпаған еді. Жолдасы қайтыс болған әйелді қайнысына не қайнағасына қосатын. Ол кезде отбасына қатысты мәселе болмаған. Неге? Себебі жұрт оған дейін алып баратын салдарымен әлдеқашан күресіп қойды. Бірді айтып, екіге көшті демеңіз, тіпті бір отбасы мен нағашысы, жиені не бөлесінің арасында қарым-қатынас тоқтаса, қазақ «Сүйек жаңғырту» арқылы ол байланысты қайта жалғаған. Қарап отырсаң, біздің барлық салт-дәстүріміз тек ауызбіршілікке, ынтымаққа, ымыраға үндейді. Өкініштісі, осы өсиетті бүгінгі буын жете түсініп жатқан жоқ.
– Бір жиында жастардың қазіргі киім кию үлгісіне көңіліңіз толмайтынын айтқан едіңіз, тіпті «Бұлардың ата-анасы үйде бұлай жасама деп айтпай ма, айтса неге құлақ түрмейді?» деген сауалға жұртпен бірге жауап та іздедіңіз. Қалай ойлайсыз, бұрынғы ұлттық тәрбие мен қазіргі отбасылық тәрбиенің арасы алшақтап бара жатқан жоқ па?
– Мен бұл сөзді қарапайым өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамға қарап айтқан едім. Қазір кейбір жастар қысқа киіммен қымсынбай жүре береді. Осы тұрғыда менде оларға қатысты екі-ақ пікір бар. Олар бұлай ашық-шашық жүруден ұялмайды немесе ұяттың не екенін білмейді. Мұндай жастарға қатысты басқа менің алып-қосарым жоқ. Рас, тәуелсіз елде қай-қайсысымыз да еркін өмір сүре аламыз. Бірақ еркін өмір сүру бетімен кету деген емес. Елбасы осы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Қазір бір жылды бір салаға арнаса, сол саланың адамдарына жағдай жасау қажет деген түсінік бар ел арасында. Неге кейінгі буын жастар жылында өзінің жаңалығымен мемлекетті таң қалдырмайды. Керісінше біз осындай қадамдарға баруымыз керек. Талантты жастар да бар әрине, бірақ арзан дүниеге алданып жатқандар да жоқ емес. Тағы бір айта кететін жайт, кейінгі буынның көбі қазір әдеби кітаптар оқымайды. Әдебиет біздің рухани байлығымыз ғой, ал оның бетін ашпаған буыннан не күтуге болады? Ойлаудың өзі қиын. Бұрын біз бір ортада белгілі бір автордың шығармасы талданып жатса, ол туындыдан хабарымыз болмаса ертеңге қалдырмай кітапханаға барып, әлгі шығарманы алып оқитын едік. Тәрбие бірінші отбасында берілуі керек. Ал ержетіп, бойжеткеннен кейін әр адам өз-өзін әрбір ортада тәрбиелеуі қажет. Қарап отырсаңыз, қарапайым күнделікті өзің қолданып жүрген телефонды да пайдаланудың өз тәртібі бар. Әлеуметтік желіге кіріп алып, ішкен-жегеніңді, киген киіміңді жұртпен бөлісу – ең үлкен әдепсіздік. Сол телефонмен әлеуметтік желі арқылы жұртты жақсылыққа да үндеуге болатынын неге біз түсінбейміз? Себебі біз таяқтың екі ұшы болатынын бұрыннан білсек те, бойымыздағы біржақтылықтың салдарынан оның тиімді жағын көре алмай келеміз.
– Кейінгі буын рухани жаңғыру үшін қандай қадамдар жасау керек?
– Мен тағы да қайталап айтамын, бұл жерде жастардың бәрі теріс жолмен жүр деген пікірден аулақпын. Өзің сөз басында тек мәселелерге тоқталайық дегесін кемшін тұстарымызды айтып жатқаным ғой. Болмаса бір ғана біздің Жалағаш ауданынан спорт, мәдениет, білім, өнер салаларында тек аудан не облыс емес, ел мерейін асқақтатып жатқан жастардың қатары қалың. Осылар үшін мақтанамын. Мені бір қуантатыны, қазіргі жастардың спортқа деген қызығушылығы жоғары. Ең бастысы, сен қай салада жүрсең де бойыңда Отанға, елге, жерге деген махаббатты өшіріп алмауың керек. Өткенде телеарнадан ережесіз жекпе-жекті беріп жатыр екен. Негізі спорттың бұл түріне менің қызығушылығым аса жоғары емес. Әлгі әлемдік сайыста финалға қос қазақ шықты. Қандас бауырымыздың бірі шет елдің атынан шығып тұр екен. Ақтық мәреге дейін қарсыласын аямаған қос қазақ шешуші сәттегі жекпе-жекте бір-біріне қол жұмсамады. Төреші бірінші раунд біткесін келесі раундтан үлкен шайқас күтті. Бірақ тағы да қос қандасымыз бір-біріне қол көтермеді. Болмағасын екеуіне де қызыл қағаз көрсетіп, шаршы алаңнан шығарып салды. Екеуі де жүлдеден құр қалды. Бірақ мен олардың жүзінен «Жүлдесіз қалдық-ау» деген өкініштің нышанын көре алмадым. Бұдан не түюге болады? Әлемнің спорт аренасында да бұлар Қазақ деген ұлы халықтың бойындағы үлкен қасиетті дүйім жұртқа паш етті. Жүлдеден патриоттық, елдік, ұлттық мүддені жоғары қойды. Отанға деген махаббат осы. Менің қай салада жүрсең де елге, жерге деген бойыңдағы махаббатты өшіріп алмау керек дегенім де осы. Басқаны білмеймін, көгілдір экранның бер жағында отырып, өзім де бір бақытты күйге ендім. Қазіргі жастардың бойынан осындай дүниелерді көргім келетінін де жасырмаймын. Біз қай буын болсын, Абай айтқан «Толық адам» болуға талпынуымыз керек. Бәлкім, ол деңгейге жете алмаспыз, бірақ сол жолда ізденіп, өз-өзімізді жақсылыққа баулығанымыз үшін өкінбейміз.
– Бұрын ұлттық мерекелерде ғана жаңғыратын салт-дәстүріміз бен көзге жылына бір көрінетін ұлттық киімдерімізді насихаттау қазір қарқын алып жатыр. Біз оған қуанамыз, алайда сол ұлттық киімдерімізді жартылай жалаңаш денесіне іліп алып, көпке жариялау арқылы қорлайтындар да шығып жатыр, оларға қатысты не айтасыз?
– Бұл жайттан хабарым бар, бірақ мына сұрағың ауыр екен. Осы сұрақты өзіңе қойсам сен не деп жауап берер едің? (қасының үсті қыртыстала бастаған көкемізден қойған сұрағым үшін қысыла бастадым). Сол жағдайға қаныққасын қаракөз қарындасымыз үшін емес, ұлы халықтың ұрпағы осындай жағдайға жеткені үшін бабалар алдында кірерге тесік таппадым. Бізде ерлер жоқ дейсің бе, қызға қырық үйден тыйым салған қазаққа бір қызға кеңесін айтып, жөнге салар ерлер қай буыннан да табылар деп ойладым. Ерлер бар екен, бірақ кейбірі ез болып шықты. Артынша шапанды жартылай жалаңаш денесіне іліп алып, әлеуметтік желіге жариялаған жігітті көріп мына қоғамнан жеріп кеттім. Бұл да сөз басында айтып кеткен арзан нәрсенің жарнамасы жоғары боладының кері. Тақырыпты ауыстырайықшы, болмаса тізе берсең, еркін өмір мен бетімен кетуді шатастырып жатқандар қай салада да жетіп артылады.
– Аға, бұл соңғы сауалым еді, артық кетсем кешірім сұраймын. Жастарға айтар ақылыңыз бен бағдарлы бағытыңыздан өзім де біраз кеңес алдым. Риясыз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

23 шілде 2019 ж. 920 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 785

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031