Тындырымды тірлігі көпке үлгі
“Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.
Осы жұрттан бақ пен Қызыр қашпаса екен деп тілеп,
Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі”.
Бұл – халқымыздың арда ақыны Есенқұл Жақыпбектің қазақ жігіттерінің қадір-қасиетін жеріне жеткізіп жырлаған өлеңі. Бір ғана өлең арқылы алаш баласының өр рухты, арыстан жүректі, жолбарыс білекті болатынын, туған халқының жарқын болашағы үшін жанын сала еңбектенетінін көрсете білді. Бір сөзбен айтқанда, бұл өлеңді қазақтың азаматына берілген баға деп қарастыруға болады. Біздің қасиетті өлкеміз Жалағашта да елдің азаматы деп, жұртқа мақтанышпен көрсете алатын арыстай ағаларымыз баршылық. Солардың бірі – көпке жомарттығымен танылған, қайырымдылығымен мәлім болған, 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Алмас Дусымов.
Әңгіме арқауына айналып отырған Алмас ағамыз осы өлкедегі көпке сыйлы адам. Кімнен сұрасаң да оның жомарт жүректі, жайсаң жан екенін айтады. Қазақта “Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек” деген нақыл бар. Туымы бөлек жандардың өмірде жетістікке қол жеткізбей, беттеген белесін бағындырмай, діттеген асуын алмай тоқтамасы белгілі. Алмас аға да тура осындай жанның санатынан екені көрініп тұр. Біз кәсіпті қалай бастап, осыншама адамды жұмыспен қалай қамтып отырғанын сұрауға барғанымызда оған көзіміз жетті. Арыстандай айбаты болса да, жүрегінің жұмсақ екенін аңғардық. Көпке ағалық қамқорлығын танытып жүрген Алмас Дусымов 1955 жылдың 18 сәуірінде Жалағаш жерінде дүниеге келген. Орта білімді кенттегі Темірбек Жүргенов атындағы №123 орта мектептен алады. Әкесі Рахан Досымов Ұлы Отан соғысының ардагері де, анасы Хадиша Пірмағанбетова шаруа адамы болған. Мектеп бітірісімен жұмыс істеп, отбасына қолғабыс етуді ойлайды. Содан 1972-1974 жылдары аралығында Қазселкозтехникада жұмысшы болып еңбек етеді. Одан кейін 1974-1976 жылдары Ресейдің Ульяновскі қаласында әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келген соң 1976-1986 жылдары ПМК мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істейді. 1986 жылдан 1997 жылға дейін ПМК мекемесіндегі автоколоннаны басқарған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кім-кімге де оңай соқпағаны белгілі. Еліміздегі көптеген өндіріс орындары жабылып, халық жұмыссыз қалып жатты. Әйелдер ала дорбасын арқалап базарға шыққан да осы кез. Алайда біздің кейіпкеріміз осы тұста өз алдына іс бастап, кәсібін ашқанды жөн көреді. Алмас ағамыз 1997 жылдан бастап кәсіпкерлік жолға бет бұрады. Өзін ғана ойламай өзгені де жұмыспен қамтуды алдына мақсат етіп қояды. Жалағаш-Мәдениет тас жолының бойынан «Сұлтан» деп аталатын жанармай құю бекетін ашты. Еңбек еткеннің ғана көсегесі көгеретінін жақсы түсінген А.Дусымов күнді түнге, түнді таңға жалғап жұмыс істеді. Еңбекпен келген нанның тәтті болатынын өзі де үнемі айтып жүреді. Жұмысы жәй-жәй алға басып, кәсібі өркендей бастаған кезде Қазыбек би көшесінің бойынан «Бейбарыс» жанармай құю бекетін ашады.
– Абай атамыз “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” демеп пе еді. Алғашында отбасымды асырауға жетсе, әйелім мен балаларым ешкімнен ештеңе сұрамаса болды деп ашқан кәсібіміз бірте-бірте үлкейе берді. Екінші жанармай құю бекетін 2005 жылы аштым. Ал 2007 жылы аудан орталығынан кеңсе ғимаратын тұрғыздым, – деді ол.
Бүгінде мемлекет тарапынан да кәсіпкерлікті қолдауға арналған бірнеше бағдарлама бар. Тіпті бірер жыл бұрын Сыр өңірінде кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылы жарияланғаны белгілі. Қазір жұмыс жасаймын, кәсіп ашамын дегенге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Елімізде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданды. Тек соларды тиімді пайдаланып, жұмыс істеу қажет. Ал мұны Алмас ағамыз жақсы түсінеді. 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы арқылы 50 орындық «Балнұр» балабақшасын ашады. Балалардың бал-бұл жайнаған жүзіндегі қуанышты көру – адам өміріндегі ең үлкен бақыт. Мұны жерді мекендеген жаһан халқы түгел біледі. Сол себепті баланың тәрбиесі мен алатын біліміне ерекше назар аударып жатамыз. Кейіпкеріміздің балабақшаны ашқандағы мақсаты да бөбектерге тәлімді тәрбие беріп, жүздеріне күлкі үйіру екен. Бұл орталықта 17 адам еңбек етеді.
Шаңырақты шаттыққа толтыру, отбасына берекені келтіру әйел-аналардың міндеті десек, онда Алмас ағамыздың өмірлік жары Ақшатай апамыз осы үдеден шыға білген жан. Үнемі жарқырап жүретін апамыз бүгінде халық қалаулысы атанып, аудандық мәслихаттың депутаты болып отыр. Біз отағасы туралы сұрағанымызда өмірлік серігінің үлкен жүректі жан екенін айтты.
– Алмас отбасымыздың тірегі ғана емес, сонымен қатар әулетіміздің қамқоршысы. Қандай істі бастасақ та кесімді сөзді осы кісі айтады. Ол балаларымның ақылшысы, жол көрсетіп, жөн сілтейтін бағдаршысы ғана емес, сонымен бірге үлгілі әке болып отыр. Аудандағы қайырымдылық шараларынан шет қалған емес. Жыл сайын “Мектепке жол” акциясына белсене қатысып, ондаған балаға киім мен құрал-жабдықтарын алуға сеп болады. Аудандық мешітке де қыстық отын, көмірін алып, басқа да шараларға қолұшын береді. Жұртқа көмектескенді жақсы көреді. Тағы бір ерекше қасиеті ретінде ешқашан өтірік сөйлемейтінін атап өтуге болады, – дейді Ақшагүл Такирқызы.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деп жатамыз. Қайырымдылық шараларында белсенділік танытатын ағамызды жомарт демегенде, кім дейміз?! Жұртқа қаншалықты жақсылық жасасаң, отбасыңда соншалықты қуаныш болатынын Алмас ағамыз жақсы біледі. Сол себепті де айналасына мейірімділікпен қарағанды жөн санайды. Ол 2013 жылы Абай көшесінің бойынан 120 орындық «Жасұлан» балабақшасын ашты. Мұнда 25 адам қызмет атқарады. Дәл осы жылы көршілес Ресейден жабдықтар алдырып, техникалық байқау орталығын салған. Мұнда да адамдар жұмыс істеп, жұртқа қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек Қызылорда қаласынан 195 орындық «Хадиша-Ана» және 100 балаға шақталған «Анеля» балабақшасын ашады. Балабақшалардың барлығы типтік жобада салынған. Қызылордадағы қос бөбекжайда 60-қа тарта адамды жұмыспен қамтып отыр.
Азамат сөзі – жүректің көзі. Кейде жақсы адамды азамат екен деп жатамыз. Бұл мақаланы жазуыма түрткі болған да Алмас ағамыздың азаматтығы. Бір өзі жүзден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндайға бәрекелдіден басқа айтарымыз жоқ. Өйткені мына қоғамда екі қолға бір күрек таппай, отбасына масыл боп жүргендер де баршылық. Ал Алмас Дусымовтың бұл әрекетінен жұрт үлгі алса да болады.
Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ