СЫР САЛЫСЫНЫҢ ШЫҒЫмЫ БІТІК
Күз болса даласы дәнге толатын ырысты өңірдің бірі – Жалағаш. облыс қамбасына құйылатын астықтың үштен бірін жиған өңірге жұрт бас бармақпен баға береді. Расында, аграрлық ауданның бүгінде әлеуеті артып, шаруашылықтардың шаруасы ширай түсті. Жыл сайын ақмаржаннан тау тұрғызып, рекордтық өнім алатын еңбеккерлер дәстүр сабақтастығын үзбей келеді. Былтыр да Жер ананың берген несібесін жауынға қалдырмай адал еңбектің керемет үлгісін көрсетті. Қыстай кетпенін мұзға қайраған диқандар күзде кірісті көбейтудің қамымен жүр.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласында бұл өңірдің жеткен жетістігі көп. Биыл Жалағашта 36 665 гектар алқапқа егін егу межеленсе, оның ішінде Сырдың басты дақылы 21800 гектар алқапқа орналастырылды. Мұнан бөлек жаздық бидай мен жаздық арпа, көкөніс және бақша дақылдары күтімге алынды. Егіннің ебін білетін еңбеккерлеріміз үшін күріштің күтімі таңсық емес. Дән себілгеннен суға бастырғанға дейін кетпен арқалаған еңбеккерлеріміз атыздық жағалап, өнімнің бітік шығуына қолайлы жағдай жасайды. Күріш бас алып көтерілгеннен кейін кедергі келтіретін арамшөптерге қарсы және өнім сапасын арттыруға берілетін гербицидтердің де себілетін өз уақыты бар. Тіпті дән жерге егілмес бұрын да алқапқа түрлі гербицидтер себіледі. Мәселен, биыл 6562 тонна аммоний сульфаты, 3100 тонна карбамид, 2272 тонна аммофос минералдық тыңайтқыштары күріш егу алдында егістікке себілді.
Менің әкем де қарапайым шаруаның адамы. Бұл салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар ол 1987-1988 жылдары жауын астында жиналмай қалған дәнді есіне алып, ас та төк астың атыз ортасында ысырап болғанын әлі де айтып отырады. Сөзінше, мұндай олқылыққа сол кездегі техникалардың қауқарсыздығы сеп болыпты. Ал қазір ше, ауыл шаруашылығы саласы алып техникалармен жабдықталған. Жыл сайын жергілікті шаруашылықтар базадағы техниканы жаңартуды дәстүрге айналдырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда әсіресе, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ салаға дем беріп отыр. Техникалардың жаңаруы жұмыскерлердің де ісінің алға басуына айтарлықтай сеп болды.
Егіннің жайына қанығу үшін атыздық басына арнайы атбасын бұрып, ауыл шаруашылығы бөлімінен де тиісті мәліметтерге қол жеткіздік. Биылғы күріштің де шығымы жаман емес. Соған қарағанда күрішшілердің осы жылғы да еңбегі еш кетпейтін сыңайлы. Қазіргі таңда 19125 гектар күріш арамшөптерге қарсы гербицидтермен қамтамасыз етілсе, 8550 гектар алқап түрлі ауруларға қарсы фунгицидтермен өңделіп, 16000 га күріш егісі азот тыңайтқышымен қоректендірілді. Күріш дақылын күтіп баптау жұмыстары уақытылы толық аяқталып, өсу деңгейі масақтану кезеңіне аяқ басты.
Биыл ауданда күріштің 3 түрі егілген. Тұқымның 627 тоннасы “Янтарь”, 4914 тоннасы “Лидер”, 84 тоннасы “Фаворит” сорттары. Дән себу кезеңінде жерге себілген 21800 га күріштің қазіргі жағдайына келсек, мамандар 15260 гектар алқаптағы Сыр салысының шығымын жоғары деңгейге балап отыр. Ал 5995 гектар күріш орташа жағдайда бас алып жатса, 545 гектар алқапқа себілген дән қанағаттанарлық жағдайда екен.
Аймақтың оңтүстік аудандары қазіргі таңда жаздық бидайды жинаудың қамына кірісіп кетті. Ал бізде бұл жұмыстар осы айдың ортасынан басталады деп күтілуде. Көп ұзамай арпа мен бидайға орақ түседі. Мақсарыны жинау тамыздың ортасына межеленіп отыр. Мал азығына қажетті жоңышқаның күтіміне келсек, қазір шаруашылықтар бірінші орымды аяқтап, екінші орымға сайланып отыр. Көктем кірісімен басталған даладағы дүбір күздің соңына дейін жалғасады. Ол да ауылдың сәні ғой. Бастысы, мақсат орындалып, табыс арта берсін.