Кәсіптік білімнің көкжиегін кеңейтеді
Кез келген әлеуметтік формациядағы басты капитал – адам. Адамзат табиғи даму кезеңінде, өмірдің барлық сатылары, бағыттары мен салаларында өсу мен жаңғырудың жолында болмаса, бұл кезде дүние қазіргідей даму мүмкіндігіне ие болмас еді.
Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Елбасы барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін алға тартады. Бұл орайда, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытудың бағыт-бағдарын айқындап беріп отыр.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 30 колледждің 23-і Елбасының «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын іске асыруды бастады. Оның ішінде 12 мемлекеттік және 11 мемлекеттік емес оқу орындары жастарға тегін жұмысшы мамандығы бойынша оқытуды ұйымдастырды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2017-2018 оқу жылында жергілікті және республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс көлемі 4603 орын болып белгіленді. Оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша республикалық бюджет есебінен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде 1515 орын бөлінсе, жергілікті бюджет есебінен 1675 орын, барлығы 3190 орын бөлінді. Бүгінде осы жоба шеңберінде студенттер 28 мамандықтың 42 біліктілігі бойынша білім алуға қол жеткізіп отыр.
Аталған тапсырма аясында М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне 4 жұмысшы біліктілігі бойынша 100 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп, студенттер білім алуда.
Облысымыздың техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары қазіргі таңда өнеркәсіптік революция дәуірінде, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңінде жұмыс істеп, қызмет ететін жастарды оқыту мен тәрбиелеудің жолында. Елбасының осы Жолдаудағы «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек» деген тапсырмасы бізге үлкен міндеттер жүктейтінін жақсы түсінеміз. Осы бағытта колледж ұжымы еңбек нарығының заманауи талаптарына толыққанды жауап беретін, бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандарын даярлау ісін жаңа сатыға көтеру мақсатында оқу-тәрбие үдерісіне жаһандық практикада қолданысқа ие дуалдық оқыту мен модульдік бағдарламалар негізінде білім беру жүйелеріне көшуді бастады. Жұмыс беруші серіктестер мен студенттердің ата-аналарының өкілдері колледждің қамқоршылық кеңесі арқылы білім сапасын бақылауға және оны арттыруға бағытталған іс-шараларға толыққанды қатысуға қол жеткізді.
Оқу орны материалдық-техникалық базасы да облыс басшыларының қамқорлығы арқасында жыл санап жаңаланып, жаңғырып келеді. 2017 жылы колледж 82 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Атқарылған жұмыстар колледж ұжымының заман талабына сай білім бере отырып, мамандықтың қыры мен деңгейін дәйектейтін біліктілік пен дағдыларды болашақ мамандар бойына сіңіруді тереңдетуге сол арқылы заман талабына толығымен жауап беретін тұлғаларды тәрбиелеуге ықпал етеді.
Президентіміз Н.Назарбаевтың «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген тапсырмасы жастарға сапалы білім мен тәрбие беру жұмыстарын түбегейлі қайта қарап, әлемдік озық үлгілерді өз тәжірибемізге енгізуді міндеттейді.
Бақыт КЕНБАЕВ,
М.Ықсанов атындағы Қызылорда
политехникалық
колледжінің директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор.
М.Ықсанов атындағы Қызылорда
политехникалық
колледжінің директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор.