ШАҒЫН КӘСІПКЕ БЕТБҰРЫС КӨП
Бүгінгі мемлекеттік саясаттың, стратегиялық бағдарламалардың бІРҚАТАРЫ кәсібін дөңгелетемін дегендерге қолдау білдіруге бағытталып отыр. Мұндағы мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл қазіргі таңда бір жүйеге түсті. Оған өзіміздің аудандағы кәсіп иелеріне қарап-ақ көз жеткізуге болады.
Кәсіпкерлікті дамыту – қашаннан халықтың ахуалын жақсарту мақсатындағы негізгі бағыттың бірі. Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында алдағы уақытта бизнеске іркіліссіз қолдау көрсетілетінін және 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салынатынын атап өтті. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев та кәсіпкерлікті қолдау аясында өңірде көптеген жұмыс атқарылып жатқанын және алдағы уақытта да қолдау қарқын алатынын айтқан еді. Расында, ауданда ірі өндіріс орындары аз болса да, кәсібін шағыннан бастағандар көп. Теңге тиыннан құралатынын кәсібін шағыннан бастап, кейін ауқымын кеңейтіп, игілігін көрген кәсіпкерлер жақсы біледі. Ауданда мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын және орта бизнесті қолға алғандар аз емес. Өткен жылы 2398 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан. Ал жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 13 пайызға артып отыр.
Жалпы аудан бойынша 2019 жылы мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 534 кәсіпкер 3 млрд 390 млн теңгеге қаржыландырылды. Мұнан бөлек жыл басынан бері 556,4 млн теңгені құрайтын 10 ірі жоба мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тапты.
Олардың қатарында жеке кәсіпкер Г.Исахановтың күріш ақтау және жем өндіру цехы, жеке кәсіпкер М.Көптілеуовтің химиялық тазалау орталығы, «Жер Ана» ШҚ-ның 50 бас МІҚ малына арналған сүт фермасы, «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның мал сою және ет бумалау цехы, М.Ертуғанованың 50 адамдық қоғамдық моншасы, Б.Мырзағалиевтың техникалық қызмет көрсету орталығы, Ж.Қазыбайұлының қонақ үй және тамақтану кешені, Н.Ералиевтің балықты алғашқы өңдеу цехы, С.Халықтың құрылыс заттар дүкені, Д.Алпысовтың жылыжай кешені бар. Қазіргі таңда осы аталған кәсіпорындардың барлығы халыққа қызмет етуде. Осынша кәсіпорынның іске қосылуының арқасында 71 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл – аудан үшін үлкен көрсеткіш. Мұнан бөлек «Сыздық» шаруа қожалығының тәулігіне 60 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауытын, жеке кәсіпкер Т.Жұмабекқызының 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын, жеке кәсіпкер Д.Ержановтың тәулігіне 60 тонна қара күріш ақтау және жем өндіру цехы мен «Агрохимсервис-С» ЖШС-ның тыңайтқыштар және құрамында азот бар құрамаларды өндіру зауытын іске қосу алдағы күннің еншісінде. Бұл нысандар іске қосылса, тағы да бірнеше жаңа жұмыс орны ашылары сөзсіз.
Өңірдегі маңызы зор жобалардың бірі – «Nomad Solar» ЖШС-ның күн энергиясын пайдаланатын электр станциясының құрылысы. Жалағаш кентінің шығыс жақ бөлігінде жаңартылған энергия көздерін өндіру мақсатында 30 мВт күн сәулесінен энергия өндіретін электр станциясын салу жұмыстары басталды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында кент аумағынан 164 га жер учаскесі табысталды. Күн электр станциясының құрылысы 75 га жер учаскесіне орналасқан. Қазіргі уақытта 24 адам күзет қызметіне жұмысқа алынған. Бұл жобаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенде 15-тен аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек жыл сайын аудан бюджетіне 150 миллионға жуық салық түсетін болады. Мұндай қаржы көзінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына септігі тиері сөзсіз.
Биылғы жыл да кәсіпке бет бұрған жастар үшін тиімді болмақ. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 530 мың теңге, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант ұсынылып отыр. Грант иегерлері жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер бола алады.
Қарап отырсақ, өңірдегі кәсіпкерлік саласы айтарлықтай даму үстінде. Бір жылдың ішінде бірнеше жоба іске қосылып, жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті бастаймын немесе дамытамын деушілерге мемлекеттік бағдарламалар көмек беруде. Тек ынта, ізденіс керек.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ