» » ӘКІМДЕР ТАЗАЛЫҚТЫ ӨЗІНЕН БАСТАУЫ ТИІС

ӘКІМДЕР ТАЗАЛЫҚТЫ ӨЗІНЕН БАСТАУЫ ТИІС

Дүйсенбіде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Алдымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т.доспановтың баяндамасы тыңдалды.

Мәдениет саласында атқарылған жұмыстарды тізбектеген бөлім басшысының айтуынша, биылғы жылдың 5 айында 708 мәдени-көпшілік шара өткізіліп, оған 72830 көрермен тартылған. Ал, балалар үшін аудандық мәдениет үйлері мен клубтарда 74 үйірме жұмыс жасайды. Бір “әттеген-айы” - осы үйірмелердің кейбірінің материалдық-техникалық базасы толық емес. Клубы келіспеген ауылдың мәдени өмірінен мән кетеді. Яғни, қазіргі таңда Аққыр, Мырзабай ахун елді мекендерінде ауылдық клуб жоқ. Ал, аудандық тарихи-өлкетану музейі, Жаңаталап, Ақсу ауылдық клубтарының ғимараттары жаңалауды қажет етеді. Сондай-ақ, аудандық кітапхана мен М.Шәменов ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу күн тәртібінде тұр.
Аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы саланың жұмысын алға бастыру үшін ізденіс, тың шығармашылық жобалар қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауылдық клубтардың ақылы қызмет жоспарын өз деңгейінде орындауды тапсырды. Бұл орайда ауыл әкімдеріне артылар жүк ауыр. Және де клубы жоқ ауылдарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мәдени ошақтың бой көтеруін қамтамасыз етуі тиіс.
Мәжілісте күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ә.Бақтыбаевтың хабарламасы тыңдалды. Бұл бағыттағы да атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.
– Уақ малдарды кенеге қарсы тоғытатын жалпы 15 ванна бар, барлығыда қарапайым жобада салынған. Жыл басынан бері аудан бойынша 29879 бас уақ мал тоғытылды, сонымен қатар 17829 бас мүйізді ірі қара, 25299 бас уақ эндо-экто паразиттерге қарсы препараттарымен егілді. Аудан бойынша 2 мал сою алаңы, 5 ішкі сауда нысандары, ветеринариялық талаптарға сай жұмыс жасап тұр, күнделікті ветеринар мамандардың бақылауында, – дейді баяндамашы.
Дей тұрғанмен, салада көкейкесті тұстар жоқ емес. Айталық, ауыл шаруашылығы жануарларының дерекқор базасы мен статистикалық мәліметтері бірі-біріне қайшы. Сондай-ақ, аудан көлемінде мал көмінділерінің көпшілігі ветеринариялық-санитарлық талапқа сәйкес келмейді.
Өңірде тазалық айлығы кезінде кең көлемде жұмыстар атқарылды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ө.Елеусіновтің мәліметінше, үш ай көлемінде 14 рет сенбілік ұйымдастырылып, 80 мекемеден 1512 адам күші қатыстырылған. Елді мекендер бойынша тоқталып өтсек, мәселен Аққұм ауылында 6,5 шақырымды құрайтын арықтар тазартылып, 84 текше метр күл-қоқыстар шығарылған. Сондай-ақ, 100 түп ағаш көшеті, 750 түп қаламша отырғызылған. Бүгінгі таңда олардың шығымдылығы 80 пайызды көрсетіп отыр. Және де 60 шаршы метр жерге гүл егілген. Ал, санитарлық талаптарды бұзғаны үшін учаскелік полиция қызметкері 4 жеке тұлғаға айыппұл салған. Кент әкімі Н.Бәйімбеттің хабарлауынша да кенттің көркін келтіру үшін көптеген жұмыстар жасалды. Жоспар бойынша бекітіліп берілген мекемелер өз міндеттерін адал атқарған. Әрине, тазалықты сақтау күн тәртібінен түспейді. Әсіресе, ауыл әкімдері тазалыққа селқос қарап, ыбырсып отыруды доғару керек.
– “Ауылына қарап азаматын таны” деген сөз бар. Үйінің, мекеме ғимаратының айналасын жайнатып қоймаған басшы кімге үлгі болады? Сондықтан, ауыл әкімдері жауапкершілікті күйшейтіп, тынбай жұмыс жасасын, – деді аудан басшысы.
Мәжілісте, сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғ.Телібаев баяндама жасап, баспасөзге жазылу науқаны бойынша мәліметтерімен бөлісті. Күн тәртібіндегі соңғы мәселеде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Э.Құттымбетованың хабарламасы тыңдалды. Ол мәртебесі анықталмаған азаматтарды өзектендіру және бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жауапты адамдарға тиісті тапсырмалар жүктеп, нәтижесі қатаң сұралатынын айтты.
А.ҚАРА.

23 маусым 2018 ж. 735 0