» » Үкімет несиені жауып әлек, халық оны қайтадан алып әлек

Үкімет несиені жауып әлек, халық оны қайтадан алып әлек

– Қайдан келесің?
– Бәнкіден. Өткенде кредитімізді жауып берді деп едім ғой Үкімет?
– Содан?
– Сол енді тағы да кредит сұрап барып едім, бермей қойды. Себебін айтпайды екен ғой бәнкідегілер.
– Құдай-ай, құтылғаныңа шүкір деп, алмай-ақ қоймайсың ба енді?
– Әй, қойшы, қазақ кредитсіз күн көреді деп кім айтты саған?
Жуырда қоғамдық көлікке мінгенде естіген әңгімем ғой. Әлгі егде тартқан әйелдің «Қазақ кредитсіз күн көреді деп кім айтты саған?» деген сөзі өңменімнен өтті десем өтірік айтты деп сөкпеңіздер. Бұл жай ғана бір-біріне кейіген әйелдердің диалогы болса да, астарында біраз мәселе жатыр. Қазақтың байырғы кредитсіз сүрген өмірі есіңе оралады. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Тақырыпқа ойысайық. Өткенде ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше Жарлыққа қол қойған еді. Жарлықтың аясында халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында қиын жағдайда қалған азаматтардың несиесі кешірілді. Президенттің тапсырмасына сәйкес көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған жетім балалар, жиырма тоғыз жасқа толмаған ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар осы тізімге ілінді. Мемлекет есебінен әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың 300 мың теңге мөлшеріндегі барлық қарызы өтелді. Бұл қарызға негізгі борыш, сыйақы, айыппұлдар да кірді. Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтеп берді.
Бұл жұмыстар аясында Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, жоғарыда аталған санаттағы аза­мат­тардың тізі­мін анықтап, оны банктер пен микро қаржы ұйымдарына жіберді. Осы санатқа кіретін барлық азаматтардың несиесі өтелді. Бұл Жар­лық қазақстандықтардың қуанышын еселеп, қарызынан құтқарып еді.
«Үйлену – несие, үй алу – ипотека». Әрине бөтен­нің бұрышын жалдап, ақша төлеп паналаудан титықтаған халық банктің алдына келіп жығылады. Ипотекаға көнеді. Бірақ соңғы уақытта бұлданған түлкі секілді олар да пайызын қайта-қайта өсіріп әлек болуда. Өздеріңізде жоғарыдағыдай жағдайға талай куә болған шығарсыздар. Үкімет несиені жауып әлек, халық оны қайтадан алып әлек. Неге? Әлде, шынымен де қазақ қарызсыз өмірге үйренбеген бе? Қашаннан бері несие алып той жасап, ас беретін болдық. Тіпті қазір күнделікті тұтынатын заттарымызды да, тамақ, киімді де несиеге алатын болдық. Сайып келгенде мұның бәрі құр әурешілік, «көрпеңе қарай көсілудің» орнына «кедей бай болам дейді, бай құдай болам дейді» дегеннің кері болса керек. Әлін білмей әлек болып, бас сауғалап жүргенше, отбасыңның амандығына, алдыңдағы аз-кем ризығыңа шүкір деп өмір сүрген әлдеқайда жақсы, қайырлы сияқты.
Енді Президенттің Жарлығы жүзеге асқаннан кейін кепілсіз несиені кім көрінгенге бере бермейтін болыпты. Жоғарыдағы «кредит бермей қойды» деп банкке ренжіген апамыздың сөзі осының дәлелі болар. Қазақта «аузы күйген үрлеп ішеді» деген сөз бар. Осы сөздің айтпағына үңілсек, талай қиындықтан құтыларымыз анық.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


29 қазан 2019 ж. 430 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930