» » Жалағаш аудандық сотында Билер кеңесі мүшелерімен 2019 жылдың ІІ-ші жартыжылдығында жоспар бойынша атқарылған іс- шаралары

Жалағаш аудандық сотында Билер кеңесі мүшелерімен 2019 жылдың ІІ-ші жартыжылдығында жоспар бойынша атқарылған іс- шаралары


Бұрын араздасқан ағайындар арасындағы жанжалға ауылдың үлкендері араласып, туындаған дауды шешіп отырған. Қазіргі кезде дау да, кикілжің де жиілегенін аудандық сот деректерінен де аңғаруға болады.
Ресми дерек бойынша өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, алимент өндіру, сондай-ақ, тұрғын үй, жер, мүлік даулары боп келеді. Оған дәлел соңғы кездері сотқа келіп түскен арыздардың басым көпшілігі осы мәселе төңірегінде болып отыр. Осыларды ескере отырып, биыл өңіріміздегі беделді сөзі салмақты қарияларды іріктеп билер кеңесі құрылған болатын. Билер кеңесіне Қоғамдық кеңес төрағасы К.Сүлейменов, еңбек ардагері Х.Кәметов, кәсіби медиатор М.Хайдаров, Аналар кеңесінің төрайымы Ә.Мәдиева, сот ардагері А.Тоғысова бес адамнан құралған мүшелері бекітіліп, жұмысын бастады.
Атап айтар болсақ, Ағымдағы жылдың шілде айында «Аудан тұрғындары арасындағы әлеуметтік, діни және өзге де жанжалдарды шешу кезінде практикалық көмек көрсету» деген тақырыпта жиын өткізілді. Аталмыш шара барысында Облыстық ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» аудандық бөлім меңгерушісі А.Байқабылов, бүгінде халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір күйінде тұрғанын, Конституция діни сенім бостандығына кепілдік беретінін, алайда шексіз еркіндік деген болмайтынын, барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс екенін, осы тұрғыда кейде азаматтардың арасында діни ұстанымдарына байланысты өз отбасында, түрлі қоғамдық орындарда дау-дамай туындатып, соның салдарынан сотқа жүгінетін фактілер де орын алып жататынын, ол үшін әрбір азамат жан-жақты сауатты болып, толерантты, зайырлы көзқарасты ұстанымда болу керек екенін айтып, дін және қоғам, зайырлылық қағидаттарын, ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын, ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын, сондай ақ жат ағымдардың қауіптілігі және одан сақтану жолдары туралы дәріс оқыды. Сонымен қатар іс-шара барысында билер кеңес мүшесі К.Каметов, бүгінгі қозғалып жатқан тақырып өте орынды екенін, аталған тақырып бойынша өз ойын айтып өтті.
Бұдан кейін «Татуласу-адамгершілік іс» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Іс- шараны аудандық сот төрағасы А.Мизанбаев ашып, бірқатар мәселелерді ортаға салды.
– Біздің қоғамда дау-дамайды тек сот арқылы ғана шешу керек деген көзқарас қалыптасып, санамызда берік орын алған. Сәл дау туындаса, дереу сотқа жүгіреміз. Ащы болса да шындық қымбат. Даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі тараптың талаптарын бірдей қанағаттандыру мүмкін емес. Даулар заңдарға сәйкес шешілуі тиіс. Мысалы, отбасы, ағайын, дос-жаран, көрші-қолаң арасындағы даулар сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Бір сәт ой елегінен өткізіп көрейікші. Сотқа арыз бердік делік. Әрине сотқа жүгіну – заңды құқығымыз. Десек те берген арызымыздың одан әрі қаралу жолы қандай болмақ?
Біріншіден, біраз уақыт әуре-сар¬саңға түсеміз. Іске нүкте қойылғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтуі мүмкін. Шағымдар облыстық, тіпті Жоғарғы сотқа жетіп жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді. Екіншіден, сот – үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейміз, сот шығынын өтейміз, жол қаражаты бар, заңгерлерді жалдаймыз. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес. Дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінсек, оларда дауды шешу уақыты бізден де ұзақ, сот шығыны бізден де қымбат. Сондықтан оларда даудың саны көп емес. Себебі шетелдіктер сотқа барарда жүз ойланып, мың толғанады. Үшіншіден, осыншама қиындықтан өтсек те дау пайдамызға шешілетініне ешкім кепілдік бермейді. Керісінше, туған-туыс, дос-жаран, қыз¬меттесімізбен екі арадағы қарым-қа¬тынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқ¬сан келеді. Ұзақ жыл қасықтап жинаған абыройды бір сәтте шөміштеп төге салған кімге пайда?!
Себебі сот – дау алаңы. Ондайда абырой-беделді, адамгершілік пен имандылықты жиып қойып, амал жоқ, айтысуға, таласуға, тартысуға мәжбүр боламыз. Көп жағдайда ашуға беріліп, бір-бірімізге ауыр сөздер айтамыз. «Ашу – дұшпан» дегендей, кешегі туыстар бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы мүмкін. Даудың алдын алу үшін, қандай да бір құқықтық қарым-қатынас жасаудың алдында, олар кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінгендері жөн. Ал дау туындағанда ең дұрысы, татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі тарап та ұтады. Уақыт пен қаржы үнемделеді. Көршілестік, туыстық, достық қарым-қатынас нығаяды. Жүйкеге салмақ түспейді, абырой-беделіміз сақталады, деді ол.
Семинар соңында дау дамайды алдын алу мәселелерге қатысты пікір алмасып, сауалдарға жауап алды.
Одан кейін «Билер төрелігі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді.
Жалағаш адандық сотының судьясы Т.Қ.Темірбаев сөз алып
– Би-көсем ол көпті көрген, яғни «көре-көре көсем болған», көкірек көзі қиядағыны шалатын, ойы орамды, көнені ғана көріп қоймай, болашақты да тап басып, болжам жасай алатын, әрдайым халық көңілінен шығатын жан болуы керек.
Би-шешен ол-сара сөздің саңлағы. Бірде астарлап, бірде мысқылдап, сүйектен өткізіп, мақтамен бауыздап, қажет жерінде қара тасты қақ айырып түсерлік семсерден бетер от ауызды. Орақ тілді ұшқыр сөз зергері.
Би-дау-жанжалға билік айтушы адам. Би халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білумен бірге сөз таласында шешендігімен, даулы істі қарауда тапқырлығымен дараланып, ел ішінде беделді тұлға болуы тиіс. Өнегелі қарияларымыз ер балаларға «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деп тегін бата бермеген. Билер билік шығару және оның орындалу әдістерін белгілеуде тараптардың тең құқықтарын сақтап отыруы керек.
«Көшпелі қазақ қоғамының билер соты тарих қойнауында қалса да, оның беделі мен мәртебесі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отыр. Ұлттық тарихымыздағы асыл қазыналарымызды зерттеу, оның шынайы нәтижелерін жарыққа шығару қай ұрпақ үшін де жоғары міндет болып саналады.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық сана мен ұлттық болмысты жандандыру көзделген. Ауданымызда билер кеңесі ашылды, жұмыс жасап жатыр. Билер сотын жаңғырту жұмыстары әрбір елді-мекендерде де жүргізілу қажет. Оның басты мақсаты-жастарға бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беру, адасқандарды жолға салып, оларды жат қылықтардан аулақ болуға үйрету, ауыр емес қылмыстарды сотқа жеткізбей шешуге қол жеткізу болып табылады. Билер кеңесінің атқарар ісі ауқымды, ал оның халыққа тигізер пайдасы да аз болмайды деді ол.
Одан соң Жалағаш аудандық сотында «Ашық есік күні» өтті. «Ашық есік күні» шарасы аудандық соттың судьясы Т.Қ.Темірбаевтың, билер кеңесінің өкілінің қабылдауымен өтті. Шараға жеке кәсіпкер азаматша У. келіп, өзі базарда зат сатып, бала шағасын асырап отырғанын айтып, қарызды заттай алып ақшасын қайтармай жүрген азаматтардан ақшасын қайтару жолдарын шешу мәселесін сұрады. Аудандық соттың судьясы Т.Қ.Темірбаев қойылған сауалға сәйкес заң талаптарын түсіндірді.
Дөңгелек үстел соңында шараға қатысушылар тақырыпқа сай пікір алмасып, сауалдарға жауап алды. Жалпы жыл басынан бері аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде 20 дан астам мақала және фейсбук әлеуметтік желісінде Жалағаш аудандық сотының Билер кеңесінің атқарған іс шаралары жөнінде хабарламалар жарияланды. Алдағы уақытта да Билер кеңесі жұмысының сапасын арттырып, одан әрі өз жалғасын таба беретін болады.

Гүлзия Байгенжиева,
Жалағаш аудандық сотының маманы







31 желтоқсан 2019 ж. 608 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930