» » Еңбекпен ырысы артқан өңір

Еңбекпен ырысы артқан өңір

Жалағашқа «Қызылорданың Қоста­найы» деген айдар бекер тағылмаған ғой. Күрішпен ырысы артқан ауданның ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістігін тізе берсек, ауыз толтырып айтар дүние көп. Әсіресе соңғы 3-4 жылда жергілікті шаруашылықтар аталған салаға тың серпін алып келді. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын облыс қамбасына құйылған астықтың үштен бірін жалағаштық еңбеккерлер жиған болатын. Дала дарабоздарының мұндай жетістігін қаншалықты бағаласақ та артық болмайды. Қазір бұрынғыдай емес, шаруашылық төрағалары да олардан айлығынан бөлек қосымша сыйақысын аяп жатқан жоқ. Бір қуанарлығы, еңбек ақталып жатыр.
Саладағы толайым табыс өңір қазы­насында тұрақты өсіп қалыптастыруға да айтарлықтай оң әсерін тигізуде. Биыл­дың өзінде аудан бойынша 17 млрд 41,2 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, оның көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артып отыр. Бізде биыл 36 665 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, әдеттегідей оның басым бөлігін Сыр салысы құрайды. 21 800 гектар ал­қапқа күріш еккен дала дарабоздары ауа райының қолайсыздығына қарамай гекта­рынан 63 центнерден өнім алды. Бұл – үлкен еңбектің жемісі. 137 340 тонна астықты жауын-шашынға қалдырмай жинап алған еңбеккерлер алдағы жылы да жоғары жетістікке қол жеткізуге бел буып отыр.
Қазіргі таңда аталған сала заманауи технологиялармен қанаттанды. Биылдың өзінде жергілікті шаруашылықтар 1 млрд 405,6 млн теңгеге 50-ге жуық ауыл шаруа­шылығы техникаларын сатып алды. Бұрынғыдай «Күзгі науқанды ерте бастау керек, әйтпесе жауын-шашынға қалып қоямыз» деген төрағаларда уайым жоқ. Тың технологиялар өнім сапасына да, еңбек өнімділігіне де оң әсерін тигізіп отыр. Ендігі міндет – ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізіп, олардың қатарын арттыру. Бұл бағытта да бізде атқарған жұмысымыз жетіп артылады. Осыған дейін жерді пайдалануда заңды­лықты сақтамаған шаруашылықтар жөнінде тұрғындар да, комиссия мүшелері тарапынан да бірнеше мәселе көтерген болатын. Биылдың өзінде мұндай жағдайлар кездесті. Мәселен, табыс­талған жер учаскелерін мақсатты пайдаланбаған тұлғалардан осы жылы мемлекет қорына 7 509 гектар жер учаскесі қайтарылды. Бұл – құптарлық шешім. Себебі ротацияны сақтамаудың салдары өнім сапасының төмендеуіне алып келетінін ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойған. Сондықтан белгілі бір тәртіпті сақтамаған тұтынушыдан жерді алып, мақсатты пай­дала­натын шаруагерге берген дұрыс.
Ирригация және дренаж жүйелерін же­тілдіру жұмыстары да Жалағаш ауда­­нында қарқын алды. Мұның бір тиімділігі ауыл шаруашылығы бағы­тындағы жерлердің көлемі де ұлғаяды. Бір пайдалынылған, бірақ кейін айна­лымнан шыққан жерлер де қалпына келтіріледі. Осыдан екі жыл бұрын ауданда «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының екінші кезеңі жүргізілген болатын. Облыстық бюджеттен бөлінген 73,3 млн теңгеге 86 су шаруашылығы нысаны (Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Таң ауылдық округтері бойынша) республикалық меншікке алынды. Ал былтыр «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының үшінші кезеңі жүзеге асты. Нәтижесінде 14 мың гектар алқапқа қатысты (Еңбек, Мақпалкөл, Жаңаталап, Шәменов, Ақсу, Аққұм, Аламесек ауылдық округтері бойынша) 144 дана мемлекеттік жер актісі әзірленді. Бұл мақсатқа облыс тайқазынан 52,6 млн теңге қаржы қаралды.

Биыл мамыр айында «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жоба­сы­ның үшінші кезеңі бойынша 144 су ны­са­нының техникалық паспорттарын әзірлеу және бағалауға 38,2 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда 13 құжаттың техникалық паспорты әзірленді. Ал қалған 70 құжат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ-ның облыстық филиалына ұсынылды. «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жоба­­сының екінші кезеңінің жұмыстарын қазірден бастау мақсатында Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Таң ауыл­дық округтеріне зерттеу жұ­мыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 млрд 377 млн теңгеге конкурс жарияланып, кон­курс қорытындысымен «Мелиоратор» ЖШС мердігер болып танылды. Қазіргі таңда Бұқарбай батыр ауылдық округінде тиіс­ті жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоба аясында Таң, Мәдениет, Бұқарбай батыр, Аққұм ауылдық округтерінде айналымнан шыққан 15123 гектар жер қалпына келтіріліп, суармалы жерлер мен канал жүйелері толық жаңарудан өтетін болады.
Айналымнан шыққан жерлерді қай­та қалпына келтіру тек ауыл шаруа­шылығы саласына ғана емес, өңір қазынасын еселеуге де айтарлықтай сеп болады. Өйткені саладағы жер көлемі қаншалықты артқан сайын кіріс көзі де көбейе береді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ


24 желтоқсан 2019 ж. 411 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930