» » Ауыл шаруашылығы: егінді әртараптандыру маңызды

Ауыл шаруашылығы: егінді әртараптандыру маңызды

Жалағаш ауданының халқы жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жатқанын бәрі жақсы біледі. Тіпті өнім өндіруде бірнеше жыл қатарынан аймақта көш басынан табылуы бұл сөзімізге толық дәлел болары анық. Өткен жылға да өкпе жоқ. Дала дарабоздарының табанды еңбегінің арқасында былтыр да Сыр салысынан мол астық алдық. Биылғыдай болмаса да су тапшылығы былтыр да қос бүйірден қысты. Бірақ Несіпбай Апрезов, Ұзақ Еспанов, Тұршабек Елеусінов сынды Еңбек Ерлерінің ізін басуға талпынған бүгінгі буынға бұл мәселе қолбайлау болған жоқ. Ала жаздай атыз басында күріштің күтімін жасаған диқандар межелі өнімге қол жеткізіп, күзгі науқанда “Үздік аудан” номинациясын жеңіп алды.

Биыл да салада өндірілген өнім­­нің экспортында қарқын бар. Ауыл ша­руашылығы өнімінің жал­пы шы­ға­­ры­лымы алғашқы жарты­жыл­­дық­та 2 млрд 809 млн теңгеге же­тіп, был­тыр­ғымен салыстырғанда жос­пар 101,8 па­йызға орындалған. Ал ауыл ша­руа­­­шылығындағы негізгі ка­пи­­талға са­лынған инвестиция кө­ле­мі 542,7 млн теңгені құрайды. Жыл басынан бері ауданнан 3 568,5 тон­на күріш экспортқа шығарылған. Мә­се­лен, Ре­сейге 1 572,5 тонна Сыр салысы жө­нел­тілсе, ала тақиялы аға­йын­дар ау­­­даннан 1 767 тонна кү­ріш им­порт­та­­ған. Айыр қалпақты аға­йын­дар да Жа­лағаш жерінде пісіп жетілген 161 тон­на күрішке тапсырыс беріпті. Ал Тә­жікстанға жыл басынан бері 68 тон­на күріш экспортталған. Өткен жыл­дың өзінде экспортқа шыққан күріш өні­мінің көлемі 3 698 тоннаны құрады.

Осыған дейін даланы дүбірге тол­тырған дарабоздар еңбегінің нәти­же­сіне көз жеткізу үшін біз де алқап ба­сына бірнеше мәрте ат басын бұрған едік. Төрағалардың бірінші айтатыны әдет­­тегідей су тапшылығы мәселесі. Алайда шаруашылықтар мұны да ең­се­рудің бір жолын тапқан сыңайлы. Бұрын әр ауылды аралап, сала ма­ман­­дары егінді әртараптандыру бұл мә­селені толық ауыздықтауға мүм­кін­дік беретінін айтқанымен нәтиже кө­ңіл көншітпейтін. Қазір оның тиім­ді­­лігін жергілікті шаруашылықтар же­тік біледі. Сондықтан болар, бүгінде шаруагерлердің ішінде Сыр салысына қарағанда суды аз қажет ететін дақыл­дарға басымдық бергендер көп.

Жалағашта ерте көктемде 36 327 гектар жерге ауыл шаруашылығы да­қыл­дары егілді. Оның ішінде 19 800 гектарға Сыр салысы себілген. Мұнан бөлек 600 гектар жаздық бидай, 90 гектар күздік бидай, 30 гектар арпа, 2 200 гектар мақсары, 3 960 гектар жаңа жоңышқа, 500 гектар картоп, 1000 гек­­тар көкөніс, 1 200 гектар басқа да бақ­ша дақылдары егіліп, 6 800 гектар ескі жо­ңышқа күтімге алынды.
Биылғы су тапшылығының орын алуы диқандар қауымына оңай бол­май тұр. Жоспар бойынша 20 400 гек­­­тар алқапқа күріш егу межеленген еді. Алайда осы мәселенің алдын алу үшін егілетін күріш алқабы 600 гек­тар­ға қысқарған. Ал өткен жылмен са­­лыс­тырсақ, Сыр салысы 1800 гек­тарға қысқарып отыр. Есесіне суды аз қажет ететін 93 гектар жаздық би­дай, 147 гектар жүгері, 30 гектар арпа, 443 гектар мақсары мен 445 гектар жаңа жо­ңышқа егілген. Орналастырылған кү­ріш дақылының 18 678 гектары «Ли­дер» сұрпынан болса, 1010 гек­тар­ға «Янтарь» тұқымы себілген. Мұ­нан бө­лек жергілікті шаруа­шы­лықтар 112 гек­тар алқапқа «Сыр сұлуы» деген жаңа сұ­рып та егіліп отыр.

Егісті әртараптандыру бағытында «Ер-Әлі» ШҚ 90 гектар күздік бидай, «Көктөбе» ШҚ 30 гектарға арпа да­қы­лын орналастырса, «Жансая» ШҚ 52 гектар, «Таң» ШҚ 60 гектар және «Агрико» ШҚ 35 гектар жүгері дақылын орналастырған. Тәжірибелік мақсатта егілген бұл дақылдардан жоғары өнім алынған жағдайда келер науқанда бұ­лар­дың көлемі артады. Көктемгі егіс жә­не дала жұмыстарын жүргізу үшін мем­лекет тарапынан 2 732,7 тонна ар­­зан­датылған дизель отыны бөлініп, ша­руашылықтар толық пайдаланды.

Қазіргі таңда орналастырылған 90 гек­тар күздік бидайдан 540 цент­нер өнім алынды. Бидайдың әр гек­та­ры­­нан 6 центнерден өнім алған жер­гі­лікті шаруашылықтар биыл да күзгі нау­қан­­ды оң нәтижемен қоры­тын­ды­лау­ға та­­лаптанып отыр. Қазірдің өзін­­де 600 гектар жаздық бидайдың 490 гектары жиналып, барлығы 3 430 центнер өнім қамбаға құйылды.

Биыл су алу науқанына жоспар­лан­ған барлық су көлемі 1 млрд тек­ше метрді құраған еді. Оның егінге пай­даланатыны – 845 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке – 157 млн текше метр. Бұған дейін бар­лық каналдар бойынша секундына 105 текше метр су көлемі келуі тиіс бол­са, нақты келген судың көлемі се­кундына 94 текше метрді құрап, 11 текше метр су жоспардан кем келген. Салдарынан барлық егістікте су тапшылығы байқалды. Қазіргі таңда шаруашылық құрылымдары егілген егінді сумен қамтамасыз ету үшін 53 дана түрлі қуаттағы сутартқыш насос қондырғыларын іске қосып, күрішті суға бастыру бағытында жүйелі жұмыс атқарды.

Бүгінде алқаптағы күріш тегіс бас алып тұр. Енді механизаторлар тех­ни­каларын сайлап отыр. Көзге көрінген өнім­ді көл-көсір ысырап қылмау үшін төрағалардың басым бөлігі тех­ни­ка паркін жаңартып үлгерді. 2019-2020 жылдары жалпы құны 5,7 млрд теңгені құрайтын 130 дана заманауи ауыл шаруашылығы техникасы са­тып алынса, биыл шаруашылық құры­лымдары 507,3 млн теңгеге 23 дана ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізді.

Жалағаш бұрыннан ауыл шаруа­шылығында табысты еңбек еткенін жоғарыда айттық. Бұйыртса, биыл да осы дәстүр жалғасады деп үміттенеміз. Еңбекпен еңсе тіктеген елді мекен халқы қазірдің өзінде көктемгі науқанға қызу дайындық үстінде жүр.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ


10 тамыз 2021 ж. 309 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930