Өнерді саудаға салса, рухани құндылығын жоғалтады Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлтымыздың ескіден арылып, болашаққа жаңаша бағыт түзеу керектігі айтылды. Әрине, бұл өткеніңді ұмыт деген сөз емес, керісінше, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, кешегі бабалар жүрген жолды жалғауға тиіспіз. Қашан да ұлттық мұрат жолындағы күрестерде ұлт зиялыларының, өнер адамдарының рөлі өте маңызды. Осы орайда біз сыр елінің серісі атанған айтыскер ақын, қорқыт ата атындағы қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Серік Ыдырысовпен сұхбаттасқан едік. – Серік аға, Сіз айтыскер ақын болғандықтан алғашқы сауалымызды да осы айтыс төңірегінен бастайық. Қазіргі айтыстың деңгейі қандай? Көрермен тарапынан айтыскер ақындар тігілген жүлде үшін сөз саудалап кетті деген пікірлер айтылып қалады. Жалпы, айтысты алдаспан өнерге баласақ, бүгінгі ақындар биліктен тайсақтамай бұқараның мұңын қаншалықты айта алып жүр. Қазіргі ақындарға қандай баға бересіз?– Қазақ руханиятының қалыптасуына қызмет етіп жүргенімізбен, жұртшылық мені айтыс ақыны ретінде таниды. Сондықтан сұхбаттың алғашқы сұрағы айтыстың төңірегінде болуы заңды. Құдайға шүкір, өз заманымызда ел арасында жүріп біраз жыл айтыс жасадық. Қазақтың киелі өнерінің дамуына аз да болса үлесімізді қостық. Өнерпаздың бағасын беретін – халық десек, сол халықтан да төмен баға алғанымыз жоқ. Қазақ халқының рухани әлемі құлазып, ішкі жан дүниесі алай-дүлей күй кешіп жүрген уақытта қалжың қағытпалармен көпшіліктің көңілін көтердік. Алдаспандай жарқылдатып ақиқатты алға ұстадық. Ақиқатты айттық дегенде, сахнада отырып алып сағаттап саясат сапырып, халықты билікке қарсы қойғанымыз жоқ. Керісінше, сол қиындау кезеңде еңсесі түскен елдің рухын көтердік. Өмірдегі, қоғамдағы қиындықтардың барлығы өткінші, өтпелі екенін өлеңмен өрнектеп, көпшіліктің көңіліне орнықты сөз айтып, сабырға шақырдық. Ел арасының бірлігін сақтау тек ақындарға ғана артылған жауапкершілік емес, бұл барлығымыздың азаматтық парызымыз. Сондықтан біз тек айтыста ғана емес, көпшілік арасында да халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, баба жолын хал-қадірімізше насихаттап жүрдік. Ал, енді кешеден бүгінге ойысайық. Қазіргі айтыстың дәрежелік деңгейі өте жоғары. Бізден кейін де екі-үш буын ұрпақ өкілдері арасынан тамаша айтыс ақындары шықты. Мақамы, сөз саптаулары түрленді. Айтысқа жаңаша леп әкелген жас ақындар да бар. Бірақ, тіл тістететін тұстары да жоқ емес. Мәселен, қазіргі айтыстарға қомақты жүлде тігіледі. Сондықтан, айтысты кәсіп еткен ақындар бар. Жүлде үшін сахнада отырып алып сөз саудалап, қалай да жеңіп шығуға тырысып, інісі ағасының бетінен алуы дұрыс емес. Бұл ақынға ғана емес, ел көңілінде періште сипатта сақталып қалған ақын деген атқа да көлеңкесін түсіреді. Дұрыс, айтысқа жүлде тігілгені жөн дейік. Бұл ақындарды, әсіресе жас талапкерлерді ынталандырады. Бірақ, періштені жолдан тайдырған сол дүниесі құрғыр бекзат өнерді былғауы әбден мүмкін. Өйткені, жасыратын ештеңесі жоқ, қазір айтыстың жүлдесіне қарай сөз айтатын, тіпті көлік тігілмесе, айтысқа қатыспайтын ақындар да бар деп естиміз. Айта кетуіміз керек, кешегі өткен Біржан, Сүйінбай, Жамбыл, Қатағандар айтыста қарсыласын жеңгенде разы болған байлар ел ықыласы деп жорға мінгізді, тіпті, алдарына үйірлі жылқы да салып берді. Бірақ, сол ақындар жүлдеге байлаған жорғасын жасы үлкен болса қарсыласына мінгізіп, мал алса елдегі жетім-жесір, жоқ жітікке үлестіріп кеткенін білеміз. Міне, олардың айтысқа шыққандағы негізгі миссиясы осы еді. Сосын, айтыс – халық арасына іріткі салатын өнер емес, керісінше, айтыс сахнасы елді бірлікке шақыратын мінбер. Дұрыс, халқымызда «Ақиқатты ақын айтады немесе ажалы жақын айтады» деген сөз бар. Бұған ақын Тоқаш Бердияровтың «Батыр ақын болмаса, ол бойына мін емес. Ақын батыр болмаса, көрген күні – күн емес», – дегенін қосып жіберсек, ақынның, соның ішінде тексіздікке тіл безеген айтыс ақынының сипатын көреміз. Халық ақынды сол үшін құрметтеген. Бірақ, қазірде ақиқатты айтамын деп, бүкіл қазаққа тіл тигізіп жататын ақындар бар. Олар айтыс сахнасына елдік мұратты арқау етіп шықса жөн, бірақ, олардың мақсаты мүлдем басқа... Үшіншіден, қазір айтыскерлердің арасында бірі-біріне деген құрмет аз, ауызбіршілік жоқ. Суырыпсалмалықтан гөрі жаттандылық басым. Жалпы мен айтыскерлерді «тақтақ ақын» және «тақпақ ақын» деп екіге бөлемін. «Тақтақ» ақын таңдайы тақылдап тұрған, қандай тақырыпқа салсаң да жанынан шығарып айта беретін ақын, ал, «тақпақ» ақынды өзіңіз де біліп отырсыз... – Соңғы уақытта Сізді тек ұлттық үлгіде, соның ішінде кешегі сал-серілердің киім үлгісімен киінгеніңізді жиі көретін болдық. Мұның себебі не, жастарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттау ма әлде, көпшіліктің ішінен ерекшелену мақсатында өзіңізге жасап жүрген пиар ма?– Мен өзі жас күнімнен ұлттық үлгіде киінгенді ұнатамын. Қазірде тек салтанатты кештер мен жиын-тойларда ғана осылай киінбеймін, қызметтік киімім де осы, яғни жұмыс орыныма да осылай киініп барамын. Мақсатым – өзіңіз айтып отырған жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттауда үлгі болу. Біле білсеңіз, қазақтың ұлттық киімдеріне бүгінде әлем қызығушылық танытып отыр. Әдемілігін айтпағанда, ер адамның да, әйел адамның да әуретті жерлерін жауып тұратын жинақылығы, ою-өрнегі, жылуы, матасының денсаулыққа пайдасы бәрі-бәрі шетелдіктердің көз жауын алып келеді. Бірақ, өкінішке орай жат ел қызығып отырған құндылықтарымызды қадірлеуге келгенде әлі де құлықсызбыз. Айтыс – қазақ өнерінің бренді. Ал, айтыскер ақын – қазақ ұлтының бет бейнесі. Ендеше, қазақтың құндылықтарын дәріптеуді алдымен ұлт өнерінің жанашырлары қолға алып жатса оның несі айып?! «Пиар» жайына келсек, ол қазіргі сахна жұлдыздары мен шоумендердің өзі-өзіне жасап жүрген жарнамалары. Ал, мен жарнамаға зәру емеспін. Шүкір, халқым еркелетті, құрмет қошеметіне бөлендім. Өнердің арқасында атағым Алашқа жайылды. Сондықтан менің ұғымымда «пиар» деген түсінік жоқ. – Сіздің табан асты тауып айтқан сәтті қалжыңдарыңыз ел арасына лезде тарап кетеді. Олар бүгінде әр ортада айтылып жүр, әсіресе, асабалар көп пайдаланады. Ал, енді жасыратыны жоқ, қазіргі қалжыңдар тым дөрекіленіп барады. Тіпті атағы дардай әзіл театрларының әртістерінің өзі сахнада тұрып, көрерменді күлдіреміз деп, бүлдіріп жүр. Көрермен де құнсыз қағытпалар мен мағынасыз сөзге күле беретін дәрежеге түсті. Тыңдарман талғамының төмендеп кетуіне не себеп?– Алдымен театр мен көрерменнен бастайық. Жалпы қазір бізде театр әртістерін айтпағанда, қарапайым көрерменнің театрға бару мәдениеті өте төмен. Көрермен талғамын қалыптастыратын сахна иелері. Яғни өнерпаздар. «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел», - деді ғой Абай. Демек, біз көрермен мен тыңдарманды тәрбиелемес бұрын, бірінші сахнаны халтурщиктерден тазалауымыз керек. Сахнаға нағыз табиғи таланттар шыққанда ғана көрерменнің де талғамы жоғарылайды. Ал, олай болмаған жағдайда, жаңағы өзіңіз айтып отырған күлмейтін нәрсеге күлу, қол соқпайтын жерде алақанды босқа қызарту тыйылмайды. Қазірде екі ауыз сөздің басын құрайтын қазақтың бәрі асаба болып кетті. Асабалық – өнер. Әрі-беріден соң ол халықтың қызметшісі. Асабаның мойынында тек тойдың емес, ұлттың жауапкершілігі тұр. Неге десеңіз, асаба өз ұлтының тарихын, шежіресін, ауыз әдебиетін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын терең білетін, жанынан өлең шығара алатын, ұлттық аспабымыз – домбыра шерте алатын адам болуы тиіс. Өйткені, олар той жүргізу арқылы қазақтың ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарын насихаттайтын адам. Ал, қазіргі асабалар осы үдеден шыға алып жүр ме? Жоқ! Керісінше, тойды шоуға айналдырып, қалыптасқан дәстүрімізді бұрмалап жүр. Сосын тағы бір айта кететін жайт, қазіргі тойларда асабалардың ойлап тапқан ойынын көргенде ұялғаннан бетіңді басасың. Бірақ, бір қызығы, ұлттық ұстанымымызға жат сол «ұятсыз» ойындарды қарап отырған үлкендер «тәйт» деп тыйым жасамайды. Неге? Өйткені, қазақтың тойы шоуға айналған. Жоғарыда айтқанымыздай, тойшыл қауымның да талғамы солай қалыптасқан. Мәселен, мен асабаларға тойларда «Қылбұрау», «Алтын сақина» секілді үй ішінде отырып ойнайтын топтық ойындарды заманға сай ыңғайлап неге ойнатпасқа деген ұсыныс айтып жүрмін. Жақында Атырау қаласына арнайы шақыру алып, той жүргіздім. Сол тойда «Ләңгі» ойнаттым. Халық өте белсенділік танытты. Тіпті, үлкен кісілерге дейін ойнады. Демек, бізге ұлттық құндылықтарымыз бен бұқаралық спортты тек арнайы ұйымдастырылған спорттық шаралар арқылы ғана емес, жиын-тойларда да насихаттауға мүмкіндік бар. Міне, осы арқылы Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық бағыттағы дамуға үлес қосамыз. – Естуімізше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасының Сыр еліне сапарында, тіпті орта Азияның бес бірдей президенттерінің алдында арнау айтыпсыз. Толқыған шығарсыз. Қызметке орналасуыңызға немесе атыңыздың халық арасына кең таралуына осы тарихи оқиға себеп болған жоқ па?– Алд ымен Алла, екінші мемлекет қайраткері Шаухаманов Сейілбек ағамыз аймақ басшысы ретінде Сыр өнерпаздарына көп қамқорлық көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елена Әбдіхалықова екеуміз бес бірдей елдің президенттерінің алдында арнау айтып, Арал теңізінің тағдырын және тәуелсіз елдің татымды тірліктерін жырға қостық. Әрине, толқыдық. Бұл бізге бұйырған бақыт еді. Мен ешқашан Құдайдың берген өнерін саудаға салған жоқпын. Бірақ, мені Қызылдың қиясында, сонау Қармақшы ауданының Жаңақала елді мекенінде мектеп мұғалімі болып жүрген жерімнен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне қызметке келуіме Сейілбек ағамыздың және Бақберген аға Доспанбетовтің ықпалы болды. Ал, атымның шығуына, халыққа танылуыма себепші ол – менің ақындығым. Сонымен бірге айтыскер ақын Манап Көкеновтың тәлімін алдық, сол кездегі облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Демесінов Есен ағаларымның рухани қолдауын көрдім.– «Әдебиет болмаса, әлем болмайды» деген пәлсапа бар. Ұстаз ретінде, кітап оқымайтын ұрпақ жөнінде не айтасыз?– Дұрыс айтасыз, әдебиетсіз әлемді елестету мүмкін емес. Әдебиетсіз әлем – мәдениетсіз сәлем. Бүгінгі жаһандану заманында адамдардан мейірімнің азайып, азғындықтың асқынып бара жатқаны да рухани кеңістіктің босап қалғанының көрінісі. Яғни, адамзат баласы әдебиет әлемінен алыстап қалды. Материалдық құндылық алға озып, адам жүрегі беріштене бастады. Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы: «Мен баласына бесік әлдиін айтпайтын анадан, немересіне ертегі айтып бере алмайтын әжеден қорқамын» деп бекер айтқан жоқ. Сол секілді кітап оқымайтын ұрпақтан да қорқу керек. Өйткені, руханиятсыз дамудың түбі – құрдым. Сондықтан да жастарға ойынханаға емес, кітапханаға баратын жолды нұсқауымыз керек. Төл әдебиетін білмеген бала ұлтын танымайды, құндылықтарын қастерлемейді. Бұл дәл қазір қоғамдағы өте күрделі мәселе болып тұр...– Серік аға, қазірде әлеуметтік желіні пайдаланушылар күн санап көбейіп келеді. Әрине, заман талабына сай ақпарат алмасу мақсатында пайдасы ұшан-теңіз. Алайда, зияны да жоқ емес. Өзіңіз де «Фейсбук» желісін қолданушылардың бірісіз. «Достығыңызға» тіркелгендердің де қарасы көп. Яғни, ақын ретінде оқырмандарыңыз қалың. Жеке парақшаңызға жазбаларыңызды жиі жариялап отырасыз. Оқырмандарыңыз да «Сырдың Серігінің» жаңа туындыларын асыға күтеді. Бірақ, осы виртуалды әлемге әбден тәуелді болып алған кейбіреулер орынсыз фотосуреттері мен татымсыз шатпақтарын қайта-қайта салып отырады. Әрине, оларды тыюға қақымыз жоқ. Десе де, әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?– Әлеуметтік желі соңғы уақытта белгілі бір тұлғалардың өзін-өзі насихаттайтын алаңына айналды. Әрине, оған әркімнің құқы бар. Жақсы нәрселер де жоқ емес. Біріне сүйінесің, біріне күйінесің. Рас, мен де «Фейсбук» желісіне тіркелгенмін. Күнде болмағанымен араға ай аралатып жазғандарымды салып отырамын. Мен саясаткер емеспін, мен – ақынмын. Ал, ақын халықтың адамы. Халық ақынын аялайды. Ақын да сол халыққа арқа сүйейді. Сондықтан менің жазбаларымның саясатқа еш қатысы жоқ, тек халқыма деген тілегім мен ыстық ықыласымды өлеңмен өрнектеп жеткізіп отырамын. Жаңалығым болса «достармен» бөлісемін. Бар болғаны осы ғана. Ал, енді өнерге, әдебиетке қатысты тұщымды пікірлерді оқып отырамын. Әдебиеттің проза, поэзия жанрларына қалам тартып жүрген кейбір жастардың жазбалары қуантады. Ал, әлеуметтік желіні қолдану мәдениеті мемлекет тарапынан тыйым болмай қалыптаспайды. Мәселен, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан секілді мемлекеттерде интернет ресурстарын пайдалану туралы арнайы заң қабылданды. – Сұхбатыңызға рахмет!Сұхбаттасқан Қуат АХЕТОВ. Жаңалықтар / Сұхбат 30 қаңтар 2018 ж. 1 310 0