БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ҚЫМҚЫРУДЫҢ АЯСЫ КЕҢЕЙІП БАРАДЫ
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті құқыққорғау құзыретіне ие, яғни мұндағы Экономикалық тергеу қызметі экономикалық қылмыспен күрес жүргізеді. Экономикалық қылмыстардың аясы кеңейіп барады, бюджет қаражатын қымқырудың түрлі әдістері ашылуда.
Үстіміздегі жылдың 6 айында тек мемлекеттік бағдарламалар үшін бөлінген қаражатты қымқырудың 11 фактісі анықталған. Ебін тапқан тұлғалар мемлекеттің «Жол картасы-2020» (5 факт), «Агробизнес-2020» (3 факт), «Балапан» (1 факт) және «Нұрлы жол» (2 факт) бағдарламалары бойынша қаражатты жымқырып, өз пайдасына асыруды жүзеге асырған. Бюджетке келтірілген залал көлемі 279,3 млн.теңгеге есептеліп отыр.
Сонымен қатар, «Семей» полигонында ядролық жарылыстардан соң қалпына келтіру кезеңіне қатысқан деген жалған анықтама беру арқылы жәрдемақы түрінде қаражат қымқыру фактісімен жарты жылда 14 іс тіркелген. Осы анықтамалар негізінде 2016 жылдың қазан айы мен 2017 жылдың мамыр айы аралығында ай сайынғы төленген жәрдемақы түрінде мемлекетке 205,9 млн. теңге залал келтірілген.
Б.Орданова,
Қызылорда облысы бойынша МКД бас маманы