» » АПТА БАСЫНДА АЛҒАШҚЫ ОРАҚ ТҮСЕДІ

АПТА БАСЫНДА АЛҒАШҚЫ ОРАҚ ТҮСЕДІ

Биыл «Сәрке батыр» ЖШС әдеттегідей алтын күзді айтарлықтай жетістікпен қорытындылайтын сыңайлы. Ерте көктемде себілген дәннің қазіргі шығымына қарап осындай ой түйдік. Канал жиегіндегі жолдың қос қапталы мұндағы өнімнің күтімі келісті екенін бір қарағаннан-ақ аңғартып тұр. Жыл сайын 1450 гектар алқапқа дән себетін серіктестік құрамы қазір жаңа жұмысшылармен толыққан. Бұрын мал шаруышылығы саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Нұрлан Ұзақбаев та биылдан бастап шаруашылық жұмысын ширатуға бел буып отыр.

Осыған дейін егін шаруашылығында жұмыс жасамаса да аталған серіктестіктің төрағасы Қанат Демесінов оған үлкен сенім артқан сыңайлы. Қазіргі таңда шаруашылыққа қарасты 40 гектар алқапқа себілген бидайдың күтіміне кейіпкеріміз жауапты. Ал мұнда сабағы төмен салбыраған бидайдың бітік шығымы Нұрланның егінге ебі басым екенін аңғартып тұр.
Бидайдың күтіміне қатысты Нұрланның жауабына құлақ түрсек, өнімнің бұл түрі аса шығынды қажет етпейді екен. Мәселен, «Жерге себілгеннен бастап толық төрт айда пісіп-жетілетін астық орналасқан алқапқа қалай су жаратамын» деп бас қатырмайсыз. Себебі бидай ораққа дейін жердің ызасымен және жаңбырмен ғана жетілетін көрінеді.
– Негізі өнімнің бұл түрі толық 120 күнде піседі. Ерте көктемде себілген дәннің қазіргі шығымын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Бұйыртса, алдағы апта орақ түседі. Қамбаға алғашқы астықтың құйылар күні де алыс емес. Серіктестік биыл 40 гектар алқапқа бидай сепсе, соның барлығының күтіміне өзім жауаптымын. Бастапқыда егін шаруашылығына кеше ғана аяқ басып, мұндай үлкен жауапкершілікті қолға аларда жүрексінгенім де өтірік емес. Десе де адам бір істі мықтап қолға алса, және мол өнім ала аламын ба» деген сауалға көбірек жауап іздесе, артылған сенім үдесінен шығу да айтарлықтай қиын емес екен. Көктемде себілген дәннің тегіс бас алуында тек менің ғана емес, майталман механизаторлардың да қолтаңбасы бар. Бұйыртса, ұжым болып атқарған ісіміздің жемісін келер апта көреміз деген ойдамын, – дейді Нұрлан Ұзақбаев.
Шаруашылық ұжымы былтыр да дәл осындай уақытта бидайға орақ салған болатын. Ал биылғы алғашқы орақты шілденің он бесіне бастауды жоспарлап отыр. Былтыр межелі өнімге қол жеткізген шаруашылыққа қарасты еңбек адамдарының ширақ қимылынан олардың алдағы күзді де жақсы жетістікпен қорытындылайтынына сенім артасың. 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық бидайдан бөлек 230 гектар яньтар, 1220 гектар алқапқа лидер сұрпын сепкен болатын. Алқаптағы Сыр салысының тегіс бас алуы межеленген өнімге қол жеткізуге болатынын тағы да айқындап тұр.
– Өткен жылға өкпе жоқ, былтырғы науқанды жақсы жетістікпен қорытындыладық. Гектарынан 60 центнерге жуық өнім алу – біз үшін үлкен жетістік. Қазір шаруашылық түрлі заманауи техникалармен жабдықталып жатыр. Бұйыртса, биыл мұнан да үлкен жетістікке қол жеткізуге тырысамыз. Оның үстіне қазір Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, қай жылы осыған дейін бір жылда аталған салаға 200 млрд теңге қаражат бөлінді? Жалпы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп жатқан қолдауларды айта берсеңіз, игі бастамалар көп. Бастысы мұның бәрі өз жемісін беріп, шаруашылықтардың шаруасы ширап жатыр. Мұндай үлкен қолдаулар біздің жұмысымыздың алға басуына оң әсерін тигізуде. Бұйыртса, биыл да Жалағаш үздіктер көшін бастайды, ал «Сәрке батыр» ЖШС ауданның аталған салада көш бастауына өз үлесін қосады. Бұйыртса, келер апта бидайға орақ түседі. Үлкен еңбектің арқасында өнімнің бұл түрінен жылдағы межеден де артық астық аламыз ба деп ниеттеніп отырмыз. – дейді төраға Қанат Демесінов.
Қарап отырсақ, бірлі-жарым болмаса шаруашылық базасынан көне техникаларды табу қиынның-қиыны. Еңбек адамдарының жұмысын оңтайландыру үшін жыл сайын базадағы техникаларды жаңалауға қы­руар қаржы жұмсалады екен. Нәтижесін көзіміз көріп отыр, бұрынғыдай техника тізгін­дегеннен астына көбірек үңілетін адам жоқ. Шаруашылық еңбеккерлерінің шаруасы ширақ және жасаған жұмыстары да өз нәтижесін беріп жатыр.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ


11 шілде 2020 ж. 551 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930