» » ЕҢБЕК АҚТАЛМАДЫ, МАҚСАТЫ ОРЫНДАЛСА ЕКЕН

ЕҢБЕК АҚТАЛМАДЫ, МАҚСАТЫ ОРЫНДАЛСА ЕКЕН

Қазіргі ауа райының қолайсыздығынан жолда бұрынғыдай әрлі-берлі жүре беруге де қорқасың. Ағамның баласы спорттық сайыста бақ сынауға бел буған екен, жарыс облыс орталығында өтеді. Сол күні тасжолдың бойы көктайғақ болды ма білмеймін, әйтеуір Жалағаштан Қызылордаға қатынайтын такси де, автобус та болмады. Бір жағынан «Қауіпсіздік үшін бұл да жөн шығар» деген оймен отарбаға отырдым. Мен спорттық кешенге жетемін дегенше інім қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға жолдама алыпты бірақ бір әттеген-айы жеткен межеміз де сол болды. Бұл жақтан шыққан бойда бірауыз пікірлесу үшін Шиелі ауданынан келе жатқан әріптес ағамды күтуге тура келді. Осылайша Күләш апамыздың атындағы көшеге қарай бет алдым. Қоғамдық көліктен түскенім сол еді, Сыр жұртшылығы «Сарқырама» деп атап кеткен тасарықтың тұсындағы жиекжолда тура бір ауылдағы төбешіктердей үйілген тұрмыстық қалдықтарды көзім шалды. Жаңағы қалдықтар қозғалғандай болды, желдің әсерінен деп ойладым. Бірақ аздап бет тоңдырардай аязы бар демесең, қай жағымнан да қарсы соққан желдің өтін байқамадым. Жақындағанда барып ар жағында алпыстың асқарына шыққан апа барын аңғардым.
– Саламатсыз ба, апа!
– Өркенің өссін қарағым!
– Апа-ау, мұншама сусынның босаған құтыларын қайда алып барасыз?
– Ее, қарағым, күн көрістің қамы ғой.
– Қайда барасыз, әкеліңіз, мен апарып берейін.
– Қой, қарағым, үлкен жігіт бол, өзім алып барамын ғой. Күнделікті үйреніп қалған жұмыс. Азаннан кеш қарайғанша үш мезгіл қатынаған апаңа бұл не тұрады тәйірі.
Қоярда-қоймай апамның қолындағы жүкті иығыма аттым. Жәй ғана сусындардан босаған пластмасса құтылар демесең, әй ана сабазыңның салмағы бір 30 келі бар-ау. Сонымен не керек, баратын межеміз 1 шақырымдай қашықтықта екен. Апамды әңгімеге тартып жол қысқартпасам, арқамдағы жүк иығымды қиып барады. Бір жағынан ойлап қоямын, жаңа бұл кісі күніне үш мезгіл қатынаймын деп еді, оның үстіне мұндай қалдықтарды алдынан ешкім жинап қоймайды екен. Тойханалар мен сауда орындарының табалдырығын тоздырып жүріп теретін көрінеді. Әй жалқаумыз ғой, бір көшенің бойымен жарты сағаттай жүргенге жанаярмыз, ал апамның шықпаған жаны. Жалпы ана атаулыға қандай мадақ сөзге толы айдар тақсаң да артық болмайды ғой. Бүгінгі кейіпкеріме қарап осындай ой түйдім. Бір сәт «Балам анау жолақпен өтейік» деген кейіпкерімнің сөзі ойды бөлді. Аңдап-бақсам, орта жолға да келіп қалыппыз. Мұндайда отбасынан бөлек қарт кісіні қандай әңгімеге тартасың, олай етейін десем, бір жағынан көңіліне кірбің түсірем бе деп тағы жүрексініп келемін. Басынан аяушылық көзбен қарамай, еркін әңгіме айтып келе жатқаным да сол еді. Бір уақытта апамның өзі бастады.
– Ее, қарағым, жетіскеннен осылай етіп жүр дейсің бе, бәрі күн көрістің қамы ғой.
– Апау-ау, бала-шаға қайда?
– Ұл-қыздарым бар. Бір ұлым бірнеше жыл бұрын қайтыс болды.
– Ағам қайда?
– Ағаң екі жыл бұрын “түйе қарап” кеткен.
– Алдынан жарылқасын!
– Аумин қарағым, айтқаның келсін!
Екеуара диалогты біз келе жатқан жол бойындағы көліктің дабылы бөлді. Бізге басып жатқан жоқ шығар деп ойладым, олай болған күннің өзінде «Жиекпен жүріңдер» деп зекитін шығар дедім. Байқасам, бақсам бақа екен дегендей, әлгі темір тұлпар тізгіндеген жас жігіттің ойы мүлде басқа екен. Көліктен түсе салып:
– Апа, саламатсыз ба! Алдағы жаңа жылыңыз құтты болсын, аз да болса, көптей көріңіз, мерекеде бір кәдеңізге жаратарсыз – деп алақанына ақша салды. «Сізге де Алла разы болсын. Бағанадан жолдың бойында байқап келемін, апама мен де қандай жақсылық жасасам болады деген ой маза бермей арттарыңыздан еріп келе жатып, қабылдаған шешімім осы болды», дейді.
«Адамның жаманы болмайды» деген рас қой. Тек бізге бір-бірімізді жығылғанда жұмыла көтеру жетіспейтіндей көрінеді маған. Әр адам жақсылық жасауды өзінен бастаса, оған еретіндер де, еліктейтіндердің де қатары қалыңдай түседі екен ғой. Тағы да ойымды кейіпкерімнің сөзі бөлді.
– Балам, осы жерден бұрыламыз.
– Апа, сіз абайлаңыз, қазір бізде рөлге отыра салып көзі көрмей кететіндер көп. Мына жаяу жүргіншілер жолағына да тым сене бермеңіз, мұндай жерлерде де оқыс жағдайлар орын алып жатыр. Көшеден өтерде жан-жағыңызды бір барлап алыңыз.
– Білемін ғой, қарағым.
– Бір ұлым қайтыс болған дедіңіз, ал екіншісі қайда?
– Екіншісі ғой қайтыс болған, біріншісі аман Аллаға шүкір. Бірақ...
Болса да түскен көңіл түсті. Енді шегінерге жол жоқ екенін түсіндім де, соңына дейін апамның жағдайын білмекке бел будым.
– Ол қайда қазір?
– Сол баламның қолындамын, балам іш­­кі­лікке салынғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Алла осындай қызды тәрбиелеген ата-анасына разы болсын, келінім жақсы. Немерелерімді жетім деген жаман атқа қалдырмаймын деп бірге тұрып жатыр. Келінім жұмыста, мен зейнет жасындамын. Оның табысы мен менің зейнетақым отбасымызды асырауға жетеді. Тек алпыс­тан асқан анасының орта жастан асса да еңбектенген адамның қор болмайтынын балам бір күні түсініп, қайта қалпына келе ме деген оймен жүрмін. Қысқасы, сабақ алсын деген мақсат қой, балам.
Көзімнен еріксіз аққан жасты апам көрмесін деп сырт киімімнің бас жамылғысын қалпағымның сыртынан іле салдым. Міне, отбасылық тәрбие деген осы ғой. Әй, бірақ одан тағылым алатын бала болса қанекей... Ішкі түйсікпен бір арпалысып, әрбір сөзі ой салған апамды бір тыңдап, межелеген жерге де жетіп қалыппыз.
– Балам, осы жер ғой бос құты қабылдайтын. Қап, мыналар бүгін жұмыс істемейді ма, есігі жабық қой. Қазір мен ар жағынан үйіне барып көрейін.
«Өзіміз әрең жеткенде апама обал болды-ау. Жаңа орталықтан шалғай жатқан мөлтек аудандардың бірінде тұратынын айтып еді. Мұнша құтыны енді қалай қылады? Қазір бос құты қабылдайтын орын бүгін жұмыс істемесе, ақшасын өзім бере салайын, ойша есептеп әрі кетсе 2-3 мың теңге болар» деп қоямын. Осы уақытта арғы қабырғадан апам артынан ердің жасын еңсерген бір ағамызды еріте келді. Тұтынушының:
– Бұл есік жабық болса, мұнан былай үй жаққа әкеле беріңіз, балалар қабылдай береді ғой, – дегенде апам үшін қуанып кеттім.
Бұл бос құтылардың да көлеміне қарай бағасы әртүрлі болады екен. Кішкентайын 3 теңгеден, ал 5 литрліктерін 4 теңгеден алды. Не керек, сонша жерден иық талып, арқалап келген жүгім 1483 теңге болды. Барлығының бағасын естіп менің көңілім түсіп кетті, ал апам мәз. Қанша дегенмен жасы бар кісі ғой, ойымды көзімнен аңғарып қойды-ау. Бетіме күле қарап:
– Не болды, өңің қашып кетті ғой, еңбек ақталмады деп келе жатсың ба? Ештеңе етпейді, бағана айттым ғой, мұның бәрі балам сабақ алсын деген ниетпен жасалған жұмыс деп.
Апамның еңбегі ақталмады деп ой түй­генім рас еді. Сондықтан бағана «Мына дүкен жабық болса қалтамнан өзім төлей салармын» деген қаржымды мен де қолына ұстата салдым.
– Апа, алдағы мерекеңіз құтты болсын. Әлгі бала айтқандай, мұны да мейрамда бір кәдеңізге жаратарсыз, – деп жатырмын.
– Ойбой, балам-ау, сонша неге әуре бо­ла­сың, сенің осы жерге дейін маған берген жәрдемің де жетер еді ғой.
Өзі тым қанағатшыл, ауызын ашса ақыл аққан апамның бойы тұнған тағылым. Тек содан тәлім алар жан болса ғой. Бағана еңбегі шын ақталған жоқ. Енді мақсаты орындалса екен. Қарт кісіні басында көрген жерге жетемін дегенше Алладан соны ті­ледім. Ал ол босаған қапшықтарына қай­та­дан бос құтыларды толтыру үшін тағы бір қоқыс жәшігінің қасында қала берді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

24 желтоқсан 2019 ж. 389 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930