» » ҚҰС ҚАНАТЫНДАҒЫ КӨКТЕМ

ҚҰС ҚАНАТЫНДАҒЫ КӨКТЕМ

Биыл солтүстікке атан бойы қар түскенімен, оңтүстік өңірлерде қыс сылбыр болды. Желтоқсанның соңын ала жапалақтап жауған қардан соң қаңтар мен ақпанның ішінде екі мәрте ғана ақ ұлпа қылаулады. Одан соң қыстың қиюы қашты. Сылбырап жаңбыр жауып, жер лайсаң болды. Тіпті биыл жерге тоң қатқан жоқ. Оңтүстік аудандарда көк қылтиып, жәндіктер ояныпты. Бірақ көнекөздердің сөзінше, шаруаға жайлы болғанымен, табиғат заңдылығында әр мезгіл өз мінезін көрсетуі тиіс. Жұт тілеп отырғаным жоқ, расында, әр мезгілдің тіршілікке өз берері бар. Мәселен, қыста қар түспесе, жаздың да берекесі болмайды. Көкорай шалғынды жазды тек қары қалың қыстан соң көруге болады. Көктемде жауған жаңбырдың суы да шілдедегі шөптің шүйгін болуына анау айтқандай әсері бола қоймайды.

Көктем туды, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі келді. Бұл мезгілді қазақ «Ұзынсары» депті. Осы көкөзек шақта бүйенге салып арнайы дайындаған жылқының төсі мен семіз қабырғасын немесе қысқы соғымнан қалған сүр ет пен қазыны араластыра асқан дәм әлсіреген ағзаға әл дәруән қуат беретінін бабаларымыз бұрыннан біліпті. Бұл көрініске кеше ауылға барғанда куә болдым. Ауыл – берекенің бастауы ғой, жылдың қай мезгілінде барсаң да қым-қуыт тіршілігі бір сәт толастамайды, қам-қарекеттің қазаны қайнап жатады. Әсіресе, қыстың соңында туған уақ малдың төлдері ауылдың сәнін кіргізіп, ерінбей еңбек еткен жанға ырыс айналатынын жамырап айтып жатқандай әсер береді. Күннің шуағына маужырап саңылтырдың үстінде жатқан ала бұзаудың туғанына үш күн болыпты. Уыз көжесінен дәм таттық. Елдің ерні аққа тиген. Ауыл сыртында мал ұстап отырған шаруалардың да қыстаудан ірге бөлетін кезі жақын. Тоқсаныншы жылдардың топалаңы тиіп, қаңырап қалған құм ішінің бүгінде берекесі қайта кіріпті. Қазақ үшін құт – төрт түліктің тұяғында. Сондықтан оларға өрістегі бір бас малының тұяғын екі ету үшін жаз – жайлауда, қыс – қыстауда жыл он екі ай бейнет көруге тура келеді. Бірақ қажымайды, өйткені бейнеттің түбінде зейнет барын біледі. Олар мал шаруашылығына күнкөрістің көзі деп қана емес, иен далада мал бағуды – ұзақ өмірдің кепілі деп түсінеді. Бұған шүбәсіз сенуге болады. Таза ауада ат үстіндегі серуен және күнделікті тұтынып отырған ас мәзіріндегі құнарлы эколо­гиялық таза мал өнімдері шаруалардың сөзін дәлелдей түседі...
Қыста тіршілік атаулы қалғып кетіп, қалың ұйқының құшағына құлағанда да тырбанып тынымсыз тіршілігін жалғастыра беретін ауыл адамдарының жұмысы қазір қыза түскен. Әне-міне дегенше көктемнің жуан ортасы да болады. Жер төсін емген шаруалар жылдағы дағдысынан жаңылмай, соқа-сайманын сайлап, көліктерін майлап қойған. Жер бауыры бусанып, топырақ дегдіген бойда тыңға түрен түсіруге даяр. Ауылдағылар мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығын да өркендетіп отыр. Олар үшін егістік алқап пен жайылымдық өріс басты мәселе. Екеуіне де сәбидің күтіміндей қарайды.
Жеті қат көктің пердесін түріп, күннің нұрын жерге сіңіріп, тіршілікті оятқан көктемнің де алғашқы күндері басталды. Көктемнің иісі ауадан да аңқып тұр, бауыры бусанған жерден де сезіледі. Тіпті көгілдір көктемді адамдардың күлімдеген көздерінен де көруге болады. Үстінен шоқпыт тондарын тастаған ауыл тұр­ғын­дарының қыстайғы қатулы жүздері де жібіген сияқты, көшеде кездесе қалғанда бір-біріне жылы қабақпен шұрқырыса амандасып, арқа-жарқа болып қалады. Жыл құстарының да ора­латын кезі жақын. Естуімше, нәурізек келіпті. Бұл құспен көктем еріп келеді...

Қуат АХЕТОВ

03 наурыз 2020 ж. 572 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930