АТАНҒАН «ҚОСТАНАЙЫ» СЫР ЕЛІНІҢ
Жалағаш – ауыл шаруашылығымен аты мәлім аудан. Жыл сайын әлеуеті артқан аграрлық аймақ экономикасының негізгі күшін де осы сала құрайды. Мұндағы ауыл еңбеккерлері ақмаржаннан тау тұрғызып, ала жаздай атқарылған жұмыстың нәтижесін көруді дәстүрге айналдырған. Оның үстіне кезінде «Қызылорданың Қостанайы» деген айдар да киелі мекенге бекерден-бекер тағылмаса керек.
Өткен жылы өңірде 22 мың 382 гектар күріш, 401 гектар жаздық бидай, 60 гектар арпа, 2 мың 200 гектар мақсары, 4 мың 559,3 гектар жаңа жоңышқа 641,4 гектар картоп, 690,3 гектар көкөніс, 1000,6 гектар бақша дақылдары егіліп, 4456 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған болатын. Бұрыннан Сырдың басты дақылынан мол өнім алатын бұл аймаққа күріш өсіру жаңалық емес. Керісінше, бақша дақылдарын өсіру кенжелеп қалған еді. Қазіргі таңда бұл да шешімін табуда. Жаңадарияның бойындағы «Атжайған» учаскесінде бақша дақылдарын өсіру соңғы жылдары серпін алды. Тіпті, ондағы өнімдер еліміздің өзге де өңірлеріндегі базарларда нарыққа шықты. Сондай-ақ көрші елдерге де экспортталды.
«Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында еңбеккерлеріміздің толағай табысқа жету себебі неде?» деген сауалға жауап көп. Бірінші кезекте күрішшілеріміздің қарым-қабілеті сеп болса, мұнан кейін шаруашылықтардың жаңа әрі заманауи техникалармен жабдықталуы да саланың серпін алуына қолғабыс болып отыр. Жаңа құрылғыларға қол жеткізуде жергілікті шаруашылықтар аянып жатқан жоқ.
Өткен жылға өкпе жоқ. Дән тастаған еңбеккерлерді Жер-ана жерге қаратпады. Барлығы да мол өнімге қол жеткізіп, жылды жақсы жетістікпен қорытындылады. Біреулер судан тапшылық болады деп көңілге күдік ұялатты. Судан кішігірім тапшылық болуын болды. Бірақ, енжарлыққа жаны қас еңбеккерлеріміздің нәтижелі жұмысының арқасында сапалы әрі мол өнім қырманда тасыды. Бұйыртса, осы дәстүр биыл да жалғасын табады деп үміттенеміз.
Биыл ауданда 36 мың 665 гектар жерге егiн егу жоспарланып отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 21800 гектарды құраса, жаздық бидай 306 гектар, арпа 50 гектар, мақсары 2 200 гектар, жаңа жоңышқа 3530 гектар, ескі жоңышқа 6079 гектар, картоп 500 гектар, көкөнiс 1000 гектар, бақша дақылдары 1 200 гектарға егіледі деп межеленуде. Қазірдің өзінде 12 мың 946 гектар күріш егіліп, оның 10 мың 132 гектары суға бастырылды.
Шаруашылықта алынған өнімнің сапалылығы маңызды рөл атқаратынын төрағалар жақсы біледі. Сондықтан олар сұрыптың жоғарылығына аса мән береді. Биылғы жылдың егісі үшін 5 мың 500 тонна күріш тұқымы дайындалды. Оның 550 тоннасы «Янтарь», 4745 тоннасы «Лидер», 205 тоннасы «Фаворит» тұқымды күріш. «Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС 1140 тонна күріш тұқымымен 15 шаруашылықты қамтамасыз етті. Бұл сұрыптардың жалпы құны 148,2 млн теңгені құрайды. Биыл да шаруашылықтар мол өнім аларына сенеді. Алқаптағы жұмыс та қызу жүріп жатыр. Өткен айдың ортасында ғана алғашқы дән себіліп, алды су жүгіртіп қойды. Ендігі міндет күрішшілерде.
Бұл саладағы жұмыстардың қарқын алуы алдымен қарапайым еңбеккерлердің маңдай терінің арқасы. Мұны төрағалар да жақсы біледі. Сондықтан жыл сайын оларға күздің соңында берілетін сыйақы мөлшері де артып отыр. Тіпті, алды автокөлікке ие болды. Былтыр бір ғана Еңбек ауылында еңбеккерлерге 3 автокөлік сыйға тартылды. Мұнан бөлек күрішшілердің алды 5 млн теңгеге дейін қол жеткізді. Ендігі кезекте шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстары жүйеге келсе, бұл талпыныстың басы болмақ. Осыған дейін сырттан тұқым сатып алатын болсақ, қазір өзіміздің шаруашылықтардың бірқатары тұқым дайындау статусына ие болды. Олардың алды биыл дайын өнімін нарыққа шығарды. Біз осыдан-ақ, ауыл шаруашылығының Сыр бойында, оның ішінде Жалағаш ауданында қанат жайғанын аңғарамыз. Осы жылды да жақсы жетістікпен қорытындылау алдағы күннің еншісінде. Күріші кірісіне оң әсерін тигізген өңірдің бұл салада әлі талай белесті бағындырары сөзсіз.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.