Ұлт қантамырындағы рух
Аспаннан сауылдап құйылып, санаң мен қантамырларың арқылы өн бойыңа тарағанда көз алдыңа жазиралы даланы, байырқалы байтақты емін-еркін жайлап, бие байлап, құлын ойнап, қымызын пісіп, сабасын сапырып, жүйрік мініп, ат баптап сән-салтанаты жарасып, мамыражай ғұмыр кешіп жатқан бақуат тұрмыстағы халық елестейді. Бұл – кәдімгі қазақтың көмейіне ғана қонақтаған қоңыр үн, қара домбырадан ғана төгілетін қоңыр әуез. Ұлт руханиятының тамырын бүгінмен байланыстырып тұрған да осы қоңыр үн мен сиқырлы саздың құдіреті.
Олар сахнаға көтерілгенде көрермен қошеметінде шек болмайды. Домбыра шанағындағы күй күмбірі зал ішін кернегенде бір сәт бойдағы қазақтық қаның тулап, көкірегіңнен намыс пен рух атойласа, енді бірде зар заманның мұңлы әуеніне жан-жүрегің езіліп, мүлгіп кетесің. Ысқышынан бебеулеген қобыз сарыны да қиялыңды мәңгілікке қарай шарықтата жөнеледі. Бұл – Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәденеиет үйі жанынан құрылған «Жігер» этно-фольклорлық ансамблі.
Аталған ансамбль 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Құрылғанына көп уақыт болмаса да, шығармашылық ұжым мүшелерінің дарын, таланты мен кәсіби шеберлігінің және ізденімпаздығының нәтижесінде облысқа, республикаға танылып үлгерді.
– Бұл бастама Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде жүргізілген «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Мәдени мұра» базалық бағытының аясында іске асырылды. Этно топ қазақтың ұлттық домбыра, шаңқобыз, даңғыра, шылдырмақ, сазсырнай, қобыз, сыбызғы, тұяқ, асатаяқ секілді аспаптарында ойнайтын өнерлі жастардан құралған. Қазірде "Жігердің" қоржынында Шалмырзаның «Мереке», Жалдыбайдың «Қара жорға», сонымен бірге Курбанионның «Навойь Шарк» және қырғыз халқының «Машбатой» секілді күйлері бар. Атауы айтып тұрғандай, біз музыка жанрының халықтық бағыты бойынша жұмыс жасаймыз. Мақсатымыз – ұлттық өнерді дәріптеу, мәдени мұрамыздың ойсырап қалған орнын толтыру, халықтың рухын ояту. Күн өткен сайын өнер ұжымының материалдық базасы нығайып келеді. Өнерпаздардың сахналық киімдері жаңарып тұруы тиіс. Өйткені көрермен сахнаның адамын ең алдымен үстіндегі киіміне қарап қабылдап, баға береді. Сондықтан біз де сол көрермен көңілінен шығуға тырысып, концерттік шараларға мейілінше киімімізді жарқыратып, жаңалап шығуға тырысып бағамыз. Әрине, шығармашылығымызды да сәт сайын шыңдап, жетілдіріп отырамыз. Өнер адамы қанша талантты болғанымен, еңбектенбесе, ізденбесе өзін ол ортадан мүлдем жоғалтып алады. Тұрмыстық тілмен айтқанда, талантын өлтіреді. Сол үшін біз өзімізге қатаң талап қоямыз. Әсіресе бізге дайындық барысында босаңсуға болмайды, – дейді ансамбль жетекшісі Руслан Бурабай.
«Жігер» этно-фольклорлық ансамблінің жетістіктері де жоқ емес. Биыл Тараз қаласында өткізілген «Көне Тараз күмбірі» атты І республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер конкурсында Ықылас Дүкенұлының «Арнайы жүлдесін» иеленіп, 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Айта кетейік, бұл байқауға еліміздің барлық өңірлерінен белгілі ансамбльдер қатысты. Солардың ішінен арнайы жүлдеге ие болу – күні-түні төгілген тердің жемісі. Сонымен бірге аталған ансамбль жақында ғана аймағымызда ұйымдастырылған түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінде өнер көрсетіп, арнайы «Дипломмен» марапатталды. "Жігердің" жетекшісі ансамбльдің құрамы алдағы уақытта да өнер жолында жүрген таланттармен толыға беретінін айтады.
Иә, өнер жолы – қиын жол. Соның ішінде ата-бабадан қалған мәдени мұраны тірілтіп, оны ұрпаққа насихаттау, ұлт руханиятының қуарып қалған тамырына нәр беру үшін аз тер төгілмейді. Бұл жолда бойыңдағы бар қуатыңды сарқып, уақытыңды құрбандыққа қиюға тура келеді. Сонда ғана өзіңе деген қошеметі мен ықыласы ерекше кінәз кеуделі һәм кінәмшіл көңілді көрерменге тек бір сәттік демалыс сыйлап қана қоймай, олардың жан әлеміне көне күндердің сәулесін түсіріп, қалғып бара жатқан рухын сілкіп тұрасың.
Қуат АХЕТОВ