Ешқашан бос отырушы болма!
Мұсылман адам бос отырудан сақтанғаны дұрыс. Қолы қалт етсе, кітап оқып білімін арттыруға, аят, хадис, дұға жаттауға, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындауға, туыстарын зиярат етуге, жетім-жесір, кедей-кембағалдарға көмектесуге, жақсылық жасауға, мамандығын жақсы игеруге, қазалары мен қарыздарын өтеуге, араз адамдардың арасын татуластыруға, т.б. мәнді әрі пайдалы істерге жұмсауға дағдыланған дұрыс. Өйткені, мұсылманның түсінігінде өмір − шектеулі, уақыт − қысқа.
Алла елшісі бұл турасында былай деген:
«Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл:
Өлмей тұрып өмірдің,
Ауырмай тұрып денсаулықтың,
Қартаймай тұрып жастықтың,
Кедейленбей тұрып байлықтың,
Көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!» (Әбу Нуаймнан).
Адамзаттың ардақты ұстазы хазірет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқашан қолы бос отырмаған. Айша анамыз (р.а.) бұл жайлы «Үй ішінде ешқашан қолы бос отырғанын көрмедім» деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қолы босап қалуы мүмкін емес те еді. Өйткені, Жаратушы Иеміз оған.
«Босағаныңда дереу қайта жұмысқа кіріс. Раббыңа құлшылық жаса» (Шарх сүресі, 7-аят)демеп пе еді?! Бұл барша мұсылмандарға да берілген бұйрық. Яғни, «Әй, мұсылман! Ешқашан бос отырушы болма! Бір істі бітірсең, екіншісін баста. Діннің бір амалын бүтіндесең, дүниелік бір ісіңмен айналыс. Дүниелік бір ісіңді тәмамдасаң, діни бір амалды қайта қолыңа ал. Тәннің бір қажеттілігін өтесең, жанның бір азығын қамда. Өз ісің бітсе, жақындарыңды еске ал. Содан кейін қоғамның, мұсылман үмбетінің қажетіне жарайтын іс қыл. Сонда сенде бос уақыт деген болмайды» дегендік.
http://elana.kz/