КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙСА, ӘЛЕУЕТ АРТАДЫ
Тіректі елді мекендер айналасындағы басқа да ауылдарға үлгі болуы тиіс. Тіпті, сапалы еңбек етіп, көрші ауылдардың азаматтарын да жұмыспен қамти алатын жағдайға жетуі керек. Әрбір ауылдың басшысы жүйелі жұмыс жасаса ғана біз өңір әлеуетін көтере аламыз. Бірақ, біздегі тіректі елді мекендердің жағдайы осындай талапқа сай ма? мәселенің мәнісі осында жатыр.
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев тың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы мәселе қаралды. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралған басқосуда алдымен тіректі елді мекендердің әкімдері атқарған жұмыстары жайында баяндама жасап, алдағы жоспарымен де бөлісті. Алдымен Аққұм ауылдық округінің әкімі Абзал Ибраев кәсіпкерлік саласы бойынша жүзеге асқан жұмыстарды кеңінен тарқатты.
Бұл тіректі елді мекенде соңғы жылдары әлеуметтік нысандар мен сауда орындарының құрылысы қаланды. Осы ретте ауыл әкімінің кәсіпкерлік саласы бойынша және пайдалануға берілген нысандар төңірегінде шаруашылықтар жұмысын кеңінен тарқатқанымен "Өзіңнің тарапыңнан нендей жұмыстар атқарылды?" деген сауалға жауабы толық болмады. Кәсіпкерлік саласы бойынша жүзеге асқан жұмыстар да жоқ емес, дегенмен, бірқатар берілген тапсырмалар да өз деңгейінде орындалмай отыр. Мәселен, ауыл төңірегінде алкагольді ішімдік сататын 4 дүкеннің бірде-біреуінде әлі күнге дейін рұқсат қағаз жоқ. Сондай-ақ, өткен жылдың басында әрбір елді мекенде кем дегенде 1 жылыжайдан салу жөнінде тапсырма берілсе, бұл жұмыс та тіректі елді мекенде өз деңгейінде жүзеге аспаған. Ал, нысаналы мақсатын өзгертуді қажет ететін 5 дүкеннің біреуінің ғана нысаналы мақсаты өзгерген. Яғни, жұмыстың 20 пайызы ғана орындалып отыр.
Ал, Мәдениет ауылдық округінде 114 кәсіпорын жұмыс жасаса, бұл нысандардан бір жылда 351 мың теңгеден астам ғана салық түскен. Аудан әкімі бұл қаражатты кәсіпорындар санымен алғанда ең төменгі көрсеткіш екенін атап өтті. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлік саласы бойынша да, берілген тапсырмалардың орындалу төңірегінде де қос әкімнің жұмысына өңір басшысы қанағаттанбады.
Ауданда қоғамдық көлік қатынасы бір жүйеге келгенімен такси қызметі өз деңгейінде жүзеге аспай отыр. Мәселен, олардың арасында салықтан жалтарып жүргендер де бар. Қалаға жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушілерінің күнделікті жұмысқа жарамдылығын анықтайтын диспетчерлік орталық тексерістен өткізсе, такси қызметкерлері мұндай тексерістен өтпейді. Жолаушылар тасымалы қызметін жандандыруға қатысты баяндама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусіновке осы жұмыстарды бір жүйеге келтіру қажеттігі айтылды. Аудан мен қала ортасында жүргенде такси қызметкерлері тарапынан жолақыны негізсіз өсіру, жолда жылдамдықты шамадан тыс асыру сияқты бірқатар олқылыққа жол берілетінін өзіміз де көріп жүрміз. Сондықтан, такси қызметкерлерін де тексерістен өткізетін мұндай орталық қажеттігін біз де құптаймыз.
Ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау бағытындағы жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асуда. Атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жасұлан Түйменов елордада өрт салдарынан орын алған жағдайға байланысты аудандағы әлеуметтік нысандар мен жеке үйлерді аралап, пештер мен жылу қазандықтарына тексеріс жүргенін айтты. Сондай-ақ, әрбір тұрғынға қауіпсіздік ережесін сақтаудың маңыздылығы да түсіндірілген. Осы ретте аудан әкімі апаттың айтып келмейтінін және онымен күресу мен алдын алу жұмыстарын әлі де ширату қажеттігін ескертті.
Аппарат мәжілісін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Э.Құттымбетова қорытындылап, бірыңғай жиынтық төлемінің төленуі жайында кеңінен тарқатты. Мұнан кейін қосымша күн тәртібіндегі қос мәселе қаралып, кент келбетіне кері әсерін тигізіп тұрған нысандарды бұзу немесе қалыпқа келтіру туралы берілген тапсырманың орындалуы нақтыланды. Мұндай нысандар ауданда жоқ емес, көп те емес. Одан бөлек, тұрғындар тарапынан құрылыс заттарын көше жиегіне түсіре салу да ауданда көптеп кездеседі. Бұл өз кезегінде кенттің келбетіне кері әсерін тигізсе, бір жағынан кішкентай балалардың зардап шегуіне алып келуі де мүмкін. Мәселен, кент орталығындағы көшелердің бірінде үлкен плита тастар тұр. Өткен сайын оқушылардың оның үстіне шығып ойнап жатқанын көзіміз шалады. Суық күндері тайғақта олардың ойын барысында жарақат алып қалмасына кім кепіл? Аудан басшысы жиында мұндай нысандар мен құрылыс заттарын көше жиегіне түсіре салған адамдарға ескерту қажеттігін атап өтті. Ал, кент, ауылдық округтер бойынша ауыл шаруашылығы кітабындағы мәліметтердің статистикалық мәліметтері жөнінде баяндама жасаған аудандық статистика басқармасының басшысы С.Баймахан елді мекендерден берілген мәліметтердің сәйкес келмейтінін айтады. Осы ретте өңір басшысы жауапты азаматтарға жұмыла жұмыс жасау қажеттігін ескертті.
Жиын соңында аудан әкімі барлық елді мекенде кәсіпкерлік саласының дамуына жұмыс жасалу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, өткен жылдың басында берілген жылыжай салу тапсырмасының орындалуын ширату қажеттігін атап өтті.
К.БАЛҒАБАЙ.