» » МӘСЕЛЕНІ СОТҚА ДЕЙІН ШЕШКІҢІЗ КЕЛСЕ...

МӘСЕЛЕНІ СОТҚА ДЕЙІН ШЕШКІҢІЗ КЕЛСЕ...

Бұрын араздасқан ағайындар арасындағы жанжалға ауылдың үлкендері араласып, туындаған дауды ауыл ақсақалдары шешіп отырған. Шешендік сөзбен шиеленіскен дауды өршітпей, екі жақтың да уәжін тыңдап, ортақ шешімге келтірген. Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Оған бірден-бір себеп, нарықтық қатынастардың орнауы және халықтың құқықтық сауаты мен талабының артуы. Кез келген ұсақ-түйек дау-шармен ел сотқа жүгінетін болды. Бүгінде, дау-дамайды сотсыз, екі жақтың мәселесін мәмілегерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жолын ойластырып, арнайы заң да қабылданды. Осыдан 7 жыл бұрын ҚР «Медиация туралы» заң күшіне енді. Сол уақыттан бері ауыл-аймақтарда аузы дуалы ақсақалдар ішінен кәсіпқой емес медиаторлар бекітілді. Біздің өңірде де мұндай мамандар 30-дан асып жығылады. Десе де, бүгінге дейін олар дауды шешуге білек сыбана кірісе қойған жоқ. Мұның себебі жуырда Қаракеткен ауылында аудандық соттың төрағасы Асылхан Мизанбаевтың қатысуымен өткен жиында талқыланды. Басқосуға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, «Қоғамдық келісім» КММ-ның сарапшысы Гүләйім Мәлік пен кәсіпқой емес медиаторлар, ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындар қатысты.
– Жалпы, біздің халық дау, сот деген дүниелерден алшақ жүргісі келеді ғой. Қазақ басын дауға қалдырмауға тырысқан. Сол себепті жұртқа қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, медиация бұл ата-бабамыздың салтында, дәстүрінде болған институт. Қазақта кез келген дауды шешудің әдіс-тәсілдері көп болған. Соттың міндеті қара қылды қақ жара отырып, заң жүзінде кінәліні жазалау болса, ол кездегі дауларды шешетін тұлғаның мақсаты тек екі жақты татуластырып, ертең екеуі бір-біріне алакөз болмауын, кейін қайта жауласпауларын қамтамасыз ету болған. Медиация заңы біздің болмысымызға сәйкес азаматтардың мүдделерін аяққа таптамай, керісінше екі жақтың да ақ батасын алатындай дәрежеде жұмыс жасайды деп сенемін. Медиацияның мақсаты да сол. Біріншіден, дауды шешуде екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу болса, екіншіден, екі тарап арасындағы белгілі бір даулы мәселені сотқа дейін шешу. Осы мақсат-міндеттерін қолдана алсақ, біраз азаматтардан түскен арыз-шағымдарды оңтайлы шешуге зор мүмкіндік болмақ, – деді А.Мизанбаев.
Өткен жылы аудандық сотқа түскен істердің басым көпшілігін ұсақ-түйек дау-шарлар құраған. Оның ішінде, сотта істі қарау кезінде тараптардың медиaциялық шарт жасауымен қысқартылғаны да бар. Сандарды сөйлетсек, медиация тәртібімен 56 қылмыстық іс, 58 азаматтық іс және 39 әкімшілік іс қысқартылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда медиация заңы бойынша бітімге келушілердің қатары көбейгенін көрсетіп отыр. Десе де, ауыл-аймақтарда медиаторлардың рөлін әлі де арттырып, мұны халыққа кеңінен насихаттау қажет. Ауыл халқының басым көпшілігі дау-жанжалды сотқа жеткізбей-ақ, медиацияның да көмегімен шешуге болатынын білгеннің өзінде, медиаторларды қайдан табуға болатынын, олардың алдына не мәселемен бару керектігін әлі де жетік білмейді. Өйткені, бұл саланың насихаты аз. Сол себепті, көпшілік медиаторлардың көмегімен тығырыққа тірелген шаруасының шешілетінінен әлі де хабарсыз және толық сене қоймайды. Мамандардың сөзінше, кәсіби емес медиаторларды оқыту, біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
– Өткен жылы 4 медиатор арнайы оқу курсынан өтіп, сертификат алды. Оларды оқыту биыл да жалғасатын болады. Ал, кәсіби емес медиаторлар отыратын кеңсе ашуға ұсыныстар берілген болатын. Бұл мәселе де жолға қойылды. Қазіргі таңда, медиация жұмысын дамытуға басымдық берілуде. Осыған орай, ауылдық округтердегі медиаторлардың қатарын толықтыру көзделіп отыр. Мәселен басқа аудандардағы елді мекендерде кәсіби емес медиаторлар саны біздің өңірден көп. Ал біздегі әр ауылдарда тек 1-2 ғана медиатор тіркелген. Бұқарбай ауылында ғана 4-еуі бар. Араздасқанға ашара болып, дауды сотқа дейін шешуге аузы дуалы, ауылға сыйлы ақсақалдар көбірек атсалысса деген ұсынысым бар, – деді сарапшы Г.Мәлік.
Жиынды қорытындылаған аудандық сот төрағасы Асылхан Абитханұлы ауыл ақсақалдарының ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, алдағы уақытта да медиация заңын жетілдіру бағытында тиісті жұмыстар жасалатынын айтты.
Н.ҚАЗБЕКОВ.
31 наурыз 2018 ж. 979 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930