» » МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

Біздің еліміз – аграрлы мемлекет. Елімізде тәуелсіздікке дейін ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы өркендеп, кеңінен қанат жайды. Мал өсіретін арнайы кеңшарлар құрылып, мал басын көбейтуді жедел қолға алды. Мақсаты белгілі, халықты экологиялық таза, сапалы, табиғи құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз ету. Әсіресе қала халқының тарапынан ет, сүт, май өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары болды. "Ауыл – қаланың асыраушысы" деген сөз сол кезеңдерде шығып, ауыл шаруашылығының афоризміне айналып кетті. (Қазірде ауылдың қаланы асырайтын қауқары жоқ). Сол уақытта біздің ауданымыз да бұл аталған сала бойынша өте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ірі қара малдың ет-сүт өнімдерін айтпағанда, Қызылқұм мен Қарақұмға сыймай теріс айналып жайылған отар-отар қойдың қаракөл елтірісі мен жібек жүнінің өзі аудан экономикасының жалын жыққан жоқ. Толайым табысы бар сол төрт түлік аудан халқының да тіршілігіне тірек болды.
Тоқсаныншы жылдары тоқырау келіп, мал ша­руашылығы шатқаяқтап, тіршіліктің кетеуі кетті. Шын­дығында, құм ішінің құты қашып, мал басының лезде кеміп кетуіне жекеменшік желеу болды. Қоғам өзгеріп, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен аласапыранда далада иесіз қалған мал бөліске түсті. Жасырып, жабатын ештеңесі жоқ, кеңшарлардағы төрт түліктің көбі қомағай өңештерге жұтылып, жо­ғалып кетті. Айналдырған бірер жылдың ішінде қа­рапайым халық қаптаған қалың малдың сайдан санын, құмнан ізін шығара алмай жұтап қалды. Оның зардабы тек мал шаруашылығымен ғана жанын ба­ғып отырған кеңшарлардың халқына ауыр тиді.
Бұл өткен ғасырдағы мал шаруашылығының бас­талу және аяқталу кезеңі еді. Алайда жаңа қоғамды құру үшін өткеннен сабақ алуға тиіспіз. Қазақстанның кез келген аймағы егін егуге және мал өсіруге қо­лайлы аграрлық әлеуеті зор ел екенін жоғарыда айт­тық. Сондықтан бұл мәселе өткен ғасырда қалып қоймайды. Қазір де елімізде төрт түліктің тұяғын түгендеп алып, оларды қайта түлетіп, қаңырап қал­ған даланы малға толтыру жұмыстары жоспарлы түрде жасалып, жүзеге асырылып жатыр.
Иә, соңғы он жылдан бері қарай елімізде аталған салаға мән беріле бастады. Мемлекет мал басын көбейтемін деген ынталы топқа қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Қазақпын деген жанның қорасына мал ұстап, бағуға бейімсізі некен-саяқ шығар. Бар болса да, төрт түліктің жайын білгенімен, жалқаулығы жар бермейтіндер болуы мүмкін. Әйтпесе ауылда өскен ер азамат түгіл, қыз балалардың өзі қазір мал шаруашылығын өркендетуді қолға алды. Жа­йылымдық жерін заңмен рәсімдеп, қора-жайын са­лып, ірі қара мал бордақылайтын алаңдар ашып, кәсібін бастап кеткен қыздар бар ауданымызда. Осы нәзікжандылардың тәуекелі жеткен істі тепсе темір үзетін ер азаматтардың қолынан келмейді деп ешкімді сендіре алмайсың қазір.
Хош, сонымен ауданымыздағы мал ша­руа­шылығының қазіргі жайы қалай, оның төңірегінде қандай мәселелер бар, соған тоқталайық және ол үшін әр жылдардағы көрсеткіштерге салыстырмалы түрде көз жүгіртуімізге тура келеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мал ша­руашылығына жауапты маманы Алтыншаш Жа­қанованың айтуынша, қазірде аудан бойынша 77 кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысып отыр екен. Оның 64-і мал шаруашылығы бағдарламаларына қатысып, Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алған.
Тым әріге бармай-ақ, үш жылға ғана шегініс жасап көрелік. Мәселен, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бері аудан көлемінде барлығы мүйізді ірі қара саны – 31 902 басқа, уақ мал саны – 51 112 басқа, жылқы саны – 12 468 басқа, түйе саны – 500 басқа, шошқа саны – 260 басқа, сонымен бірге үй құстарының саны – 8016 басқа жеткен және осы уақытқа дейін бұл төрт түлік пен үй құстарынан 3658,34 тонна (тірілей салмақта) ет, 11050,7 тонна сүт, 210,3 мың дана жұмыртқа өндіріліпті. Әрине айналасы үш жыл үшін бұл орташадан жоғары көрсеткіш. Тіпті сандарына тағы бір мәрте үңілсеңіз, өте жақсы деп те баға беруге болады. Өйткені ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығының осындай қарқынмен өндірілген өнімдері қырық мыңға жет­пейтін халқы бар шағын ауданды азық-түлікпен толық қамтамасыз етеді. Ет, сүт өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында малды асылдандыру бағыты бойынша да ауданымызда алдағы жылдармен са­лыстырғанда біршама ілгерілеушілік байқалады. Қазірде аудан көлеміндегі асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлес салмағы 0,77%, жылқы 3,4 %, қой 6,1%. Жекелердегі мүйізді ірі қара 77 пайызды, жылқы 72 пайызды, қой 77 пайызды құрап отыр. Бірақ осы көрсеткіштерден көзіңді ала беріп, бір сәт нарыққа назар салсаңыз, бәрі басқаша болып шыға келеді. Ауылдарды айтпағанда, кент ішіндегі сауда орталықтарында, дүкендерде азық-түлік өнімдерінің бағасы тым қымбат. Басқасын сөз етпей-ақ қоялық, халық күнделікті тұтынып отырған еттің және жұмыртқаның бағасы күннен күнге өсіп бара жатыр. "Баға бақылауда" дегенді қанша салмақтандырып, нығырлап айтқанымызбен, ол іске айналмай тек сөз күйінде жұмсарып қалып қоя беретін секілді. Ал дүкендердің сөресінен жергілікті жердің табиғи әрі сапалы сүт, май өнімдерін емге таба алмайсыз. Тек базар маңындағы жабайы сауда нүктелерінен үйінде ұстап отырған бір-екі сауын сиырының бірнеше күндік сүтін жинап, қатық, айран қылып сатып отырған зейнеткерлерді ғана көресіз. Олардың өзі әрі кетсе күніне 10 литр сүт өткізеді. Ол тек бір-екі отбасына ғана жететін мөлшер. Мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосып, жергілікті халықты мал өнімдерімен қамтамасыз етіп, қарық қыламын дегендерге мемлекет қаржылай қолдауын аяп қалып жатқан жоқ, шүкір. Тіпті осы аталған салаға құйылып жатқан қыруар қаржыдан бөлек, малдың жайын білмейтін, бірақ кәсіпке ынтасы бар адамның өзіне несиеден бұрын бағыт-бағдар беріп, түліктің қай түрінің қандай климаттық жағдайға бейім екенін және олардың әр басының өсіп-өніп, көбейуі үшін жасалатын амал-тәсілдеріне дейін түсіндіріп, мал шаруашылығының барлық қыр-сы­рын үйретіп, қолына сырығы мен құрығын ұстатып қойды. Нәтижесін аудандық ауыл шаруашылығы бө­лімінің берген мәліметі бойынша пайызға шағып көрсетіп, жазып отырмыз. Соның өзінде жергілікті мал шаруашылығының өнімдері аудан халқы үшін тап­шы. Неге? Ал сырттан келетін өнімдердің бағасы қалтаға ауыр тиеді.
Мәселен, 2017 жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 262 бас аналық сиыр, 9 асыл тұқымды бұқа сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта “Сыбаға” бағдарламасымен аудан бойынша 6 шаруашылық «Ауыл КТ серіктестігі» ЖШС-нан 29,5 млн теңге несие алып, 8 бас асыл тұқымды бұқа мен 219 бас аналық сатып алды. Жоспар 83,6 пайызға орындалды. Ал “Құлан” бағдарламасы бойынша 63 бас бие, 5 айғыр сатып алу жоспарланса, аталған бағдарлама аясында 3 шаруашылық несие ұйымдарынан 27,5 млн теңге қаржы алып, 8 бас асыл тұқымды айғыр мен 92 бас бие сатып алған. “Алтын асық” бағдарламасы аясында 2017 жылы 125 бас аналық қой, 5 бас асыл тұқымды қошқар сатып алу жоспарланып, аталған бағдарламаға қа­тысқан «Доспанов КС» ЖК өз қаражаты есебінен Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы "Әбіл" ШҚ-нан 7 бас асыл тұқымды қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қошқарын сатып алып, 190 бас жергілікті аналықты ИСЖ, ИАС жүйесіне енгізіп жұмыс жасап жатыр. Жоспар 140 пайызға орындалған.
Барласаңыз, бұл да төмен көрсеткіш емес. Бірақ тағы да сол жоғарыдағы жағдай андағайлап алдыңнан шығады. Мүмкін, мәселе әрі-сәрі күйге түсіретін бұл сандық көрсеткіштерде емес, басқада шығар. Біз осы орайда көкейіміздегі күмәнді сейілту үшін жоғарыда аталған бағдарламалар арқылы мемлекеттен төмен пайызбен несие алып, арнайы мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлермен де, тұқымнан көбейтіп, қорасына бірнеше бас мал ұстап отырған тұрғындармен де сөйлесіп көрдік. Мәселен, жиырма жылдан бері қорасындағы оншақты бас уақ мал мен бес-алты сиырдың санын кемітпей келе жатқан Мұрат Ахметов қазірде малдың қыстық жем-шөбін тауып берудің өзі қиындық туғызатынын айтады. Тіпті жаз айларының өзінде мал жайылатын жердің қалмағаны, жайылымдық жерлердің қысқарып, мал­дың өрісі тарылып қалғаны да отбасының нә­пақасын қорадағы азын-аулақ малынан тауып отырған шаруаны алаңдатады екен. Расында, қолға қарап тұрған малдың өнімінде береке болмайды. Әсіресе сауын сиыр мен уақ мал бір мезгіл өріске шығып келмесе иесінің қалтасын қағады. Жем, шөп­тің бағасы жаздың өзінде шығандап кетеді. Ауданымызда тұрақты жұмыс істеп тұрған мал азы­ғын шығаруға арналған цех та жоқ. Цех ашамын деушілер болса, шикізаты жоқ. Ақ күрішке бай аудан болғанымызбен бізге күріш түгіл, оның қалдығы да бұйырмайды. Бәрі сыртқа кетеді. Аудан орталығы мен ауылдық жерлердегі азын-аулақ күріш ақтайтын диірмендерден шығатын жем жалпы халыққа жеткіліксіз.
Қазақтың қылшық жүнді, құйрықты ет-май өндіру бағытындағы Еділбай қойын батыс облыстардан, яғни қырдан әкеліп, құм ішіне жерсіндіріп, бірнеше жыл­дың ішінде басын көбейтіп отырған кәсіпкер, ау­дандық мәслихат депутаты Әуезхан Есбергеновтің де қазіргі мал шаруашылығының жай-күйіне қатысты пікірін тыңдадық.
– Мал бағу бізге жат емес. Ежелден келе жатқан атакәсібіміз. Әлі күнге дейін біздің тұрмысымыздың қисайып-түзелуі осы көшпелі шаруашылыққа тікелей байланысты болып отыр. Әрине бұл қазақтың қо­лынан мал бағудан басқа ештеңе келмейді деген сөз емес. Алайда, әр ұлттың жаратылысында, тұрмыс-салтында өзіне ғана тән өзгешелік болатыны секілді қазақ халқының да төрт түліксіз күні жоқ. Біз атамыз қазақ болғаннан бастап, күні бүгінге дейін төрт түлік малдың айналасындағы тіршілікке бейімделіп кеттік, күні бүгінге дейін мал өніміне тәуелді халықпыз. Өйткені еліміздегі 19 миллион тұрғынның шамамен 45 пайызы ауылда тұрады. Ал ауылдық жерлерде мал асырап, жан бағудан басқа жұмыстың көзі жоқ. Ауылда тұрып қорасына кем дегенде бес-алты бас мал ұстамау қазақ үшін сын. Тіпті ұят. Оның үстіне мал шаруашылығы ел экономикасына да серпін беретін сала. Сондықтан келешекте де еліміздің барлық өңірлерінде ауыл шаруашылығы саласын өркендету ісі кенжелеп қалмағаны дұрыс. Ал енді қазіргі ауданымыздағы мал шаруашылығының жа­йына келсек, екі мыңыншы жылдардың басындағы ахуалмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Мем­лекет мал шаруашылығын дамыту үшін барлық тиімді тетіктерді қарастырып, іске қосып жатыр. Тек біз сол мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Десе де, әлі де оңтайлы шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Мәселен, қазір мал өсіремін деген кейбір ынталылардың мемлекеттен алған қаржысының көп бөлігі белгісіз мақсатта жұмсалып кетіп отыр. Яғни ол адам мемлекетті шығындап, мал шаруашылығының дамуын тежеп отыр. Осы орайда осыдан 7-8 жыл бұрын жабылып қалған «Қызылорда-Агросервис» ЖШС еске түседі. Оның тиімділігі көп еді. Мал өсіремін деушілерге қаржыны кепілсіз беретін және де арнайы құрылған комиссия сол ынталы адамның арнайы барып мүмкіндігін жан-жақты саралап, сараптап көретін. Егер оның мал басын көбейте алатындай жағдайы, мүмкіндігі болса, онда комиссия құрамындағы білікті мамандар өзара келісіп, кеңесіп, сол аймақтың табиғатына төзімді түлікті таңдап, өздері әкеліп беретін. Сонымен бір­ге аталған мекемедегі мамандар қора-жайдың қан­дай материалдан салыну керектігін, оның ішкі қалыпты температурасын, аналық малдарды дұрыс ұрықтандыру, төлдету, одан кейін төлдерге күтім жасап, жетілдіру, түрлі аурулардың алдын алуға байланысты жылдың әр мезгілінде екпелер салу жолдарын айтып, түсіндіретін. Міне, осы мекемені қайта жандандыруды бірнеше мәрте облыс, ау­дан әкімдерінің алдына мәселе етіп қойдым. Әрине басшылар мақұлдап, алдағы уақыттарда қарастыратынын жеткізді, – дейді Әуезхан ағамыз.
Расында қазірде ауыл шаруашылығын қолдау банктерінен мал өсіру бағытында несие алу үшін кепілге қоятын жылжымайтын мүлік сұрайды және де оның құны алатын несиеңмен мөлшерлес болуы тиіс. Көбі кепілге баспанасын қояды. Ал кез келген адамның, соның ішінде ауыл тұрғындарының бас­панасы он бас ірі қара алатын қаржыға баға­ланбақ түгіл, маңайламайды да...
Тағы да санға көз жүгіртейік. 2021 жылдың 1 қаңтарында мүйізді ірі қара – 34 471 бас, жылқы –15 181 бас, түйе – 648 бас, қой-ешкі – 42 799 бас, шошқа – 309 бас, үй құстары – 10 101 дана болып, 3851, 9 тонна ет, 11362 тонна сүт, 224 мың дана жұмыртқа өндірілген. Дәл қазіргі уақытта ауданда 106 шаруашылық мал шаруашылығымен, оның ішінде 88 шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жұмыс істеп отыр. Аудан көлеміндегі асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлес салмағы 2 пайызға, жылқы 0,16 пайызға, ал, қой 24 пайызға жеткен.
2021 жылы индикативтік жоспарға сәйкес 125 бас мүйізді ірі қара малын және 3750 бас қой сатып алу, 981 бас бұқашықты мал бордақылау алаңына өткізу жоспарланып отыр. Аққұм ауылдық округінде орналасқан «Бақдаулет-57» шаруа қожалығы асыл тұқымды сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малының 50 бас аналығын сатып алып, сүт өңдеу цехын ашу бағытында жұмыстар атқаруды қолға алса, Таң ауылдық округіндегі «Манақ баба» шаруа қожалығы асыл тұқымды 30 бас «Әулиекөл» қашарын, Еңбек ауылдық округінен «Боранбай» шаруа қожалығы 20 бас асыл тұқымды «қалмақ» сиырын сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Аққыр ауылдық округіндегі «Атамекен» шаруа қожалығы «Ауыл кредиттік серіктестігі» ЖШС-нан 47 млн 6 мың теңге несие алып, 1 200 бас қой сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Қазірде аталған шаруашылық 400 бас қылшықты қой алып, шаруасын бастады.
2018 жылмен 2021 жылдың аралығында ауданымыздың мал шаруашылығында айтарлықтай өз­ге­ріс жоқ екенін көріп отырмыз. Әйтсе де, аз бол­са сандық көрсеткіштердің көбейгеніне қарап, аталған саланың кері қарай емес, алға қарай кетіп бара жатқаны қуантады. Жалпы біздің Сыр өңірі мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Төрт түліктің қай түрі болса да тез көбейеді. Тек бабын тап. Сосын мал шаруашылығын өркендету өз өрісің мен қораңды ғана малға толтыру емес, халыққа қол жетімді бағада сапалы өнім ұсыну екенін естен шығармаған жөн.
Қуат АДИС
23 наурыз 2021 ж. 3 116 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930