» » АБЗАЛ АҒАНЫҢ ӨНЕГЕСІН АЛДЫМ

АБЗАЛ АҒАНЫҢ ӨНЕГЕСІН АЛДЫМ

«Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер. Кезегімен өлінер, Баяғыдай көрінер». Бұл сөзді өз заманында Абай данышпан өңін өлеңге айналдырып айтқанымен, адамзат баласы жаралғалы өзгермеген өмір заңдылығы осы болатын. Ұрпақ алмасады, әкенің орнын бала ауыстырады, ағаның ізін іні басады, сөйтіп өмір жалғаса береді. Біз алдымыздағы аға ұрпақ өкілдерінен көп қамқорлық көрдік, ақылын алып, кеңесін тыңдадық, үлгісін бойға сіңірдік, өнегесін ойға түйдік. Бір сөзбен айтқанда, бізді ата-анамыз ғана емес, қоғам тәрбиеледі. Ал, біз өмір сүрген қоғамды қолдан құрып, қалыптастырған абыройы мен айбыны аласармайтын алдымыздағы арқа сүйеген сол ағалар еді.
Алдыңғы буын абзал ағаларды еске алғанда, солардың ішінен өзінің мұнартқан таудай тұлғасымен менмұндалап тұратын Өмірзақ Тұңғышбаев ағамыздың орны бөлек болатын. Бір ауылдың тумасы еке­німізді білсек те, біздің жас күнімізде руға бөлінушілік деген болған жоқ еді. Өмірзақ ағамыз ел ісіне ерте араласыпты. Менің бала күнімде біздің үй Жаңаталап совхозының бөлімшесінде тұратын еді. Үлкен әкем Шаймағамбет ел басқарған, халыққа сыйлы кісі болды. Әкем Бердібек совхозда қызмет істеді. Алпысыншы жылдардың ортасында Өмірзақ ағамыз Жаңаталап совхозының бөлімшесінде бас есепші болып қызмет етті. Енді бас құрап, шаңырақ көтерген ағамыз екі ауылдың ортасына күнде қатынауды қиынсынып, уақытша біздің үйде жатыпты. Қиынсынды дегені жай сылтау болса керек, негізгі ойы: Шаймағамбет әкемнен әңгіме тыңдау, ақыл-кеңесін алу. Бүгін ойлап қарасам, сол кезден-ақ ол кісі естілердің сөзін ескеріп, жақсыларға жанасып жүреді екен ғой. Кейін үйіміз жаңадан құрылған Аққыр совхозына қоныс аударғаннан кейін де сәлем беріп үйге жиі келіп тұрды. Қысқасы, Өмірзақ ағамыз бен менің әкем Бердібек Шаймағанбеттің егіз баласындай болып кеткен.
Мен Өмірзақ ағамызбен есейгенде етене араластым. Тұлғалы, дөңгелек жүзді, сымбатты кісі еді. Өзіне ғана тән күлкісі бар, қалжыңға да қаражаяу емес тұғын. Әңгімені жүйелеп жақсы ай­татын. Бірнеше іргелі совхозды басқарды. Өзінің білімі мен білігінің, ақыл-парасатының арқасында елге сыйлы, халыққа қалаулы болды. Ағамыздың бір ерекше қасиеті – адамды алаламайтын адал, әділ адам еді. Өзінен бұрынғының алдын кеспейтін, ал өзінен кейінгі інілеріне үнемі қамқор болып жүретін. Менің де азамат болып қалыптасуыма осы кісінің көп септігі тиді. Баласынбай, өзімен тең дәрежеде әңгімелесетін. Соның өзі ағаның өзінен кейінгі жастардың келешегіне деген үлкен сенімі екен. Жас кезімде арнайы студенттерден жасақ­талған бригадамен Жалағаштың «Бостай» деген учаскесінде сауын баз құрылысын салдық және Ақсу ауылында кесек құйып, тұрғын үй тұрғыздық. Бостай учаскесі Ақсу совхозының иелегінде. Бұл совхоздың директоры – Тұңғышбаев Өмірзақ ағамыз. Алайда мен ол кісіге аға деп арқа сүйеген жоқпын, ағамыз да маған інім деп өзге студенттерден бөле-жарып қараған жоқ. Ондай мінез бұл кісінің табиғатында жоқ екенін жоғарыда айтып өттім. Керісінше, ол кісі совхоз басшысы ретінде бізге қатаң талап қойды. Жұмыстың сапасына жіті мән беруді, уақытымен қимылдау керектігін ескертіп отырды. Еңбегімізге қарай жалақымызды беріп тұрды. Сол тала­бының өзі бізді адал еңбек етуге баулыды.
Кейін мен Өскемен жол-құрылыс ­ин­с­ти­­тутының Алматы қаласындағы фи­лиа­­­лын бітіріп келіп, Қызылорда қала­лық ішкі істер басқармасының мемлекеттік авто инспекциясында алғашқы еңбек жолымды бастадым. Жұбайым Алтын екеуміздің жаңа отау көтерген кезіміз. Екі ұлымыз Руслан мен Елдар бар, ұядай отбасылық жатақханада тұрамыз. Бірде үйімізге Өмірзақ Тұңғышбаев, Баянбай Сыздықов және Нұрлыбек Жолдасбаев ағаларым келді. Амандық-саулықтан соң келген шаруасына көшті. Мені ортаншы ұлы Ғалымжан ініміздің құдалығына апармақшы екен. Бас құда – қоғам қайраткері Тұрғанбай Маханов және басқа да елімізге белгілі азаматтар бар екенінен де хабардар етті. Ол кезде жастар ондай рәсімдерге араласа бермейтін-ді. Сондықтан да мен алғашқыда құдалармен бірге сыйлы қонақтардың қатарында болуға сәл қысылып қалған едім. Менің сол ыңғайсыз жағдайымды сезді ме, ағамыз: «Әмір інім, білемін, бұл құдалықтың рәсімі – үлкендердің жолы деп сыпайылық сақтап тұрсың ғой. Бұның дұрыс! Бірақ сен үлкен әулеттен шықтың. Баталы қарияның ақылын алып, айтары бар әкенің өнегесін көріп өстің. Айналаңда ағайын бар, ел бар. Қоғаммен, айналаңмен, ағайынмен араласу керек. Сондықтан ойланатын, қысылатын ештеңе жоқ. Барасың!», – деп кесіп айтты. Бұны абзал ағаның маған ғана емес, өзінен кейінгі інілеріне ата жолын көрсеткен қамқорлығы деп білдім. Одан кейін де республикаға танымал көптеген азамат ағаларыммен таныстырып, кейін ол кісілермен етене араласып кеттім. Өмірзақ ағамыздың замандас досы, Аққыр совхозының негізін қалаушылардың бірі Ибрагим Маштаев ағамыз еді. Ол кісі өмірден тым ерте кетті. Алайда артында әке ұлғатын алған ұрпағы қалды. Солардың бірі Айтбай Маштаев бүгінде облысқа белгілі кәсіпкер. Аймақтағы ірі компанияның басшысы. Бір жылдары Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. "Қызылорда қаласының Құрметті азаматы" атанды. Міне, ауыл баласының осындай дәрежеге жетіп, елдің азаматы болып қа­лып­тасуына Өмірзақ ағамыздың бағыт-бағ­дарының, ақыл-кеңесінің көп әсері бол­ғанын да айта кетуіміз керек. Өмірзақ ағамыздың Жаңаталап совхозын басқарып тұрған кезінде Айтбай Маштаевты аталған совхозға бас инженер етіп тағайындауынан бойында қабілеті бар жастарды елдік іс­тер­ге араластырудағы кісілік келбетін көреміз.
Өмірзақ ағамыздың бойында ел басқару ісіндегі іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінен бөлек, нағыз ұлтжанды, ел­жанды қайраткерлік қасиеті бар азамат еді. Ұлттық құндылықтар мен тарихи, мәдени жәдігерлердің жоқшысы болды. «Темір нарком» атанған Алаш арысы Темірбек Жүргеновтің өмір жолын терең зерттеп, қайраткердің есімін ел жадында қайта жаңғырту мақсатында мектептер мен көшелерге атын беру, кеуде мүсінін орнату туралы мәселені де ең алғаш көтерген осы Өмірзақ ағамыз болатын. Одан бөлек, осы күні Қызылорда қаласындағы Келменбет батырдың ескерткішінің тұғырға қонуына да мұрындық болған және Қарақ тауының басында жатқан үш жүзге белгілі тарихи тұлға – Жәрімбет әулиенің басына зиярат етіп келушілерге арнап шырақшының үйін салдырып, ескерткіш тақта орнатып, ғылыми-танымдық іс шаралар өткізуге ұйытқы болған да осы кісі. Әрине көп жұмылмаса жұмыс бітпейді, осындай игі істердің басы-қасында өз әкем Бердібек Түбекбаевпен бірге Бақытжан Базарбаев, Түрікпен Қонысбаев, Мұқан Тұрғанбаев, Оразбек Ахметов, Әуезхан Есбергенов, Шорабек Қалдыбеков және Мақшат Үйреков, Кенжебек Үйреков, Жақып, Қап­пар секілді азамат ағаларымыз болды. Осылармен бірге мен Қаһарман Бабағұлов, Шаһарбек Оспанов, Болатбек Сүлейменов, Қомшабай Сүйенішов, Тынышбек Дай­ра­баев, Сәбит Иманғалиев, Әмит Иманға­лиев, Қалмағамбет Әбиев, Ұзақ Еспанов, Нұрлыбек Қайырбаев, Жолдасбек Бекенов, Қанжар Досмайлов, Нұрлыбек Жолдасбаев, Сәпен Аңсатов, Балғабай Имашев және өзім­нің туған нағашым Әбіләкімұлы Иса секілді ағаларымды үлгі тұтып, өнегесін ал­дым.
«Таулар алыстаған сайын биіктей тү­седі». Елің үшін еткен еңбек еселеп қай­тады. Бұл күнде Өмірзақ ағамыздың тұл­ғасы күн санап, биіктеп, есімі халқының жүрегінде жатталып қалды. Артында өзі тәрбиелеп өсірген ақыл-парасаты мол ұл-қызы қалды. Барлығы да өмірден өз жолын тапқан. Үлкені – Бауыржан ініміз әке жолын жалғап, ел басқарып келеді. Жалағаш кен­тіндегі көрікті көшелердің біріне Өмірзақ Тұңғышбаевтың есімі берілді. Ағаның ендігі екінші ғұмыры өзі қалтқысыз қызмет еткен елінің жүрегінде жалғаса береді.

Әмірбек ШаймағаМбетов,
Жалағаш ауданының
Құрметті азаматы,
ҚР ішкі істер органдарының
Құрметті қызметкері

16 қараша 2019 ж. 721 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930