ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮЛЕТКЕН
...Біз отырған көлік шоқалағы көп дала жолымен орғып-орғып, оңтүстікке қарай соқтыртып келеді. Неше күннен бері жарқырап тұрған күннің көзі жазық даланы біршама кептіріп тастапты, соңымыздан шұбатылып қалып жатқан будақ-будақ қою шаң соның дәлелі. Жүргізуші жігіт көңілді, біз бағыт алған шаруашылықтың жайылымдық жері және сол жерді жайлап, қыстап отырған малшы жігіт жайында әңгімелеп келеді. Оның айтуынша, «Дәулетбай» мал ұстауға ыңғайлы аймақ. Жазда – жері от, шөбі шүйгін, қыста – малға ықтасын болар сексеуілді, жыңғылды қалың тоғайы бар. Сондай-ақ, шопыр шаруашылық төрағасының өте еңбекқор, шаруаға бейім жігіт екенінен де хабардар етті. Әкеден қалған малдың тұяғын кемітпей, жыл санап көбейтіп отыр екен.
Біз малшы ауылға жеткенде сәске түс болды. Жапандағы малшының сенетін жалғыз серігі – ит. Біздің дүбірімізді алыстан сезген үш-төрт маң төбет әупілдеп үріп, алдымыздан шықты. Малға тиетін төртаяқты түз тағысында болмаса, қотанды күзеткен төбеттердің екіаяқтыларда аса бір өші жоқ сияқты, біздің зиянсыз екенімізді білген соң, қайтадан күншуақтағы орындарына жайғасты. Бұл мезгілде мал баққан шаруа жайбарақат үйінде жатпайды. Төрт түліктің төлдеп жатқан кезі. Сондықтан, біз үйге соқпай, тұп-тура у-шу болып жатқан үлкен албар қораға бет алдық. Расында, үй иесін отбасымен осы жерден таптық. Малшы ауылдың көктемгі қым-қуыт тіршілігі осы албар қорадан көрініс тапқан. Жас төлдердің жарыса жамыраған дауысы айналаны азан-қазан қылып жатыр. Жүзі күн мен аязға тотыққан жас жігіт бізге дауысын соза сәлем беріп, жылы қабақпен қарсы алды. Бұл – осы "Сайлау" шаруашылығының малшысы Нұрсұлтан Орынбаев. Нұрсұлтан неше жылдан бері малдың жайын әбден үйренген. Шаруашылықтың иесі де осы маңда екен. Амандық сұрасқан соң ол бірден өз жайына ойысты.
– Қазақ даласының ырыс, құты – малы. Бос жатқан далаға қала тұрғызбасақ та, халық игілігіне жаратып, дұрыс пайдалануымыз керек. Оның жолы – ежелден ата-бабамызға құтты мекен болған осы жерлерді төрт түлікке толтыру. Қазіргі заманның талабы да сол, жұмыссыздықтың жетегінде жүре бермей, қолыңнан келген кәсіпті меңгеріп, оны табыс көзіне айналдыру. Бірақ, қолға алған кәсібің табыс әкелу үшін оның сапасы да жоғары болуы тиіс. Яғни, өндірген өніміңізге тұтынушылардың тарапынан ешқандай мін тағылмауы керек. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде мал шаруашылығын жандандыру мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың да талабы осы. Біз де осы талаптың үдесінен шығу үшін 2015 жылдан бері "Сыбаға" бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қараның тұқымын асылдандырып, ет-сүт өндіру бағытында жұмыс жасап келеміз. Қазірде шаруашылықта 120 бас аналық сиыр бар. Әр екі жыл сайын Арал өңірінен 4 бас асыл тұқымды қазақтың ақ бас бұқасын әкеліп отырмыз. Оның әр қайсысы орта есеппен 800-900 келі тартады. Шөлді аймақтардың табиғи жағдайына тез бейімделеді. Сондықтан, оның бабы да жеңіл, шығыны да аз. Алайда, қолға ұстап отырған жергілікті аналық сиырлардың тұқымын жақсарту үшін асыл тұқымды аталықтың да күйі жақсы болуы керек. Ал, олардың күйі күнделікті күтіміне тікелей байланысты. Алдағы уақытта қолдағы бар қой, жылқы, түйенің де тұқымдарын жаңарту жоспарымызда бар. Жапан далада жалғыз отырып мал бағу оңай шаруа емес, әрине. Бірақ, алға қойған мақсатыңды жүзеге асыру үшін, сол бейнеттің бәріне төзуіңе тура келеді, – дейді шаруашылық төрағасы Болат Ойнаров.
Иә, елден жырақ, жазда ыстыққа күйіп, қыста суыққа тоңып мал соңында жүрудің қиыншылығын тек оның бейнетін көрген адам ғана сезінеді. Алайда, соншалықты қиындықпен келетін берекенің бастауы да осы мал шаруашылығында екенін түсінген екі адам болса, соның бірі осы – Болат. Әкесі Сайлау ақсақал да сонау Кеңес заманында отар-отар қой бағып, Қызылқұмның қойнауын құтқа толтырған озат шопандардың бірі. Міне, енді бүгін қарттықтың құшағына құлаған әкесінің таяғын баласы ұстап, ата кәсіпті жалғастырып отыр. Бала күнінен шаруа жайын бағып өскен Болат та қазір өз кәсібінің қыр-сырын жете біледі. Малшыларына да өзінің ұзақ жылдық тәжірибесінен ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.
Қазірде бұл шаруашылықта төрт түлік малдың барлығы бар. Тек алдағы күндердің еншісінде солардың басын кемітпей, санын көбейтіп, сапасын арттыру міндеті тұр. Болаттың дастарханынан төрт мезгілде де ағарған үзілмейді. Отбасымен сүт өнімдерінен жасалатын эклологиялық таза тағамдар мен сусындар тұтынып отыр. "Түздегі мал үй ішіне береке үйіреді" деген осы.
Біз қорадан қайтқанда малшы ауылға ымырт үйірілді. Шаруаның бағзыдағы әдетімен көкке көз тіккен Болат жаңа туған айға қарап ішінен бірдеңе деп күбірледі. Иә, ай шалқалап қалыпты. Айдың бұл туысы өзіне жайлы болғанымен, шаруаға жайсыз. Байқаймыз, Болат осыны ойлап, іштей уайым қылады. Алайда, ол ойын бізге білдіргісі келмей, «Көктемге іліндік қой, енді күн жылынатын шығар», – деп, ертеңгі күнге үмітін жалғады. Иә, шынында, қыстың қаһары қайтты, дәл қазір күн көзінен шуақ сауып отыратын шақ. Десе де «Сәуір болмай, тәуір болмайды». Енді таяу күнде сәуір де туады. Содан соң мал баққан қазақтың берекесі тасып, ырысы арта түседі...
Қуат АДИС.