Оң өзгерістерге жол ашылады Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында негізгі 10 міндетті атап берді. Оның ішінде жетінші бағыты – адами капитал – жаңғыру негізі. Өздеріңіз білесіздер, біз өте ауқымды, өте күрделі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Білімнің салтанат құрған заманында бәсекелік алдыңғы сапта жүретін құбылыс. Мемлекеттің дамуы, келешегінің кемел болуы білімді ұрпақтың қолында. Сол үшін болашаққа телмірмей, дәл бүгінгі күннен бастап білім саласының озық технологияларын пайдаланып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Интернетте бәрі қолжетімді болса, халық өздігінен білім саласының жаңалықтарын, даму сатыларын көріп, естіп отырады және білімнің де көкжиегі кеңейетіні анық. Әрине, адам баласының болашағы мен кемелденуі білім деңгейімен өлшенетін кезең, сол себепті цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу, мектептерімізді бейне құрылғылармен жабдықтау жұмыстарын әрі қарай жетілдіріп, күн тәртібінен түсірмеу керек. Енді биылғы Жолдауда айтылған білім саласының бірқатар өзгерістерін атасақ. Биылғы жылы мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 30 пайызға көбейтілетін болды. Бұл үшін биыл қосымша қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, оқушылар тапсырмалары азайып, өңірлердегі оқушылар сарайының базасында компьютерлер, лабораториялар және 3D принтерлер секілді барлық қажетті инфрақұрылымы бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісі құрылады. Қолданбалы зерттеулер біртіндеп ағылшын тіліне көшіріледі, орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленеді, жас ғалымдарға ғылыми гранттар аясында квота бөлініп, оларды қолдаудың жүйелі саясаты жүргізіледі. Бұдан бөлек, 2021 жылы орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға (мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар) көшу аяқталады. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесі әзірленеді. Тағы бір айта кетерлігі, мамандық таңдау мәселесі. Қоғамға қажетті, сұранысқа ие кәсіптік, техникалық мамандықтарды меңгерген тиімді деп ойлаймын. Өйткені, ғылыми технологияның дамыған заманы. Болашақта көп жұмыс осы компьютерлік жүйеге жүктелуі мүмкін. Олай болған жағдайда, кейбір сала мамандары қысқарып, жұмыс көздері азаюы мүмкін. Сол үшін де «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын тиімді пайдалануды ұсынамын. Ол кез келген адамның өз кәсібімен айналысуына көптеген көмегін тигізеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жасалып жатқан жеңілдіктер, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да көп. Мемлекет ұсынып отырған дайын өнімдерді уақытында тұтынсақ, әркім өз кәсібімен айналысса, жастар жаңашылдық пен жасампаздыққа бейім болса, жұмыссыздар саны да едәуір азайып, қоғам болып өркениетке қадам басамыз деп сенемін.Гүлнәр СМАЙЛОВА,№201 мектеп-лицейі директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары. Қоғам 13 қаңтар 2018 ж. 1 288 0