ТІРЛІГІ АЛҒА БАСҚАН ТІРЕКТІ АУЫЛ
Мәдениеттің тыныс-тіршілігіне бұрыннан қанықпыз, шаруасы шираған ауыл тіректі елді мекендердің тізіміне енгелі еңсесін тіктей бастады. Ұзақ Еспановтай Еңбек Ері шыққан өңірдің ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістігі көп. Соңғы 6-7 жылда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, бүгінде ел игілігіне жұмыс жасап жатыр. Әсіресе спорт саласында байрағымызды биіктен желбіреткен аға-апаларымыздың ізбасарлары осы өңірден көптеп шығуда. Қазір ауыл балалары бұрынғыдай сабақтың біткенін күтіп, кешкілік мектептің спорт залына асықпайды, арнайы өздерінің дайындалатын орны бар. Бірнеше жыл бұрын облыс қазынасынан қаралған 147 млн теңгеге тіректі елді мекеннен спорттық нысан бой көтерді. Зәулім ғимарат ел игілігіне берілгені сол еді, ауыл жастары облыстық, республикалық, халықаралық, қалаберді әлемдік додаларда тек ауданның ғана емес, мемлекеттің мерейін үстем етті. Қуанатынымыз, ел үшін деп қолға алған жобалар жемісін беруде.
Тіректі елді мекенде бір жылда қатарынан үш әлеуметтік нысан бой көтерді. Солардың бірі – 150 орындық ауылдық клуб. Жалпы құны 187 млн теңге тұратын жаңа нысан бүгінде ауылдың мәдениет саласында осыған дейін жеткен жетістігін еселеп тұр. Мұнда жастардың шығармашылығын шыңдауға барлық жағдай жасалған. Он бір маман қызмет ететін мәдени ошақта «Ән», «Би», «Көркем сурет», «Баян» үйірмелері жұмыс жасайды. Аталған үйірмелерде тәжірибе шыңдаған жастардың алды бүгінде осы салада қызмет етуде.
Қазір білім саласын орта мектептен емес, балабақшадан бастау қажеттігін мемлекет жақсы біледі. Сондықтан тәлімгерлер де жаңартылған білім беру мазмұнымен жұмыс жасауға кірісіп кетті. Мәдениет ауылында осыдан екі жыл бұрын ел игілігіне берілген №8 «Балауса» балабақшасының тәрбиешілері аталған бағдарламаны меңгеруге арналған арнайы курстарда тәжірибе шыңдауда. Биыл арнайы курстан өткен бір тәлімгер бұл жүйемен жұмыс жасаудың тиімділігін айтады. Мәселен, бұрын бүлдіршіндер тек тәрбиешінің нұсқауымен тәжірибе шыңдаса, мұнда тек тәлімгер баланы бақылап отырады. Яғни бүлдіршіннің ой-өрісін дамытуда бұл бағдарлама маңызды рөл атқаратын көрінеді. Осыдан екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген балабақша тәрбиеленушілері де аудандық сайыстарда топ жарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, облыс қазынасынан қаралған 268 млн теңгеге салынған нысан да ауылдың білім саласында жеткен жетістігін еселеп тұр. Қазіргі таңда балабақша тәрбиешілері мұнда 90 баламен қамтылған 5 топпен жұмыс жасауда.
Бар болғаны бір жылдың ішінде осындай бірнеше жаңа нысанның пайдалануға берілуі облыста ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға айтарлықтай қолдау барын білдіреді. Бұл нысандар бір жағынан түрлі салаға серпін берсе, келесі кезекте ашылған жаңа жұмыс орындарымен әлеуметтің әлеуетін көтеруге де сеп болып отыр. Ауыл халқының негізгі тіршілігі егін және мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Жалпы Жалағаш ауданы аграрлық аймақ болғандықтан ауыл еңбеккерлеріне егін шаруашылығы жат емес. Мәдениеттік шаруашылықтар жыл сайын Сыр салысынан тау тұрғызып, салаға серпін беруде еселі еңбек етіп келеді. Осыған дейін жалағаштық шаруашылықтардың ауыл әлеуетін көтеруге, өңірді көркейтіп-көгалдандыруда белсенділік танытып жатқанын айтқан едік. Үлкен бастама осы ауылда үздіксіз жүргізіліп келеді. Ақділда Қыпшақбаев, Самат Сарбасов сынды шаруашылық төрағалары «Мемлекет онсыз да көңіл бөліп жатыр екен, бізсіз де ауыл көркейер» деп қарап жатқан жоқ. Керісінше туған жерге деген перзенттік парызын өтеп, қосымша кәсіпорындар мен басқа да түрлі нысандардың бой көтеруіне қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, «Жігер» шаруа қожалығының төрағасы Самат Сарбасов өз қаражатымен ауылдағы имандылық үйінің жанынан 200 орындық асхана салып берді. Мұнан бөлек көлік жөндеу орталығы, асхана, қоғамдық монша мен сауда орталығын салуда. Қазіргі таңда ауыл ішіндегі үлкен кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Келер жылы 200 орындық тойхана салу да жоспарда бар.
Төраға әріптестерінің әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайын шаруашылық еңбеккерлеріне бір баспана салып беруді дәстүрге айналдырған. Ал «Мәдениет» шаруа қожалығының басшысы Ақділда Қыпшақбаев білім саласының дамуына қаржылай қолдау көрсетуден жалыққан емес. Жыл сайын ҰБТ-дан жоғары бал жинаған үш түлекке қаржылай сыйлық тағайындап келе жатқанына 5-6 жылдың жүзі болды. Бұл дәстүр бүгінде әлі жалғасып келеді. Мұнан бөлек ауылдан шыққан екі студенттің қытайда Шығыс медицинасын меңгеруіне де қаржылай қолдау көрсетіп отырғанын осыған дейін де айтқан едік. Қос қарындасымыздың оқу ақысын, яғни жыл сайын 4 млн 500 мың теңгені өзі өтеп береді. Халық қалаулысының мұнан басқа да туған жерге деп жасап жатқан шарапаты мол, оның бәрін тарқата берсек, басылымның бірнеше бетін арнауға тура келеді.
Ауызбіршілік пен ауылға қарасып отыратын елдің егелері аман болса, тіректі елді мекеннің тынысы әлі де ашыла бермек. Бүтін бір ауылдың ынтымақпен, бір-біріне қарайласып күн кешуі көпке үлгі болуы тиіс. Мәдениетке барған біркүндік сапардан біз осыны ұқтық. Ауыл халқы да қарап жатқан жоқ, қазіргі таңда олар да кәсіп ашуға бейім екенін тағы бір аңғартты. Бүгінде осы өңірде 150-ге жуық кәсіпорын бар. Екі мыңнан сәл асатын халқы бар елді мекен үшін бұл үлкен көрсеткіш. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайтынын жергілікті халық жақсы біледі. Түрлі мемлекеттік бағдарламалармен несие алып, әлі де жаңадан іс бастап жатқаны қаншама. Бастысы, тынымсыз еңбектің бәрі Мәдениеттің көркейюіне оң әсерін тигізіп жатыр. Бұрынғыдай емес, қазір тіректі елді мекен еңсе тіктеген.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ