» » АТА КӘСІП АЛҒА БАСТЫ

АТА КӘСІП АЛҒА БАСТЫ


Қазақтың әуел бастан мал шаруашылығы оң жамбасына келетін іс екенін білмейтін жұрт жоқ шығар. қазір егін шаруашылығы да алға жылжып, істің ебін білген еңбеккерлер саланы едәуір ілгерілетті. Десе де тың игеру жылдарына дейін ауыл шаруашылығының ішінде төрт түлікті түлету қарапайым халықтың ата кәсібіне айналды. Мұны “Ақ мол болсын, қораң малға толсын” деген қазақ батасындағы жолдардан да аңғаруға болады. Тіпті “Жылқы мінезді қазақ”, “Қазақтың қара нары” деген теңеулер де көптеген нақылдарымыздың төрт түлікпен байланысы барын аңғартады.
Бұрын қазақ жері отырықшылыққа әуел бастан бейімделмегендіктен егін шаруашылығы бірден бүгінгідей алға жылжыған жоқ. Оның үстіне көне техникалар да заманында еңбеккерлер жұмысын ширатуға едәуір кері әсерін тигізді. Сонда да қажырлы мамандар талмай еңбек етіп, қамбаны астыққа толтырудың керемет үлгісін көрсетті. Дәл қазір ауыл шаруашылығының ішінде егін саласы айтарлықтай алға жылжыса, оның осындай жағдайға жетуінде атыздық жағалап, жатпай-тынбай еңбек еткен аға-апалардың қолтаңбасы бар. Бүгінде төрт түлікті түлетіп, экономиканың күре тамырына қан жүгіртіп жатқан шаруашылықтар бар екенін айта кеткен жөн. Мәселен, бір ғана Жалағаш ауданында жүзге жуық шаруашылық мал өсірумен айналысуда. Олардың бірқатары асыл тұқымды мал басын арттыруға жұмыс жасауды әлдеқашан бастап кетті.
Бұрын төл басының өсім алғанына қуанатын қазақ қазір сапаға мән береді. Себебі елде ет бағытындағы мал шаруашылығының дамуы сыртқа өз өнімімізді ұсынуға жол ашуда. Қазір мал бағып, пайдаға кенелемін деген жандар үшін де мемлекет қолдау көрсетеді. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты бағдарламалардың тиімділігін бір ғана Жалағаш өңірінен аңғаруға болады. Биыл да бірқатар серіктестік пен шаруашылық мемлекет қолдауының демеуімен салаға серпін әкелуге ынталы. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасымен аудан іргесіндегі Ақсу ауылынан «Ержанов Д» ЖК «АгроНесие корпорациясы» АҚ арқылы 200 бас мүйізді ірі қара алуды жоспарлап отыр. Ал Таң ауылдық округінен «АгроЛидер Таң» ЖШС «Байқоңыр ӘКК» арқылы 100 бас сиыр алып, кәсібінің көкжиегін кеңейтпек.
Ауданда өз қаражатымен шаруашылық жұмысын жандандырып, өңірдегі мал басының өсуіне өз үлесін қосып жатқандар бар. Мәселен «Қайыпназарова Қ» ШҚ өз қаражатымен Ресейден 125 бас мүйізді ірі қара алып келуге ниетті. Бұйыртса, шаруашылықтар бұл жұмысқа қыркүйек-қазан айларында кіріспек.
Осы ретте «Іскер азаматтар жаппай мал шаруашылығын не үшін қолға алып жатыр?» деген сауал туындауы мүмкін. Себебі осыған дейін мемлекет ұсынған несиемен іс бастаған жандардың жұмысы алға басып, үлкен пайдаға кенелді. Алдағы уақытта тағы да бұлардың қатары қалыңдай түсері сөзсіз. Аққыр ауылындағы «Нұр-Бек» шаруа қожалығы мың бас қой алу үшін құжаттарын дайындауда. Кәсіпкер 620 гектар жайылымдық жерін де рәсімделген. Қаракеткен округінен «Қаншайым» ШҚ «Агронесие корпорациясы» АҚ-дан 11млн 875 мың тенге несие алып, өз қаражатын қосып 805 бас қой сатып алды. Шаруашылық басшысы енді мал басын асылдандыруға жұмыс жасамақ. Жаңадария ауылының тұрғындары да мал шаруашылығын дамытуға ынталы. Елді мекендегі «Хадиджа» және «Ханшайым» ЖК «АШҚҚҚ»АҚ-дан 10 млн теңгеден несие алып, 664 бас қой сатып алуда.
Шаруашылықтар жұмысының алға басуы тек кәсіпкер үшін ғана емес, аудан үшін де тиімді. Себебі өңірдің салық базасының нығаюына да олардың қосар үлесі зор. Бір сөзбен айтқанда, Жалағашта қай бағытта кәсіп ашамын десең де мамандар мемлекет ұсынған қолдаумен демеуге дайын.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

20 шілде 2019 ж. 1 269 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930