ТАМАҚТАНУ ӘДЕБІ
Мектеп жасындағы балаларда өсу процесі қарқынды жүреді. Сонымен қатар ақпараттың кең көлемділігі және мектеп бағдарламасының қиындай түсуі оқушылардың ақыл-ойына анағұрлым күш түсіреді. Мектеп бағдарламасынан басқа көптеген балалар үйірмелерде, спорт секцияларында қосымша айналысады. Сондықтан дене және психикалық денсаулықты қалыптастыру мен сақтау және мектеп бағдарламасын толық меңгеру үшін оқушылардың тамақтануын сауатты ұйымдастыру өте маңызды. Оқушылардың тиімді тамақтануы инфекцияларға қарсы тұру және басқа да қолайсыз факторларға тұрақтылығын арттырады.
Көп ата-ана оқушының тамақтануы мәселесінде өз талғамы жеткілікті деп санайды. Алайда, дұрыс тамақтану принциптері мен гигиенасының ережелерін білу, түсіну маңызды, оларды сақтау баланың денсаулығын сақтауда маңызды.
Оқушылардың мектептегі тамақтануын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында Қызылорда облысының Жалағаш ауданында «Мектеп асханаларына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен саламатты тамақтанудың ұйымдастырылуы» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Оған мектеп аспазшылары, әлеуметтік педагогтар, кәсіпкерлер мен медицина қызметкерлері қатысты.
Шара барысында «Мектеп асханасында санитарлық талаптардың сақталуы» тақырыбында арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушылар аспазшылардың стандарттарға сай киім үлгілерімен, пайдалануға рұқсат етілген ыдыстар көрмесімен, мектеп асханасындағы тағамдардың қажетті құжаттарымен, асханада тағамдардың көршілестік орналасуымен, мектептегі 4 апталық ас мәзірімен танысты.
Бұдан бөлек, мектеп асханасында заңдылықтардың сақталуына байланысты құқықтық кеңес беру бұрышы қызмет көрсетті. Онда Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары «Мектеп асханасында асты дайындауға қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптар» бойынша, мектеп асханаларында оқушыларға ұсынылатын ас мәзіріне кіргізуге тыйым салынған тағамдар тізімі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге мектеп асханасында кәсіпкерлер мен қызметкерлер арасында келісім шарттардың сақталуы туралы кеңестер, қажетті ақпараттар берді.
Семинар-кеңес барысында тексеру кезінде көп кездесетін бұзушылықтар, сәйкессіздіктерді болдырмау үшін Департамент мамандары мектеп асханалары мен буфеттерде тамақтандыруды ұйымдастырушы жеке кәсіпкерлерге тағам өнімдерінің қауіпсіздігін аспаптық және зертханалық зерттеулерді қоса алғанда, өндірістік бақылауды аккредиттелген зертханалармен келісім шарт жасасу арқылы өз-өзіне бақылауды жүргізуді қамтамасыз ету туралы кеңестер берді.