ЖҮЛДЕДЕН ЖҰРТЫНЫҢ НАМЫСЫН БИІК ҚОЙҒАНДАР

Осыдан бір-екі жыл бұрын қытай елінде ережесіз жекпе-жектен әлемдік сайыс өтті. Кіл мықтылар бақ сынаған кездесуде өзіміздің қандастар да бар. Қазақтың жекпе-жекке келгенде қарсыласына есе жібермеуі ұрпақ сабақтастығы ма деп қаласың. Мұның да арғы тегін ағыта берсек, тағы тарихқа терең бойлауға тура келеді. Не керек, жаңағы ережесіз спорт түрінен ақтық мәреде қос қандасымыз кездесті. Бірі қазақ елінің атынан шықса, келесісі – алаң қожайыны. Ақтық мәреге дейін қарсыластарын айқын басымдықпен мойындатқан қос қазақ шешуші сәтте бір-біріне қол жұмсамады. Төреші ойын соңына дейін қарсы шабуылға шықпағаны үшін бірнеше рет екеуіне кезек-кезек ауызша ескерту жасады. Нәтиже болмағасын жекпе-жекті тоқтатуға тура келді. Ойынды орта жолда тәмамдаған төреші екеуіне де қызыл қағаз беріп, алаңнан шеттетті.
Міне, жүлдеден жұртының намысын жоғары қойған ерлер деп осыларды айтады. Рас, әлемдік дәрежедегі атақтан айырылған шығар, тіпті біреулерге бұл жүлдеге қол жеткізу үлкен мәртебе екені де өтірік емес. Бірақ жоғары дәрежедегі атақтан ұлттың намысын биік қойған ерлердің дәл осы ерлігі мен үшін одан биік. Олар тек өздерінің бауырмал халық екенін ғана көрсеткен жоқ, тұтас қазақ деген ұлттың қандай текті ел екенін әлемге паш етті. Міне, ұлтты сүю деген – осы.
Былтыр Азия біріншілігінде (ұмытпасам, еркін күрестен болуы керек) Нұрболат Ізімғалиев деген қандасымыз жартылай финалда тәжік палуанымен кездесті. Қарсыласына қарсы шабуыл жасаймын деп иығын шығарып алған палуан медициналық көмекке жүгінді. Жарақатының ауырлығын сезген бапкері палуанның кездесуді жалғастыруына қарсы болған еді. Бірақ оған Нұрболат Ізімғали ерік бермеді. Шығып кеткен иығын қайта салдырып, жекпе-жекті жалғастырды. «Қанжығасында 10 ұпайы бар қандасымыз енді осы басымдықпен шыдас берсе болар еді» деп жалпықазақ жұмыла тақым қыстық. Бірақ жарақаты бар палуанымыз біз ойлағаннан да мықты болып шықты. Қайта-қайта шығарып алған иығына қол сала берген тәжік спортшысын аяқпен орап алып, астына атып ұрғанда боз кілем жиегіндегілер шулап сала берді.
Бұл жерде ойлап қарасақ, спорт саласында әлі талай белесті бағындыру үшін бір кездесудегі мына жеңістен Нұрболат үшін денсаулығы маңызды еді. Бірақ «Менің артымда тұтас қазақ елінің намысы тұр» деп ой түйген қандасымыз өзінен ұлттың намысын биік қойды. Басқаны қайдам, қазақ спортшысының Азия біріншілігінен алған күмісі мен жартылай финалдағы жеңісі мен үшін алтыннан да жоғары болды.
Кеше Испанияның астанасы Мадридте каратеден премьер-лига турнирінің соңғы кездесулері өткен болатын. Спорт саласында қазақтар жарап тұр, мұнда да ақтық мәреге тағы қос қандасымыз жолдама алды. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет етуді отбасында санасына сіңіріп өскен қос қандасымыз финалда кездесуден бас тартып, Қайсар Алпысбай ағасы Дархан Асаділовке жол берді. Спортшы айтатындай бар, кім жеңсе де жеңістің тойы Қазақстанда. Сіздер қалай ойлайсыздар, қос қазақ финалда кездескенде бір-біріне жұдырық жұмсар ма еді? Менімше, әлгі қытай жерінде өткен жекпе-жек мұнда да қайталанатын еді. Қайсар ағасына жол беру арқылы екі жеп, биге шықты. Бір жағынан тағы да өзінің текті елден шыққанын көрсетсе, келесі кезекте алтынды да, күмісті де ел қоржынына салуға жұмыс жасады.
Жалпы спорт саласында өрендеріміздің тәжірибесінен бөлек осындай ел сүйсінер шешімдері бізді де қызықтырды. Міне, Әлихан атамыздың «Ұлтқа қызмет ету үшін қай салада жұмыс жасайтының маңызды емес, бастысы мінез керек» деуінің сыры осында. Елбасы айтқандай, тарихта қазақ ұялатындай ешқандайда оқиға орын алмаған. Бізге міндет – осы сабақтастықты жалғастыра отырып, келер ұрпаққа аманаттау.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ