Қыз қуу
Қазақ халқындағы өте ертеден келе жатқан ұлттық ойынның бірі – Қыз қуу. Энциклопедиялық мәліметтерде елімізде кеңінен тараған ұлттық ат ойыны тобына жататыны айтылады. Бұл ойын ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталған көрінеді. бұл ойын бүгінгі күнге дейін сақталған және аса қатты өзгеріске ұшырай қоймаған. Сол заманғы тәртіп бойынша жарыс жігіт пен қыздың арасында өтеді.
Бұл ойынның көне ережесі бойынша жігіт жарыста жеңіп, қызды қуып жетсе бетінен сүйіп, оған некелесетін болған. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін оның қызбен некелесуге құқы болмаған. Ертедегі аңыз-ертегілерге қарағанда, қазақтарда тағы бір мынадай әдет-ғұрып болған. Осы әдет бойынша жарысқа екі рудың қыз бен жігіті түскен. Жігіттің жеңілуі оған салынатын айыппен қоса, өз руында еті тірі жігіт пен жүйрік атының жоқтығы үлкен кемістік болып табылған. Егер қыз жеңілген деп табылса, оның жағының келісімі бойынша, ешқандай қалыңсыз-ақ ол жеңген жігітке тұрмысқа шығады.
Бұл сияқты ескі әдет әлдеқашан ұмыт болды. Қазіргі қыз қуу өзінің идеялық мазмұны жағынан өзгерген. Бірақ ережесі бойынша жігіт қуып жеткен қыздың бетінен сүйеді, ал жете алмаса қыз жігітті қамшының астына алады.
Бұл көріністі “Қыз бен жігіт” деп аталатын кинофильмнен де көруге болады. Шабан атын сәйгүлікке айырбастау үшін Айдар арнайы стратегия құрады, Ғалия болса қуып жете алмаған жігітті қамшымен сабайды. Оқырман қауымның есіне түсіру үшін көркем фильмдегі негізгі кейіпкердің бірі Аңғарбай екенін айта кетейік. Кинокомедия әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ.
Бүгінде қыз қуу ойыны наурыз мерекесінде, малшылар тойында көрініс тауып жатады. Бұрынғыдай жігіт пен оның қалыңдығы ортаға түспесе де, екі ауылдың не екі мекеменің жастары атқа отырып, көне ойынды жаңғыртып жүрген жайы бар.
Әзірлеген Е.ӘНУАРҰЛЫ