КЕЛБЕТІ КЕЛІСТІ, ҚАДАМЫ ЖЕМІСТІ

Елбасы қолдауымен жүзеге асқан түрлі бағдарламалар аясында Ақмешіт, кешегі, бүгінгі Қызылордада ауқымды инфрақұрылым жұмыстары жүзеге асырылды. Осының арқасында қала көшелері жыл сайын сәулеттеніп, көпқабатты тұрғын үйлердің қас беттері қайта жаңғырудан өтті. Аула алдынан спорттық алаңдар мен балалар ойын алаңқайлары заманауи талапқа сай салынды.
Соңғы жылдары қаланың ауыл шаруашылығы саласы мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде өркендей түсті. Егін мен мал шаруашылығы жыл сайын қарқынды дамуда. Мәселен, өткен жылы бұл саладағы өнімінің жалпы көлемі 5 млрд. 986 млн. теңгені құрады. Шаруа қожалықтары 21 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативіне бірігіп, бұл бойынша нақты істер жүзеге аса бастады. Осындай ұтымды істің арқасында қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету жолға қойылды.
Ауылшарушылығы дақылдары бойынша егіс көлемін әртараптандыруға мәе берілуде. Жыл сайын қала бойынша 7 мың гектардан астам алқапқа егіс дақылдары егілуде. Осындай істі ұйымдастыра білудің арқасында өткен жылы күріштен 16 мың 876 тонна өнім жиналып алынған.
Бұдан басқа «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында 4 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 53 млн. теңгеге жеңілдетілген несие алуға қол жеткізген. Оған олар асыл тұқымды мал алған. Ал, 32 шаруа қожалығы өз қаражаттары есебінен 191 бас асыл тұқымды мал сатып алған. Осындай ұтырлы істің нәтижесінде қала көлемінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақты түрде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Қазақтың қашаннан жерсіз, малсыз, егінсіз күні жоқ екені белгілі.
Халыққа арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» алдағы атқарылатын жұмыстарды саралап көрсетіп бергені белгілі. Онда көрсетілген 5 бағытта халықтың әлеуметтік жағдайын барынша арттыра түсу көзделген. Осының ішінде Елбасының шағын несие беруді көбейту тапсырмасы көптеген адамдардың көңіліне сенім ұялатқан. Биыл Қызылорда облысында «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланды. Осының аясындағы «Бастау бизнес» жобасы арқылы 1600 адамды оқыту көзделген.
Өткен жылы Қызылорда қаласында 25 665 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Бұл көрсеткіш облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігі қала үлесінде екендігін аңғартады. Өткен жыл көлемінде қала кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен 176 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, онда 1 мың 760 жұмыс орны ашылған. Осының барлығы халықтың игілігі жолында атқарылып жатқан жақсы істер екендігі анық.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
Ақмешіт апталығы