ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН АРУЛАР
Жыл сайын студенттердің басын қосып, өнер мен оқудың, тәрбие мен сұлулықтың таразысын тең ұстайтын нағыз аруды анықтайтын Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті биыл да дәстүрден жаңылмады.
“Университет аруы – 2018” байқауының бірінші сынынан сүрінбей өткен он бес ару енді жәрмеңкеде бақ сынады. Қолдан пісірілген тағамдар, өз идеяларына сүйене отырып жасаған сусындар, тоқылған бұйымдар, бөбектерге арналған киімдер жиналған көпшіліктің назарына ұсынылды.Қатысушыларға қолдау білдіріп, өнімдерін сатып алуға келген адамдар саны да өте көп болды. Сынға түскен қыздардың арасында қолөнер бұйымдарын жасаумен, кондитерлік тағам пісіру түрлерімен кәсіби түрде айналысатындары да бар.
Іңкәр Әбдірайымова –“Ағылшын және корей тілі” мамандығы бойынша үшінші курста оқиды. Кішкентай кезінен тағамдар пісіруге қызығушылығы бар Іңкәр “ШЕФ” аспаздық студиясын ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Онда түрлі шеберлік сағаттарын өткізіп, мерекелік кештерге тапсырыс қабылдайды. Аталмыш шараға әкелген тәтті тағамдары да түгелдей сатылды.
Байқауға қатысушы қыздар тек сұлулық жағынан сынға түспейді. Оларға күн сайын психологиялық сабақтар мен ұлтымыздың салт-дәстүрлері, тәрбиесі, мәдениеті жайлы дәрістер оқылады.
Назира Аймаханова – Қорқыт ата атындағы ҚМУ Тәрбие жұмыстары және жастар саясаты басқармасының маманы, “Қыз Жібек” қыздар ұйымының төрайымы, психолог:Бұл шара жыл сайын университеттің қолдауымен, “Қыз Жібек” қыздар ұйымының ұйымдастыруымен өтеді. Негізгі мақсаты – қатысушы қыздарды бауырмалдыққа, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке үйрету. Қолынан іс келетін қыздарды өздерінің кәсібін ашуға баулу. Бұл – ата-анамен баланың да қарым-қатынасын нығайтады. Өйткені, жәрмеңкеге қойылған өнімдерді даярлауға отбасы мүшелері де көмектескен.
Бірнеше күнді қызу дайындықпен өткізген арулардың ішінен тек жүзден жүйрік шыққан оны ғана ақтық мәреге жолдама алады. Алдағы жауапты сынға қатысушы қыздарымызға сәттілік тілейміз.
Жансая ҚЫДЫРБАЙ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті