ЕЛГЕ ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК– ТІЛДЕ ЕМЕС, ЖҮРЕКТЕ
Қоғамды адам қалыптастырады. Адамы қандай болса, қоғамы да сондай болмақ. Демек мемлекетті өркениетке сүйрейтін де, дамуын тежейтін де адамдардың ой-санасы мен таным-түсінігі екен. Қазірде қоғамға жатып кеп өкпелейтіндер көп. Әрине қай елде де қоғамдық мәселелер бар. Бірақ ол мәселелер тек бір ғана биліктің араласуымен шешілмейді. Оған сол қоғамның мүшесі, яғни халық та үн қосуы тиіс. Бұқараның қарсылық, наразылық шерулерінің соңы жақсылықпен аяқталмайды. Мұны арғы жағын айтпағанда, соңғы жүзжылдықтардың қанды тарихы дәлелдеп берді. Қазірдің өзінде жер шарынының көптеген нүктелерінде болып жатқан билік пен бұқараның арасындағы қақтығыстардан жүздеген жазықсыз жандардың қаны төгіліп, бейбіт өмірдің бедері бұзылып, елдің берекесі кеткеніне теледидардағы жаңалықтар мен әлеуметтік желілер таратқан ақпараттар арқылы сәт сайын көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан қандай да бір елдің ғылым-білімі дамуы үшін, әлеуметтік жағдайы түзелу үшін, экономикасы қарқынды күш алу үшін, мәдени-рухани әлеуеті көтерілуі үшін, спортта әлем елдерімен бәсекеге түсе алатын дәрежеге жету үшін ең алдымен сол мемлекеттің тыныштығы аса маңызды рөл атқарады екен. Бейбіт елдің берекесі болады. Бірлігі бекем, татулығы тұрақты елдің тыныштығын ешкім бұза алмайды екен. Ол үшін сындарлы сәтте ғана емес, халық қай кезде де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек екен. Қазақтың: "Тозған қазды топтанған қарға жейді" дегенінен бабаларымыздың қай заманда да ел бірлігіне аса мән бергенін білеміз. "Бірлік болмай, тірлік болмайды" дегенді де айтқан сол бабалармыз.
Айтпағымыз, қазірде тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры нығайды. Ел тұрғындарының да әлеуметтік жағдайы тәуелсіздік алған алғашқы жылдарға қарағанда әлдақайда жақсарды. Елімізде саяси тұрақтылық қалыптасты. Қоғамдық құндылықтарға деген халықтың түсінігі де біршама өзгерді. Тұрғындардың саяси сауаты артты. Жасыратыны жоқ, оған зайырлы демократиялық, құқықтық мемлекеттегі сөз бостандығы, ой еркіндігі сеп болды. Әсіресе бұқараның пікір алмасу алаңына айналған әлеуметтік желілер де халықтың саяси түсінігін толықтырып, өз ұсыныс-пікірлерін ашық та, еркін айтуға қалыптастырды. Алайда әр нәрсенің шекаралық шегі болатыны секілді, әлеуметтік желілердің де пайдалану мәдениеті болады. Бүгінде әсіресе Фейсбукке тіркелген отандастарымыздың саны күннен күнге артып келеді. Үш адамның басы қосылған жерде үш түрлі пікір айтылатыны белгілі. Азаматтық ұстанымдары да, тіпті саяси көзқарастары да бірі-біріне қайшы болуы мүмкін және олардың жеке ой-пікіріне заңдық тұрғыдан ешкім де тиым салып, шектеу қоя алмайды. Әйтсе де бүгінде Фейсбук пайдаланушылардың кейбірі қоғамда болып жатқан саяси жағдайларға, өзгерістерге өздерінше талдау жасаған болып, оңды-солды пікір білдіре береді. Көбі басқарушы билікке бағытталған сыни пікірлер. Тіпті біреулер сол теріс пікірлерді оңтайлы пайдаланып, жекелеген азаматтардың ар-намысына тіл тигізіп жатады. Дұрыс, дар алдында тұрса да, ақиқаттан айнып кетпеу – әр азаматқа сын. Ақиқи шындық жайында қасиетті Құран-Кәрімнің сүрелері де бар. Аристотельдің "Платон менің досым, алайда маған ақиқат қымбатырақ" дегені тағы бар. Дейтұрғанмен, ақиқатты айту өзіңе де күмәнді сөздерді дәлел қылып алға тартып, халықты жолынан адастыру емес. Құранда екі елдің арасындағы соғысты тоқтату үшін және ерлі-зайыптылардың отбасын сақтап қалу үшін өтірік айтуға рұқсат берілгені бекер емес. Қысқасы, қоғамдық толқулардың алдын алып, қантөгісті болдырмау, елдің береке-бірлігін сақтап, бейбітшілік пен тыныштықтың ұйытқысы болу үшін адамның сөзі түзелу керек екен...
Әлеуметтік желілерде қайырымдылық көріністері де жиі жарияланып жүр. Әрине құптарлық жайт. Мұсылман баласының бірі-біріне қол ұшын созып, жәрдемдесуі сауапты іс. Қайырымдылық жасаудан кешегі ата-бабаларымыз да алдына жан салмаған. Алайда соңғы уақыттарда осы қайырымдылық қасиетінің қадірі қашып бара жатқан сыңайлы. Бір ауқатты адамның жесірдің көз жасын сүртіп, жетімнің басынан сипағанын да дабыра етіп әлеуметтік желілерге жүктеп, жариялайтын болдық. Кейістік білдіргендерге "Өзегелерге өнеге болу үшін салдық" деп құтыламыз. Қайырым жасаған жанға Алла сауабын еселеп қайтаратыны ақиқат қой. Ендеше жомарт жанға жарнама жасаймыз деп, жесір мен жетімге жасаған жақсылығымызды жаһанға жар салу арқылы онсыз да жоқшылықтан ел алдында еңсесін көтере алмай жүрген бейбақтарды қайыршы кейпіне түсіре бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Мұндайда тағы да сол дала данышпандары "Оң қолың берген садақаңды, сол қолың көрмесін" деген тәмсіл қалдырыпты.
Елге, Отанға, халқыңа деген сүйіспеншілік кіндігіңнің бір ұшы байланып жатқан сол қасиетті топырақтың қасіреті мен қуанышын жан-жүрегіңмен сезіне алудан басталады. Өзі туып-өскен жердің қадір-қасиетін білетін адам елі туралы ешқандай теріс пікір, артық сөз айтпауға тиісті. Өйткені оның жанының бір бөлшегі сол өзінің кіндігі кесілген топыраққа түюлі жатады...
Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың топалаңы еліміздің барлық өңірлеріне оңай тиген жоқ. Әсіресе сол жылдары ауылдардың халі мүшкіл болды. Кейбір ауылдардың орнында ескі жұрт қана қалды. Ауыл жастары жұмыссыздықтың салдарынан ішкілікке салынып, елдегі тіршіліктің кетеуі кетіп қалды. Мұндай кезде құр аттандап, байбалам салғаннан түк пайда жоқ. Сол үшін тұрғындар ауылды тастап қалалық жерлерге үдере көше бастады.
Сол жылдары қазақтың ерлі-зайыпты көрнекті ақындары Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова туған жерлері Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Киров ауылына қыдырып барады. Ақын апамыз өзінің кіндік қаны тамып, балалығы өткен бір кездегі берекелі ауылдың азып-тозып кеткенін көріп, көзіне жас алып, Алматыға жүрегі сыздап қайтады. Ауыл маңындағы қыраттың қойнауында шұрқырап жайылып жататын төрт түліктен тұяқ қалмаған, әр үйдің ауласында жайқалып тұрған бақтан да бір түп ағаш қалмай қурап кеткен...
Әр адамның мойнында өзі туып-өскен ауылының парызы бар. Қос ақын көп ойланып, ақылдаса келе жыл сайын көктемде ауылға барып, бәйге жариялауды жөн көреді. Таршылық әбден тұралатып тастаған ауыл адамдарының еңбекке деген құлшынысын оятып, ынталандыру үшін өз қаражаттары есебінен қомақты жүлделер тағайындайды. Бәйге талабы: ауылдағы әр отбасы көктемде өз ауласына мүмкіндігінше жеміс көшеттерін отырғызып, көктетуге тиісті. Бәйгенің қорытындысы, сол ағаштардың тамыр байлап, өркен жайғанына орай күз мезгілінде жарияланады деп шешеді. Көп өтпей қос ақынның елі, туған жері үшін жасаған жақсы ісі өз нәтижесін береді. Бақша егіп, бақ отырғызу жылдан жылға қарқын ала бастайды. Не керек, айналасы жеті-сегіз жылдың ішінде ауыл іші жасыл желекке оранып, баяғы базарлы бағы басына қайта орнайды. Осы күні сол ауыл бір ауданның халқын жаз айларында жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп отырған көрінеді...
Міне, елге деген сүйіспеншілік, туған жеріңе деген қалтқысыз қызмет, туған ауылыңа деген перзенттік парыздың өтеуі осындай болса керек. Біз елімізге деген махаббатымызды әлеуметтік желіде отырып алып, құр сөзбен, құрғақ ақылмен емес, перзенттік сезімнен туған шынайы жанашырлық ниетіміз және нәтижелі істеріміз арқылы көрсеткенде ғана өз отанымыздың гүлденуіне, еліміздің береке-бірлігінің сақталуына титімдей болса да үлес қосады екенбіз.
Қ.ЖАНАЙ