Саламатты өмір салтын насихаттау жолында
Шараны «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева ашып, халық денсаулығын нығайтуға, саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған акцияның маңыздылығына тоқталды.
Айта кетейік, 3-8 қыркүйек аралығында «Денсаулық фестивалі – 2018» акциясына орай, аудандық емханада ашық есік күні сондай-ақ, оқушылар, студенттер, тұрғындар арасында мәдени-спорттық ойындар ұйымдастырылған болатын. Қорытындысы бойынша жарыс жеңімпаздары мен акцияға белсене қатысқандар марапатталды.
Еліміздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» даму стратегиясының ең маңызды басымдылықтарының бірі денсаулық, білім алу мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттырып, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Осы орайда бүгінгі фестивальдің берері мол. Акцияның мақсаты – жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, қоғамның, бұқара халықтың назарын аудару, – дейді ұйымдастырушылар.

Әсіресе, жиылған жұртшылық ауданның жас таеквондошыларына толассыз қошемет соғып, өнерлерін жоғары бағалады. Олардың бірі 2-3 метр биіктіктегі құтыны аяғымен теуіп түсірсе, енді бірі шеберлігімен көзге түсті.
Арнайы құрылған «Денсаулық қалашығында» аудан тұрғындары мен қонақтары медициналық жолдамасыз-ақ дәрігерлерге қаралып, түрлі диагностикалық тексерулерден өтіп, тегін жедел-анализдер тапсыруға мүмкіндік алды. Шара соңы түрлі мәдени-концерттік бағдарламаларға ұласты.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
М.ТАБЫСБЕКҰЛЫ (сурет).