Жүргізуші бір топ студентті қағып кетті
Ақтөбенің Хромтау қаласында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Рөлге ие бола алмай қалған жүргізуші бір топ студентті қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 14 қыркүйек күні сағат 09:55-те тіркелді. «Ваз 21140» көлігінің жүргізушісі кәмелет жасқа толмағандарды қағып кетті. 20 жастағы жүргізуші көлік тұрағынан шығып, солға қарай бұрылады. Дәл сол кезде жол жиегімен кетіп бара жатқан бір топ студентті барып соғады. Олар Хромтау тау-кен техникалық колледжінің студенттері болатын. «Жол-көлік оқиғасынан соң жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Бірақ полиция қызметкерлері оны көп ұзамай ұстады. Ал көлік автотұраққа жеткізілді. Нәтижесінде колледждің 8 студенті мен орта мектептің дайындық сыныбында оқып жүрген оқушы аудандық ауруханаға жеткізілді. Бәріне жедел медициналық көмек көрсетілді. Көбі үйлеріне жіберіліп, үш жәбірленуші емін жалғастырып жатыр. Жүргізушінің көлік жүргізу куәлігі жоқ екені анықталып, Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 611-бабы, 3-бөлігі және 610-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Жүргізушінің іс-әрекетіне қатысты қосымша деректер анықталып жатыр», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.