» » Ораққа дайындық қазірден басталуы тиіс

Ораққа дайындық қазірден басталуы тиіс

Жалағаш – қашаннан ауыл шаруашылығы саласында мол табысқа кенеліп, мемлекет қазынасын еселеуге елеулі үлес қосып жатқан аграрлық өңір. Қатарынан бірнеше жыл аймақ қамбасына құйылған астықтың үштен бірін жиған бұл ауданға «Қызылорданың Қостанайы» деген айдардың да тағылуы тегін емес. Былтыр облыста «Алтын күз – 2019» мерекесін үлкен жетістікпен тәмамдаған жалағаштықтар тағы да көш бастады. Егін шаруашылығына ебі басым еңбеккерлер биыл да оң нәтижеге қол жеткізуге бел буып отыр.

Ерте көктемде даланы дүбірге толтырған шаруагерлердің еңбегі биыл да еш кетпейтін сыңайлы. Алқаптағы Сыр салысының бітік шығымына қарап осыған дейін атқарылған істің де сапасы жоғары болғанын бағамдай қоясыз. Өткен аптаның соңында ауданға арнайы іс-сапармен келген облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК облыс­тық филиалының директорының орын­басары Ж.Ерназаров егіс басында болып, жалағаштықтардың биыл да оң нәтижеге қол жеткізуіне тілектес екенін жеткізді.
Ауданға арнайы атбасын бұрған мей­мандар Аққұм, Бұқарбай, Еңбек, Жаңаталап, Мақпалкөл, Таң ауылдарында болып, Жала­ғаштың биылғы егін орағына дайындық жұмы­сымен танысты. Аудан әкімі Асылбек Шаменов егілген егіс көлемі және оның қазіргі шығымы жайында баяндап, алдағы қорытынды науқанға дайындық барысы төңірегінде кеңінен тарқатты.
Айта кетейік, биыл ауданда ауыл шаруа­шылығы саласы бойынша 36 731 гектар жер­ге егін егілген болатын. Оның негізгі бөлігі, яғни 21 600 гектары Сыр салысының үлесінде. Былтыр жауын-шашынға қалмай уақытында қамбаға астық құйған диқандар биыл да межеленген уақытта күзгі науқанды оң нәтижемен қорытындыламақ. Оның үстіне соңғы жылдары шаруашылық базаларында техникаларды жаңалу жұмыстары да қарқын алуда.
Ауыл шаруашылығы саласы аграрлық өңірде ілгерілеген сайын өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім қалыптасуда. Мәселен, Жалағашта жыл басынан шілде айына дейін 2 млрд 426 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, көр­сеткіштің 100,6 пайызға артқанын аңға­рамыз. Егін шаруашылығы кірісімізді есе­леуге айтарлықтай көмек болатындықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ауданда басымдық берілген.
Жалағашқа іс-сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы облыстық су шаруашылығы мекемесіне каналдағы судың жоспарлы көлемде берілуін қамтамасыз етуді тапсырып, суды тиімді әрі ысырапсыз пайдалану қажеттігін назарға салды. Сапар қорытындысында Б.Жаханов жалағаштық еңбеккерлердің жыл сайын салада табанды еңбек етіп, өңір қазынасын молайтуға қомақты үлес қосатынын айтып, алдағы науқанды да жақсы көрсеткішпен қорытындылайтынына сенім білдірді.
Айта кетейік, соңғы жылдары мемлекет тарапынан да аталған саланың серпін алуына үлкен қолдау болып жатыр. Сол қарқынды қолдаудың қазіргі таңда жергілікті шаруашылықтар игілігін көріп отыр. Биыл бір ғана Жалағаш ауданының өзіне көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 3300 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл жұмысты «Нефть-Транс Қызылорда» және «РК-Мұнай» ЖШС қолға алды. Уақытында дизель жанармайының литрі шаруашылықтарға 162 теңгеден жет­кізілді. Мұнан бөлек егін шаруашылығын субсидиялауға бағытталған қыруар қара­жат та саладағы іскер азаматтарды ынта­ландыруда.


Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

28 шілде 2020 ж. 353 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930