» » ТЕАТР КИІМІЛГІШТЕН БАСТАЛАДЫ

ТЕАТР КИІМІЛГІШТЕН БАСТАЛАДЫ

Миландағы бірнеше ғасырлық тарихы бар әлемге әйгілі Ла-Скала опера театрының екі мың адамға арналған концерт залында ине шаншар орын қалмаған. Тіпті жоғарыдағы балкондар да бос емес. Бірақ театр ішінде адам жоқ секілді. Тек сахнада жеке дауыстағы орындаушы ғана оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқап тұр. Зал ішінде мүлгіген тыныштық орнаған, әлгі сан мыңдаған көрермен орындалып жатқан шығармаға ұйып қалған. Санаулы уақыттан соң кең тынысты әнші даусын шырқау биікке көтеріп, арияның соңғы партиясын аяқтады. Бірнеше сағатқа созылған концерт өз мәресіне жетіп, жарық жағылды. Сол сәтте ғана көрермен орындарынан дүр етіп көтеріліп, өнер иесіне ерекше қошеметпен ұзақ уақыт шапалақ ұрды...
Италия халқы үшін классикалық музыка – ежелден өнердің бекзадасы. Жалпы Еуропада өнер атаулыға аса құрметпен қарайды. Өнер иесіне де ерекше ілтипат көрсетеді. Қазақ та жаратылысынан өнермен жаны егіз, әу деген әуен естілсе алдына алған асын ішуді ұмытатын сауықшыл халық. Ән шырқалып, күй тартылса бір орнында байыз тауып отыра алмайды. Арқасы қозып «әп, бәрекелді», «өй, пәлі», «шап, кәне» деп әр жерден қиқулап, әлгі өнерпазға шабыт береді. Әрине қазақтың мұнысын мәдениетсіздікке балап отырғанымыз жоқ. Бұны біз де ұлтымыздың өнерге құмарлығы, өнерпазға деген құрметі деп білеміз. Әйтсе де кешегі дала сахнасы мен бүгінгі қала сахнасын салыстыруға мүлдем келмейді. Қазақтың ұлттық өнері мен мәдениеті заманға сай жаңарды, жетілді, жаңа тынысы ашылды. Сондықтан көрермен де сол жаңашылдыққа бейімделу керек сияқты. Рас, үлкен қалаларда болмаса, еліміздің барлық өңірінде классикалық музыка дамымаған. Опера театрлары жоқ. Есесіне бүгінгі көрермен құлақ тұндырған эстрадалық даңғаза әуенге елтіп қалған. Бүгін біз тарқатқалы отырған тақырып та осы театр мәдениеті жайында.
Театр – рухани демалыс орны ғана емес, қоғамдық ой-сананы оятып, адамның ішкі мәдениетін, эстетикалық талғамын, болмысын, керек десеңіз, ұятын қалыптастыратын орта. «Театр – киімілгіштен басталады», – дейді К.С.Станиславский. Иә, театрға барудың да өз мәдениеті бар. Мәселен, жоғарыда айтып өткен Еуропа елдерінде театрға барған көрермен сахнадағы көрініс қашан соңына жеткенше сілтідей тынып, үнсіз отырып тамашалайды. Сахнадағы өнерпаз қашан көрерменнің алдында кеудесіне қолын қойып иілгенше, шапалақ ұрып, қошемет көрсетпейді. Концерт барысында халық өнер иесіне қол соғып, оның орындап тұрған шығармасына кедергі келтіруге хақысы жоқ. Ол еуропалықтардың түсінігінде өзін де, өнер иесін де сыйламағандық, тіпті мәдениетсіздік, әдепсіздік болып саналады. Себебі Еуропаның үлкен сахналарында концерт берген классикалық жанрдағы әншілер жанды дауыста шырқайды. Оларға өз табиғатын бұзып, жасандылыққа бару жат, тіпті қылмыспен тең. Олар өзіне қошемет көрсетіп, мәртебесін көкке көтерген көрерменге де сондай дәрежеде құрметпен қарауы тиіс. Сондықтан әншілер концерт барысында көрермен көңілінен шығу үшін өз өмірлерінен уақытша бөлініп шығып, ән әлеміне енеді. Өздері орындайтын шығармасының оқиғасына орай түрлі сезімге беріліп: ғашық болады, жек көреді, сағынады, қайғырады, толқиды, жылайды, қуанады, шаттанады, қорқады, сосын қайта қаһарланады, рухтанады. Бірнеше сағат ішінде бір күйден екінші күйге ауысып, өте жоғары дауыспен ән салған әнші бойынан көп энергия жоғалтады. Міне, сондықтан да басқа әлемде өмір сүріп жүрген өнер иесіне көрерменнің айқай-шуы тұрмақ, орынсыз соғылған шапалағының өзі кері әсерін тигізуі әбден мүмкін...
«Театр – өмір айнасы». Иә, өмір – көрерменнің өзі. Ал көрермен сахнадағы өмір арқылы өзін көреді де, олпы-солпы тұстарын жөнге келтіріп, қисық-қыңыр мінезін түзейді. Бізде тетарға бару мәдениеті әлі толық қалыптаспаған. Мәселен, аудан орталығындағы мәдениет үйі – театрдың бір бөлшегі. Аудандағы ірілі-ұсақты мәдени шаралардың көпшілігі осы мәдениет үйінде өтеді. Мәдени шараларға баратын балалар немесе мектептің оқушылары емес, ересек адамдар. Бөліп-жармай-ақ қоялық, бірақ, солардың көбі зиялы топ өкілдері. Яғни олар өздерін оқыған, өмір көрген, мәдениетті адамдардың қатарына жатқызады. Алайда сол кісілердің өзі әлгі Станиславскийдің сөзін ескермейтін сияқты. Маңызды шаралар өтіп жатқанда көрермен залына сырт киімдерін шешпей кіреді. Қомыт-қомыт болып отырғандардың көздерінен өнерге деген құштарлықты, өнерпаздарға деген құрметті де аңғара алмайсың. Әлсін-әлсін сағатына үңіліп тыпыршып әзер отырады. Ол аз десеңіз, сол қобыраған қалың киімнің иелері айналасына теріс әсер тудырғанымен тұрмай, даңғырап телефонмен сөйлеседі. Ең сорақысы, орын іздеп әрі-бері сенделгендердің көрерменнің алдынан сыртын беріп өтуі. Орындықтардың арасынан қырындап жылжып бара жатқан адамның бөксесі отырған адамды ыңғайсыз күйге түсіретінін ұят болса да айтуымызға тура келіп отыр. Бұл әрбір адам білуге тиіс қоғамдық мәдениет емес пе еді?! Әсіресе осы қарапайым ғана әдепті әйел адамдар білмейді дегенге сенгің келмейді. Сосын біз сахнадағы өнерпазды тыныш отырып тыңдай алмаймыз. Ән аяқталмай жатып орынсыз қол соға береміз, ол аз десеңіз, ысқырамыз, қышқырамыз, айқайлаймыз, шулаймыз. Өнер иесіне шапалақпен шабыт беріп, қолдау білдірген де дұрыс шығар, әйтсе де әншінің өнерін тамашалауға келген соң тыныштық сақтап, сахнадағы өмірді жанарыңмен жұтып, әуелеген әуенді санаңа сезіммен сіңіре алғанға не жетсін!
Театрды – өнердің мешіті деп жүрміз. Ендеше, мешітке қалай дәрет алып тазаланып барсақ, мешіттегі жамағаттың ортасында қалай әдеп сақтасақ, театр да бізден сол тазалық пен әдепті талап ететінін ұмытпағанымыз абзал.

Қуат АДИС

19 қараша 2019 ж. 1 019 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930