» » КЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ ҰСЫНЫЛДЫ

КЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ ҰСЫНЫЛДЫ

Аудан әкімдігінде мәслихаттың кезектен тыс 32-сессиясы өтті. Басқосуға аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Еспанов, сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.

Алдымен, сессия отырысының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Т.Тулегенов күн тәртібінде қаралатын мәселелерді хабарлап, депутаттар алдында дауысқа салды. Бірінші және екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Баймаханова “2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы” аудандық мәслихатының шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, ол “2016-2020 жылдарға арналған ауданның даму бағдарламасын бекіту туралы” аудандық мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселені ортаға салды.
Мұнан соң кейбір елді мекендердің шекарасын (шегін) өзгерту, аудандық жер комиссиясының құрамы және комиссия туралы ережені бекіту туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бабаназар Байболовтың ұсынысы тыңдалды. Сонымен бірге, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Тасыбай сессияның күн тәртібіне ұсынылған Жалағаш кентінің бас жос­парына өзгеріс енгізу жайын хабарлады.
Барлық хабарламаны жіті тыңдап, жан-жақты талқылаған депутаттар мәлім болған мәселелерге қатысты аудандық мәслихаттың тиісті шешім қабылдауына келісті.
Сессия отырысын қорытындылаған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев биылғы жылы біршама ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтып, келер жылы жүзеге асатын игі бастамаларға тоқталды.
– Биыл да жалағаштық диқандар үлкен сенімнен шықты. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Кент келбетіне көрік берген "Тағзым аллеясы" ашылып, тарихи тұлғалардың ескерткіші орнатылды. Алдағы уақытта бұл алаңның аумағы кеңейіп, өңірден шыққан басқа да елге белгілі тұлғалардың, қоғам және мемлекет қайраткерлердің кеуде мүсіндерін қою жоспарда бар. Ағымдағы жылы біршама ауылдардағы ауыз су құбырын жаңғырту және қайта жөндеу жұмысы, тіректі елді мекендерде бой көтерген әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Атқарылған жұмыс ауқымды, алдағы міндеттер де жоқ емес. Келер жылы кентке газ тарту жайы, аудандық аурухана мен 30 тұрғын үй құрылысы, тағы сол сияқты ауқымды жұмыстар бас­талады, – деді аудан басшысы.
Иә, атқарылған жұмыстардың барлығы халықтың көз алдында. Әсіресе, бұған дейін жауын жауса лай кешіп әбігерге түсетін Нысанбай жырау көшесі тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Себебі, бұл көшеге су жаңа асфальт төселіп, көп жылдан бері шешімін таппаған мәселеге биыл нүкте қойылды. Ал келер жылы кент тұрғындары көгілдір отынға да қол жеткізуі мүмкін. Сондай-ақ, 30 тұрғын үйдің құрылысына қажетті қаржы да республикалық бюджетке ұсынылыпты.
Жиында аудан басшысы кәсіпкерлікті дамыту, ауылдарда жылыжай құрылысын салу мәселесіне тағы бір тоқталды. Айта кетейік, бұған дейін өңір басшысы ауыл әкімдерін бірнеше рет жинап, елді мекендерде жылыжай құрылысын салуға тапсырма берген еді. Басты бағыт – кәсіпкерлікті дамыту. Осыған орай, ауыл әкімдері іс-тәжірибе алмасу бағытында Шиелі ауданына болып, жүзеге асып жатқан тың жобаларды көзбен көріп қайтты. Көршілес өңірдің кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстарына сүйсінген ауыл әкімдері бір-бір жоба дайындауға кіріскен еді.
Сонымен бірге, сессияда аудан әкімі өңірдегі мектептердің 95 пайызы дизель отынымен жылытылатынын айтып, осы мәселені ретке келтіру де күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Енді, келер жылдан бастап бұл бағыттағы жұмыстар да қолға алынбақ.

Н.ҚАЗБЕКОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
24 қараша 2018 ж. 667 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930