Кәсібінің игілігін көрген
Жалағаш кентінен шығып, Сырдария көпірінен өткен соң жолдың оң жақ батысында аумағы атшаптырым жерді алып жаткан көл көрінеді. Бұл көлдің аты «Иіркөл» екенін және мұнда «Тулеков» шаруа қожалығы орналасқанын көпшілік біле бермейді. Бұл көл негізінен Сырдариямен тағдырлас, жазда коллектор арқылы келген сумен арнасына толса, күзге қарай Сырдария суы азайған шақта көл де тартылып, табаны көрініп қалады. Бірақ «Иіркөлдің» шөбі шүйгін, айналасы малға жайлы. Көлді жағалай өскен жиде, жыңғыл, шеңгел аралас ну тоғайды қыста мал ықтасын етсе, жазда батысқа қарай жазық далада жайылады. Жеке кәсіпкер Б.Тулековтың айтуынша, қожалықтың жайылымдық аумағы 160 гектар жерді құрайды. Осыдан 10 жыл бұрын шаруа қожалығын ашқан кәсіпкер көлдің басынан тұрғын үй салыпты. Мұнан бөлек өз қаражатына он ірі қара, бір асыл тұқымды бұқа алып, кәсібін бастайды. Бүгінде жайылымын сайлап алып, малын бағып семіртіпті. Мал баққанға бітеді, төлге төл қосылып, қазір қарауындағы мүйізді ірі қара саны отыз басқа жеткен. Жұбайы Жанат сиырларды сауып құрт, ірімшік қайнатып, дастарқан мәзірін дайындайды. Артылған сүтті базарға өткізеді. «Бейнет түбі – зейнет» деген, бүгінде баққан малдарының өнімдерін өндіріп, игілігін көріп келеді.
Отан – отбасынан басталады. Кез келген баланың өмірге бейімделіп, азамат болып қалыптасуы ата-анасының тәрбиесіне байланысты. Осы орайда шаруашылық иесі де балаларын жас кезінен еңбек етуге, оқып білім алуға тәрбиеледі. Сол тәрбие өз жемісін берді. Бүгінде балалары ер жетіп, әр салада еңбек етіп келеді. Үлкен ұлы Бақытжан – Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінде тергеу бөлімінің басшысы, ал Бауыржан – аудандық «Қазсушар» өндірістік учаскесінде су реттеуші. Бағжаны – «Інжу» бөбекжайында меңгеруші болса, Батыржан аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып қызмет істейді. Ал қара шаңырақтың иесі Қаппар Бауыржан қосымша қожалық жұмысын атқарып келеді. Жас кезінен шаруаға араласып өскен ол «Құлан» бағдарламасы аясында несие алып, сол қаржыға 10 бас бие мен 1 бас айғыр сатып алған болатын. Биелер үйірге түсті. Бүгінде сол биелердің соңында алты құлын еріп жүр. «Иіркөлдің» басында жылқы мен сиыр малына арналған қора бар. Қожалықтың малы қыста құдықтан су ішсе, жазда көл жағасындағы суат басында жатады.
Кәсіпкер алдағы уақытта көлдің басынан демалыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, көлдің басында сиыр сауылып, сүт өнімдері дайындалады. Бие байлап, қымыз өндіреді. Осылайша демалуға келген қонақтарға барлық жағдай жасалады. Кәсіпкер Б.Тулеков қайырымдылық акцияларына қатысып, спорт шараларын ұйымдастырып келеді. Соның айқын айғағы – аудан ардагерлері арасындагы балық аулау жарысы осы «Иіркөлде» биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Ардагерлердің аудандық жарысына екі жыл қатарынан демеушілік жасады. Сонымен бірге арғы аталары, соғыс ардагерлері Жалғасбай Мылтықбаев пен Жолдасбай Тулеков атындағы мылтық ату турнирін өткізіп, төрт жыл қатарынан демеушілік етті.
Жалпы, Бақытбек – спорт саласының жанашыры. Бүгінде «Наркескен» спорт клубына басшылық жасайтын ол орталық стадионды жөндеп, қайта қалпына келтіруге атсалысты. Тыңнан топырақ төктіріп, тал ектіріп көркейтіп-көгалдандыру жұмыстарына да өз үлесін қосты. Бүгінде Наркескен спорт клубы жанынан ұлттық спорт үйірмелерін ашуға ықпал етіп, талантты спортшыларды тәрбиелеп жүр. Білімі мен тәжірибесін спорт саласын дамытуға арнап, аудан абыройын асқақтатып жүрген азамат бір жағынан кәсібін дөңгелетіп отыр.
С.кәрібаев.