» » » ӨНЕР – руханият әлемінің айнасы

ӨНЕР – руханият әлемінің айнасы

Жалағаштық ағайын ән-жырдан кенде емес жұрт. Бұрыннан өнер қонып, бағы тасқан, берекелі халық. Оның үстіне өнердің көзі – халықта екенін ескерсек, ел ішіндегі мәдениет саласы бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылды. Соңғы жылдары елді мекендердегі мәдени ошақтар қомақты қаржы нәтижесінде күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы нығайды. Өнер ұжымдары қолдау тауып, түрлі байқауда топ жарғандар көп болды. Мұнда ел құлағын елең еткізер дарын иелері де, жаңа толқын жас өнерпаздарда жетерлік. Айтпақшы, былтыр ғана Жалағаштағы Мәдениет ауылында 150 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілді. Ең бас­ты жетістік ретінде облыс орталығында өткен аудандар онкүндігінде Жалағаштың бірінші орынды жеңіп алғанын айтуға болады. Мәдениет саласындағы мұнан да өзге толайым табыстар жайлы сала жетекшісі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Таңатар Сағалұлы Доспанов айтып берген еді.
– Таңатар Сағалұлы, мәдениет – адамзаттың рухани байлығы, баға жетпес құндылығы екенін жақсы білеміз. Ата-бабаларымыз көзінің қос қарашығындай қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа дәріп­теп, қастерлеп келген мәдениетіміздің тегін тектеу, болмысын тану бүгінгі күннің ең қажеттісі екені де белгілі. Сіз басқаратын бөлімге қарасты мекемелердің тыныс-тіршілігін айта отырсаңыз. Салада біз еститін қандай жағымды жаңалықтар бар?
– Рахмет. Соңғы жылдары мәдениет саласының даму серпіні тұрақты оң сипатқа ие болып отыр. Ауданда өткізілген ұлттық, мемлекеттік, кәсіптік және өзге де мерекелерге қалың жұртшылықты тарту, оларды рухани-мәдени топтастыру, еліміздегі жетістіктер мен адамгершілік, имандылық құндылықтарды насихаттауды кең түрде қамтып келеміз.
Жалпы, ауданда мемлекеттік мәдениет және өнер мекемелерінің желісін 6 аудандық және 31 ауылдық мәдениет ұйымдары құрайды. Соның ішінде 7 мәдениет үйі, 9 клуб, 18 кітапхана, тарихи-өлкетану мұражайы мен мәдениет және өнерді дамыту орталығы, Бұқарбай батыр атындағы тарихи үй аудан тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, «Алтын-арай», «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамбльдері, Халық театры,­ «Арай» мәдени үгіт тобы және жылжымалы мәдени-демалыс кешендері жұмыс жасайды. Өзіңіз білетіндей былтыр ғана мемлекеттік бағдарламалар бойынша Мәдениет ауылындағы 150 орындық клубтың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп, өнер ордасы өз жұмысын бастап кетті.
– Аймақтардағы іс-шаралардың өту деңгейі қалай? Халықпен мәдениет қызметкерлерінің байланысы жайлы айтсаңыз...
– Аудан бойынша мәдениет қызметкерлерінің жұмысын оң деп бағалай аламын. Біз былтыр 765 мәдени-көпшілік шара өткізіп, оған 160 мыңға жуық көрермен тартыппыз. Халықтың рухани және эстетикалық сұранысын, не қажет екенін білмей жоспарға өзімізше ештеңе енгізбейміз. Салаға да жылма-жыл бөлінетін қаржы көлемі де артып, былтырғы жылмен салыстырғанда 62 процентке артты.
Мысалы, өткен жылы, мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Жүргеновтың – 120, І.Қабыловтың – 115, Социалистік Еңбек Ері Ұ.Еспановтың 90 жылдық мерейтойлары аясында «Ұлт келбетін ұлықтаған тұлғалар» атты республикалық ақындар айтысын өткіздік. Сонымен бірге облыстық деңгейде Т.Сарыбаев атындағы «Шындық – Тәңір» облыстық жас жазба ақындардың жыр мүшәйрасы, жергілікті сазгер Ж.Даниловтың атындағы «Сағыныш» атты ән байқауы, Социалистік Еңбек Ері Ұ.Еспановтың 90 жылдығына қатысты «Жүрегім жыр құйды таңдайыма» атты жас ақындар мүшәйрасы, Т.Үркімбаевтың туғанына 120 жыл толуына байланысты «Тұғыры биік – Мәңгілік Ел» атты жас ақындар айтысы, Т.Жүргеновтің 120 жылдығына орай «Асыл өнердің алып нары – Т.Жүргенов» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, «Үздік клуб – 2018» клуб кәсіпорындары байқауы сияқты шаралар Жалағашта жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ең бастысы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің есепті мерзімдегі үлкен жетістігінің бірі – Қызылорда қаласында аудандардың өнер күндері өткізіліп, Жалағаш ауданы жүлделі І орынды иеленгенін аса бір мақтанышпен айта аламыз.
Жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері І.Қабыловтың 115 жылдығына орай «Рухани жаңғыру және І.Қабыловтың мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық және «Жалағаш ауданының тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеу мәселелері: жетістіктері мен перспективалары» атты облыстық ғылыми-прак­тикалық конференция өткізіп, ұлт құндылықтарын ұлық­тау­ға да белсене атсалысып келеміз. Осы ретте Бибіәсия Дүйсембиева, Алпамыс Қожаниязов, Роза Боранбаева, Тынымбай Мәдиев, Әсет Шілдебаев, Ұлмекен Меңдібаева сияқты аудандағы мәдениет саласының жүгін тартып жүр­ген алдыңғы мамандарға алғысым шексіз.
– Халықтық атағы бар ұжымдар жұмыстары қалай жүруде? Ел арасына шығу, гастрольдік сапарлар жиі болып тұра ма?
– Халықтық атағы бар «Алтын-Арай», «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамбльдері, «Арай» үгіт тобы, «Халық театры»­ ұжымдары аудандағы ұлттық құндылықтар мен патриотизмді қалыптастыруда қосқан үлесі, еткен еңбегі өте көп. Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің жанында үш «Үлгілі» атағы бар халықтық ұжым жұмыс жасайды.
Аудандағы халық театры танымдық құндылықтарды насихаттайтын әрі сұранысқа ие отандық авторлардың шығармаларын сахналап, халық ризашылығына бөле­нуде. Ұжым жыл басынан бері Қ.Мұхамеджановтың «Қуыр­дақ дайын» комедиясын, Б.Ұзақовтың «Жан дауа» психологиялық драмасын сахналады. Аталған қойы­лым­дармен шалғай жатқан елді мекендерге барып, тіпті, көр­шілес Сырдария, Қармақшы аудандарында гастрольдік сапарларда болды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында ұлттық өнер мен құндылықтарды дәріптеу мақсатында Далдабай ауылдық клубы жанынан «Қыл қобыз» үйірмесі, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан «Мұрагер» фольклорлық ансамблі, «Жігер» этно тобы, Т.Жүргенов ауылдық мәдениет үйі жанынан «Шұғыла» фольклорлық ансамблі аса жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс жасауда.
Айта кету керек, республикалық, аймақтық, облыстық мәдени шараларға, байқауларға қатысу, мәдени байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан өнерпаздары түрлі 27 байқауға қатысып, 30-дан астам түрлі жүлделі орындарды иеленді.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды жастар жылы деп жариялағанын білесіз. Осы орайда аудан жастарына байланысты атқарылған ауқымды шараларға тоқталсаңыз...
– Жастарды өнерге баулу бағытында айтыс, көркемсөз, вокалды ән үйірмелері құрылып, жұмыс жасауда. Бәріміз білеміз, елдің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларды танымал ететін, ел мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ең тиімді тәсілдердің бірі – кино өнері. Аудан жастарының киноға деген қызығушылығына талдау жасау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізілген болатын. Сауалнама қорытындысына сәйкес, жастардың кино көруге деген белсенділігі жоғары екендігі анықталды. Осы ретте мәдениет және өнерді дамыту орталығында арнайы кинозал аудан тұрғындарына ел тәуелсіздігінің тұғырлы көрінісін ұлықтайтын, имандылық, тәрбиелік маңызы бар, рухани-мәдени мұраларды насихаттайтын отандық кино туындыларын үлкен экран арқылы көрсетуде тұрақты жұмыс жасалып келеді.
Аудандық деңгейде жас буынға қатысты ауқымды шаралар, соның ішінде «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты келіндер байқауы, мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Пейілі кең, жүрегі дархан асыл жандар» атты ерекше жағдайдағы балалардың шығармашылық кеші, Қ.Сағырбайұлының 195 жылдығына арналған «Күй құдіреті» атты күйшілер байқауы, «Ғашықпын мен...» атты жарасымды жұптардың өнер сайысы, «Аталар жолымен, ағалар ізімен» атты мәдениет пен білім саласының ардагерлерімен кездесу кеші, «Отбасы – алтын діңгек» атты аудандық отбасылық байқауы, «Сері жігіт – 2018» атты аудандық байқауы, «Үштілділік және қазақ тілінің мәр­тебесі» атты тіл жанашырларының қорытынды мә­жілісі өтті. Болашақтың іргетасын қалайтын жастарға дұрыс тәрбие беруде сала жұмысы дұрыс жолға қойылған деуге болады.
– Шыны керек, кітап оқитын бұрынғы қалың оқырман азайды. Кітап оқып, танымын кеңейтіп, музей арқылы өткенін ұғатын бүгінгі ұрпақ сіздің ойыңызша бар ма? Біз білетін Жалағашта көше кітапханасы ашылғанын да естігенбіз. Осы жайлы әңгімеге арқау етсек...
– Еуропа елдерінде бірнеше жыл бойы көше кітапханалары жұмыс істеп келеді. Ол жерден кез келген азамат ұнатқан кітабын алып кете алады. Ол үшін оқырман билеті керек емес. Осыған ұқсас жоба Жалағаш ауданында қолға алынып, «Көше кітапханасы» ашылды. Кітап сөресін ауданның «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен аудандық аурухананың ауласына орналастырдық. Халық ұнатқан кітапты алып кете береді, тіпті, өз кітап қорын әкеліп қосып жатқандар да баршылық. Бүгінде ақпараттық технологияларды ендіру және дамыту бағытында РАБИС бағдарламасының электронды каталогына 110 339 дана кітап, 6917 мақала енгізілген. Санды форматқа көшірілген кітаптар 800-ге жуықтады. Биыл Жаңадария, Т.Жүргенов және М.Шәменов ауылдары мәдени, рухани, ақпараттық білім беру орталығы саналатын ауыл кітапханасы заман талабына сай жаңаша жабдықталып, «Модельді ауылдық кітапханаға» айналып отыр.
Тағы бір айта кететін жаңалық, Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданда коворкинг орталығы ашылды. Мұнда келушілер көп. Қазір кітапханалар енді тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, қала, ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналып отыр.
Музей туралы айтар болсақ, барлығы 6870 экспонат қоры бар. Мұнда аудан тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін 2 зал мен көркемсурет галереясы жұмыс жасайды. Осы өңірдегі ерте дәуірдің геологиялық тарихынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы толық қамтылған.
– Ұлт құндылығына үлес қосатын, тарих тылсымын шертетін ескерткіштер Жалағаш топырағында жетерлік. Жент қаласын айтпағанда, Түмен әулие, Беркінбай кәлпе, Бұқарбай батыр кесенелері керемет тарихи жәдігерлер екені белгілі. Осы қазынаны сақтау мен қорғау мақсатында қандай жұмыс атқарылды?
– Ауданда орналасқан 64 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Ішінде республикалық маңызға ие орта­ғасырлық Жент қаласы да біздің өңірде. Ескерткіштерді қорғау, сақтау және насихаттау сияқты жұмыстарды арнайы жоспар бойынша тұрақты жүргізіп келеміз.
Мысалы, кент орталығында орнатылған мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Жүргенов, І.Қабылов, Социалистік Еңбек Ері Ұ.Еспановтардың кеуде мүсіндері, 1930 жылдардағы әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған Қарақұм көтерілісіне арналған ескерткіштерін есепке алу бағытында облыстық комиссияға ұсыныс әзірленуде.
Жастар мен оқушыларға, келген арнайы қонақтарға экскурсиялық жол картасына сәйкес аудандық тарихи-өлкетану музейі, Түмен әулие, Беркінбай кәлпе, Бұқарбай батыр кесенелеріне, Домалақ, Қосабалы, Үңгірлі асар ескерткіштеріне жыл сайын саяхат ұйымдастырамыз. Сонымен бірге, Қызылорда қаласының көрікті жерлеріне және Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Қорқыт ата кешеніне тарихи-танымдық экскурсиялар көптеп болып тұрады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ержан Қожасов.
Суретті түсірген Маханбет Ахметов.

29 қаңтар 2019 ж. 1 800 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031