» » ЖАЛАҒАШТАҒЫ ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР – ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ

ЖАЛАҒАШТАҒЫ ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР – ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ

Елімізде кез келген салада қалыптасқан серпіннің тарихына үңілсек, тірелер тұсымыз да тәуелсіздік екені анық. Міне, “Бейбіт қоғамда ұрпағым мамыражай күн кешеді” деп кешегі сан қилы кезеңді басынан өткерген бабамыздың егемендікті армандап, сол жолда бар күшін сарп еткені де сондықтан. Қазіргі таңда ерен ерліктің жемісін ұрпағы біздер көріп келеміз. Тәуелсіздік жылдарының басында еліміз қиын күндерді еңсеріп, әр саланы ілгерілетуде атқарған табанды еңбегінің нәтижесін бүгінде бір ғана Жалағаш ауданына қарап бағамдауға болады.

Иә, осыдан 4-5 жыл бұрын аудан әкімін аудан активіне таныстыру барысында бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан орталығы ауылдық елді мекендер кейпінде қалып кеткенін сөз етіп, Жалағаштағы әріптестерін сыннан сабақ алуға шақырған еді. Расында ол тұста кент орталығын көркейту жұмыстары ақсап тұрғаны да ақиқат болатын. Бірақ сол кезеңмен қазіргі аудан орталығының әлеуетін салыстырар болсақ, тарқатып жазар дүние көп.
Жалағаш пен Қызылорда қаласын жалғап жатқан 90 шақырым жолдың сапасы сын көтермейтінін бері қойғанда ішкі көшелердің жағдайы да аса мәз емес еді. Кент тұрғындарының күн тәртібіндегі негізгі мәселесі де осы болатын. Аудан әкімі болғалы Асылбек Шаменовке тұрғындар тарапынан қойылар сауалдың басым бөлігі осы жол сапасына тікелей бағытталды. Әріптестерін елдің көкейіндегі мәселенің түйінін тарқатуға жұмылдырған өңір басшысының қолға алған жобалары тек жол сапасының жақсаруына ғана емес, аудан әлеуетінің артуына ықпал еткенін біз жақсы білеміз.

Кент орталығында Еңбек Ері Алдаберген Бисенов пен бір жылдары аудан тізгінін қолға алған Байбол Сопбеков атындағы көшеде жауын-шашын былай тұрсын, жәй күндері көлікпен жүру жолаушылар үшін мұң еді. Ел ағаларының қолға алған жобасының арқасында қазір бұл көшелер мемлекеттік бағдарламамен толық асфальтталды. Жол құрылысының басында өңір басшысының өзі жиі бой көрсетіп, мердігер мекеме ұжымына мейлінше сапаға мән беру қажеттігін ескертіп отырды. “Жол азабын жүрген біледі” деген рас екен, жалағаштықтар соңғы 1-2 жылда ішкі көшелердің жақсарғанын аузынан тастамайды. Ері еңбек етсе, елі қашанда оның бағасын беруге дайын ғой. Орталықтағы Абай көшесінің өзі қандай еді кезінде. Ұлы ақын атындағы көшенің орталық базар маңы жауын жауса, көлге айналатын. Сауда орындары көптеп шоғырланғандықтан айналасы күл-қоқыстан арылмайтын бұл көшенің де бүгінде мәселесі толықтай шешімін тапты.
Жалпы жол құрылысына келсек, соңғы 1-2 жылда тек кент орталығы ғана емес, ауылдық елді мекендерге кіреберіс жолдарға да жергілікті билік тарапынан мән беріліп жатыр. Бүгіннің өзінде Есет батыр мен Мәдениет ауылына кіреберіс жолдар асфальтталып жатса, Еңбек ауылына кіреберіс үлкен жолдың құрылысы тәмамдалды.

Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігіміз тек жол сапасын жақсарту ғана емес еді. Әсіресе соңғы жылдары Жалағашта түрлі әлеуметтік нысандар жаңартылып, бүгінде оның ел игілігін көріп отыр. Былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында орталық аурухана құрылысы тәмамдалып, бүгінде 100 орындық зәулім нысан жалағаштықтардың қажетіне жарап тұр. Ал кезінде оның орнында болған асар әдісімен ертеректе салынған көне аурухана ғимараты апатты жағдайда болған еді. Бұл мәселеге қатысты халықтың талап-тілегін жоғарыға жеткізе білген ел ағалары осылайша әзірлеген жобасының жемісін жұртымен бірге көріп отыр. Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктер барлық салада серпін қалыптастырды. Солардың ішінде өңір үшін ең жағымды жаңалық болғаны көгілдір отынның келуі еді. Кешегі аймақ басшысының ауданға сапары барысында аудан орталықтарын газбен қамтамасыз ету жұмыстары Жалағашта қорытындыланды. Иә, бұл күнді өңір халқы асыға күткенін біз жақсы білеміз. Аудан әкімінің де мердігер мекеме мен жауапты мамандарға “Жалпы құны бірнеше млрд теңгенің халық зардабын емес, игілігін көруі керек, сондықтан мейлінше сапаға мән беріңіздер” деп жиі тапсырма беретіні де сондықтан. Міне, осы тұрақты қадағалаудың арқасында шілде айының басынан бері жалағаштықтар көгілдір отынның игілігін көріп келеді.

Аграрлық аудан үшін ауыл шаруашылығында көш бастау дәстүрге айналған. Екі жылда күзгі науқанды “Үздік аудан” номинациясымен қорытындылаған жалағаштықтар биыл да бұл салада су тапшылығына қарамастан табанды еңбек етті. Нәтижесін алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. Бастысы бұл жылда жағымды жаңалық көп. Ордалы отыз жылда жеткен жетістік тәуелсіздіктің тұғырлы болуына сеп болары анық.

Ерлан СОЗАҚБАЙ
07 шілде 2021 ж. 1 349 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930