Дәрі-дәрмек бағасындағы айырмашылық 2019 жылы ретке келеді
Дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің баға айырмашылығы 2019 жылы ретке келеді. Бұл туралы ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабековамен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бірдей дәрілердің кей дәріханаларда арзан немесе қымбат болуына қатысты «СК-Фармация» ЖШС амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту бөлімінің бастығы Батыйхан Алданов мәселенің себебін түсіндіріп, қай уақытта реттелетінін айтты.
«Дәріханалардағы дәрілердің баға айырмашығы қазіргі кезде нарықтық жағдайға байланысты. Оны дәл қазір ешкім реттей алмайды. Әр зауыт өзінің шығынына қарай, өзінің бағасын қойып отыр. Бірақ 2019 жылдан бастап біркелкі жүйеге түседі», - деді Алданова.
Сонымен қатар, отандық дәрі-дәрмек өнімдеріне сеніммен қарауға шақырды. Оның айтуынша, халықта «шетелдік препараттар жақсырақ» деген стереотип қалыптасқан және «түпнұсқа» дәрілер мен олардың аналогатырының айырмашылығы туралы баяндап берді.
«Бұл дәрілерге әке-шешенің егіз баласындай деп қарауға болады. Себебі, оның ішіндегі белсенді заттардың барлығы бірдей. «Оригинал» деп отырған дәрілердің зерттелуіне, шығарылуына көп уақыт және көп қаражат кетеді. Сол үшін бағасы да қымбат болады. Ол дайын болғаннан кейін заводтар, басқа елдер оның патентін сатып алады да, дайын түрде сата береді. Сол үшін олардың бағасы арзандау. Ол дәрілерден қорқудың қажеті жоқ. Олардың әсері бірдей. Бірақ, бізде сондай стереотип қалыптасып кеткен. Францияда шығарылған болса керемет деп, өзіміздікін менсінбей жатамыз. Негізінде олай емес, біздегі зауыттардың барлығы да тиісті өндірістік тәжірибенің негізінде жұмыс істейді»,- деп сөзін толықтырды «СК-Фармация» ЖШС амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту бөлімінің бастығы Батыйхан Алданов.
Марья Айдарбаева
Baq.kz
Baq.kz